"Болашақ" түлектеріне Қазақстанға оралмауға рұқсат етілмек

4920

Аталған бағдарлама ашылғалы қанша адамның стипендиясынан айрылғаны анықталды.

"Болашақ" түлектеріне Қазақстанға оралмауға рұқсат етілмек Фото: canva.com

Қазіргі талап бойынша "Болашақ" стипендиясы көмегімен шетелде оқығандар елге қайтып келіп, кем дегенде 3-5 жыл елге қызмет етуі шарт. Әйтпесе заң бойынша оқуға жұмсалған мемлекет қаржысын толық көлемде қайтаруға міндеттеледі. Қайтара алмаса, кепілге қойылған мүлкі, мысалы, ата-анасының пәтері сот арқылы алып қойылады.

Дегенмен, Саясат Нұрбек басқаратын Ғылым және жоғарғы білім министрлігі бұл тәжірибені өзгертуге, бұрынғы қатаң талаптан бас тартуға ниетті. Сонда оқу құнын өтеу үшін "болашақтықтарға" Қазақстанға оралудың да қажеті болмайды, шет елінде әрі қарай қала береді.

Бірақ олар Біріккен ұлттар ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық, Дүниежүзілік сауда, сондай-ақ Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Шанхай ынтымақтастық пен Түркі мемлекеттері ұйымдары, Еуразиялық одақ, ТМД, ҰҚШҰ және басқа да қаптаған ұйымдардағы Қазақстанның өкілдіктеріне жұмыс істеуге тиіс болады.

Қазіргі кезде Қазақстан 60-тан астам халықаралық ұйымның толыққанды мүшесі. Республика бір ғана БҰҰ-да 28 агенттік, қор мен бағдарламаға кіреді. Демек, шетелде қалуды қалағандардың бәріне орын жететін көрінеді.

Осыны заңдастыру үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі "Үміткерлерді іріктеу қағидаларын бекіту және "Болашақ" халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарын айқындау туралы" Үкіметтің қаулысының жобасын әзірледі.

Ондағы жаңашылдықтардың біріне сәйкес, "болашақтықтарға" білім қарызы мен парызын Отанында емес, шетелде жүріп өтеуге рұқсат беру ұсынылған. Үкімет басшысы Олжас Бектенов бұл тәсілді қабылдаса, онда бастама Үкімет қаулысы түрінде жүзеге асуы әбден мүмкін. Ол үшін Саясат Нұрбек Парламенттен рұқсат сұрамайды.   

"Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлі артқан сайын, ел түрлі көпжақты бастамалар мен ұйымдарға белсенді қатысуда. Қазақстанның осы құрылымдарға мүше болуы Президенттің жүргізіп отырған саясатына негізделген. Ол халықаралық байланыстарды нығайтуға және мемлекетіміздің жаһандық мәртебесін арттыруға бағытталған. Бұл ретте "Болашақ" бағдарламасының көптеген талантты түлектері БҰҰ, БҰҰДБ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, басқа халықаралық және аймақтық ұйымдарда өз білімдері мен дағдыларын тиімді пайдаланып жатыр. Осы мамандардың халықаралық аренада Қазақстан мүдделерін ілгерілетуге қосқан үлесін ескеріп, олардың аталған ұйымдардағы еңбек қызметін "міндетті жұмыс өтелу" (обязательная отработка) талаптарына сәйкес деп тану орынды", – деп мәлімдеді Ғылым және жоғарғы білім министрлігі.

Сонымен қатар, ведомствоның түсіндіруінше, "Болашақ" бағдарламасының түлектеріне акциялары, қатысым үлесі Қазақстанға немесе ұлттық компанияларға тиесілі шетелдік ұйымдардың шетелдегі филиалдарында жоғары жалақылы жұмыстарда істеп те стипендиясын еңбекпен өтей салуға мүмкіндік беріледі.

"Болашақтықтар" Қазақстан келісімдерін ратификациялаған халықаралық және өңірлік ұйымдарға қағаз жүзінде орналасу арқылы Отанға оралып, елге еңбек сіңіру міндетінен құтылып кетуі мүмкін.

"Кейбір жағдайларда бағдарламаның түлектері халықаралық ұйымдарға Қазақстан Үкіметі ұйымдастырған қызметтік іссапар-командировкалар аясында, Үкіметтің бастамасымен жұмыс істеуге жіберіледі. Осы жағдайлар да ескеріледі. Ұсынылған өзгерістер "Болашақ" түлектерінің әлеуетін еліміздің игілігіне тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, сонымен бірге бағдарлама талаптарын орындауды қамтамасыз етеді", – деп сендірді Саясат Нұрбектің командасы.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі ережелер бойынша түлектер міндетті түрде Қазақстанға оралып, Астанада немесе республикалық маңызы бар қалада – кемінде 5 жыл, ал, басқа өңірлерде, соның ішінде облыс орталықтарында – 3 жыл еңбек етуге міндетті.

Осы орайда бір кілтипан анықталып отыр: кейбір "болашақтықтар" адалдық емес, арамдық танытып, тамыр-таныстықпен ауыл-аймақта әлдебір жұмысқа қағаз жүзінде орналасады. Шынында, өзі Астанада не Алматыда ұлттық компанияда, басқа да майшелпек жұмыста табыс табады. Сол арқылы стипендиясын еңбекпен өтеу мерзімін бестен үшке қысқартады. Мұны министрлік "Параллельді аударымдар" деп атайды.

