Жарыстың 2-күні кумите бағдарламасында Дінмұхаммед Айдарбек 16-17 жас санатында 55 келіге дейінгі салмақта қарсылас шақ келтірген жоқ.
Ол татамиде 6 жекпе-жек өткізді. Алғашқы кезеңде Мальта, сосын АҚШ өкілін айқын басымдықпен ұтты. Топтық кезеңде тағы 2 қазақ спортшысынан, кейін иорданиялықтан айласын асырды. Финалда өзбек каратэшісін ұтты.
Сондай-ақ, Гүлнұр Қойшыбай (U16-17) 59 келіге дейінгі салмақта чехиялық қарсыласын ұтып, қола жүлдеге ие болды.
Қазір Қазақстан командасында жүлде саны үшеуге жетті. Кеше Ақниет Шеризат U21 санатында (55 келі) қола жүлдеге қол жеткізген.
Фуджейрадағы бұл жарыс ертең аяқталады. Оған барлығы 87 мемлекеттен 2400-ге жуық спортшы қатысуда.