"Тәжірибе көрсеткендей, мегаполистерімізде жұмыс істеп жүрген түлектердің өңірлерде "параллельді түрде" жұмысқа орналасу жағдайлары жиі кездеседі. Кейбір жағдайда бұл жұмысқа орналасу формалды сипатқа ие және өңірлік критерий бойынша еңбекпен өтеу мерзімін қысқартуға бағытталған. Бұл жағдай еңбек өтілін есептеуде қиындықтар туғызады. Өйткені түлектің БЖЗҚ-дағы шотына өңірден де, республикалық маңызы бар қаладан да зейнетақы төлемдері қатар түсіп жатады. Салдарынан, Қаржы орталығының қызметкерлері түлектің 5 жылдық еңбек мерзімін есептеуге мәжбүр. Түлектер одан үш жылдық мерзімді басшылыққа алуды талап етеді", – деп хабарлады министрлік.

Жаңа құжатта осы мәселе де реттелуге тиіс.

"Мұндай жағдайларды реттейтін нормалардың жоқтығын ескере отырып, ұсынылған өзгерістер түлектердің еңбек өтілін есептеуде әділеттілік пен анықтықты қамтамасыз етуі қажет. Жаңа ережелер теріс пайдалану жағдайларын болдырмауға және бағдарламаның талаптарын толық көлемде орындауға кепілдік береді", – деп сендірді ведомство.

"Ай сайынғы параллельді зейнетақылық аударымдар болмаған жағдайда, үздіксіз еңбек өтілі әр өңір үшін жеке-жеке есептеледі. Бірнеше ұйымдардан параллельді зейнетақылық аударымдар анықталған жағдайда, еңбек өтілі жұмыс істеудің ең ұзақ мерзімі қарастырылған жұмыс орны бойынша есептеледі (орысша нұсқасында: "В случае наличия параллельных пенсионных отчислений от нескольких организаций, трудовая отработка засчитывается только по месту работы, где предусмотрен наибольший срок отработки"), – делінген Үкімет қаулысының жобасында.

2024 жылы "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқытуға жалпы көлемі 555 стипендия бөлінді. Оның ішінде 395 стипендия магистратура мен резидентура бағдарламасы бойынша, 50-і – докторантура бойынша, қалғаны 110-ы – тағылымдамадан өтуге берілген.

Үкіметте білім саласына жауапты вице-премьер Тамара Дүйсенованың айтуынша, "Болашақ" бағдарламасы іске қосылғалы жалпы саны 12 643 маман даярланыпты (16 мыңдай стипендия бөлінген). Олардың бір бөлігі жоғарғы білім беруді жаңғырту, медицина, биохимия, өндірістік салаларда және инженерияда жұмыс істеуде.

Алайда 404 "болашақтық" шетелде қалып қойған, оларға жұмсалған бюджет қаражатын қайтару жұмыстары жүргізілуде. Тағы басқаларының үстінен берешекті мәжбүрлі түрде өндірту туралы 52 іс қозғалып, атқару қағазы жеке сот орындаушыларына беріліпті. Оның 32-сі сонау 2010 жылдан бері орындауда жатса, 11 іс қана толық өтеумен аяқталған. Бірнеше іс "борышкердің елде болмауына байланысты" деген сылтаумен доғарылған.

Күш құрылымдары шетелдегі тұрғылықты жерін жасырып, қашып жүрген "болашақтықтарға" халықаралық іздеу салуды жоспарлауда.

Inbusiness.kz 4 қарашада "Болашақ" халықаралық бағдарламалар орталығының басшысы Әлия Оспанованың қызметінен кеткенін жазды. Бұл да бекер болмаса керек. Сондықтан Саясат Нұрбек командасының Отанын жатжұртқа айырбастаған "болашақтықтарға" ең құрығанда шетелде жүріп, Қазақстанға жұмыс істеу мүмкіндігін ұсынуы – амал жоқтықтан туған іске ұқсайды.

"Қазіргі кезде Бас прокуратурамен бірге, "Болашақ" түлектерінің міндетті жұмыспен өтеуден (отработка) жалтаруының 1 мың фактісі бойынша тексерістер жүргізіліп жатыр. 532 ресми ескертпе бағытталды. Жұмыс орнынан алынған 1 305 анықтамаға өзектілендіру жүргізілді. Халықаралық бағдарламалар орталығының жүргізген тексерісі нәтижесінде, Шетелде кадр даярлау жөніндегі республикалық комиссия стипендиясын жұмыспен өтеуді бұзғаны үшін 37 адамды стипендиясынан айырды. Олар өздеріне жұмсалған барлық шығынды – 941,5 миллион теңгені өтеуге тиісті", – делінген Үкіметтің түсініктемесінде.

Айтпақшы, "Болашақ" бағдарламасы ашылғалы бері жалпы саны 1 060 адам оған түсіп тұрып, тосыннан стипендиядан бас тартыпты. Жалпы саны 922 адам "Болашақ" мәртебесінен мәжбүрлі түрде айрылған екен, 39 "болашақтық" дүние салды. Білім қуған жастың асқар шыңға шығып тұрып, өмірден өтуі өкінішті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу