Тәтті жегіштерге тықыр таянды

1019

Шоколадтардың шикізаты саналатын какаоның әлемдік қорлары күрт азайды.

Тәтті жегіштерге тықыр таянды Фото: canva.com

Бұл туралы биржалардың деректеріне сілтеме жасап, Financial Times (FT) хабарлады. Дүниежүзінде қалыптасқан бұл күрделі ахуалға какао-бұршақтарды өндіретін жетекші елде – Кот-д'Ивуар мен Ганада егіннің шықпай қалуы ықпал етті.

Қыс болмайтын бұл елдерде осы бұршақ дақылдарын вирустық ауру және зұлмат құрғақшылық құртып жатыр. Салдарынан астығы тарихтағы рекордтық төмен деңгейге дейін құлдырады. Бұл жаһандық сауда алаңдарында – Лондон мен Нью-Йоркте шикізат бағасының жыл басынан бері салмақты қымбаттауына соқтырды.

Еске сала кетсек, қазақстандық кондитерлік фабрикалар ақпан және наурыз айларында өз өнімдерінің бағасын көтеруге мәжбүр екендерін жариялады. Мысалы, қостанайлық "Баян Сұлу" фабрикасы шоколадтарының бағасының өсуіне шикізат құнының артуы да түрткі болғанын мәлімдеді.

Кондитерлік фабриканың маркетинг бөлімінің түсіндіруінше, бағаға әлемдегі какаоның тапшылығы да ықпал етіп отыр. Өйткені Батыс Африка елдерінде какао-бұршақ өндірісі күйрей бастады. Дәл осы елдер төрткүл дүниенің әр түкпіріне шоколад ағашы жемістерінің негізгі жеткізушісі болып табылады.

"2025 жылы шоколад пен шоколады бар тәттілердің бағасы көтеріліп жатыр. Олардың қымбаттауы шоколад дайындауға арналған шикізат пен қоспа-ингредиенттердің, соның ішінде какао-бұршақтардың құнының көтерілуімен байланысты. Шынында, өндіруші елдерде кейінгі жылдары бұл дақылдың астығының шығымдылығы қатты құлдырап барады. Соның ішінде, әсіресе, 2024 жылдан бері шоколад ағашы жемістерінің құны қарқынды өсуде", – деп хабарлады маркетинг бөлігі.

Фабрика мамандары 2025 жылғы жаңа егін жақсырақ болуы мүмкін деген болжам айтылып жатқанына назар аудартты. Бірақ индустрия оған сенбейді. Өйткені какао тапшылығы дәл қазір әлемді қыспаққа салуда. Нарық соған үн қатуда.

Бұл өнімнің Лондондық Intercontinental Exchange сауда алаңының қоймаларында сақтаулы қоры бір жыл бұрынғы 100 мың тоннадан биыл шамамен 21 мың тоннаға дейін күрт құлдырады.

Нью-Йорктегі тәуелсіз, лицензияланған қоймалардың жалпы қоры бүгінде шамамен 90 мың тонна ғана.

"Бұл жылдың дәл осы мерзімі үшін теңдессіз аз! Бұл тарихта болған ең мардымсыз қор", – деген Marex тауарлық брокердің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Джонатан Паркманның сөзін келтірді FT.

Осы азын-аулақ қор бірінші кезекте қалтасы қалың алпауыттардың қанжығасында кетеді де, өзгелерге, дамушы елдерге "қиқымы" қалады.

Сарапшылар 2023 жылдан бері какао-бұршақтардың биржалық бағасы 3 есе өскеніне назар аудартты. Нәтижесінде, 2024 жылдың желтоқсанында 1 тоннасының құны 12 мың долларға жетті.

Салыстырсақ, қазіргі кезде әлемде 1 тонна бидайдың бағасы – орта есеппен 219 доллар, соя – 380 доллар, мақта – шамамен 2 300 доллар, кофе (арабика) құны – 8 250 доллар. Ал, какао-бұршағының 1 тоннасының бағасы – 12 мың доллардан асқан.

BBC бір жыл бұрын, 2024 жылғы ақпанда Нью-Йорк тауарлық биржасында какаоның 1 тоннасы 5 874 долларға жеткенін, сонда осының өзі жаңа тарихи рекорд болғанын еске салды.

Шығымдылығы 3 жыл қатарынан құлдыраған соң, шоколад әзірлеушілер какао жеткізушілеріне бәсекелесінен көбірек төлеп, бірінші кезекте өзіне жеткізуіне келісімін алуға асық.

Дүниежүзіндегі аса ірі шоколад жасаушы Barry Callebaut компаниясының орнықты даму бөлімінің бұрынғы басшысы Нико Дебенхэмнің айтуынша, тапсырыс берушілер Кот-д'Ивуардан тасылатын кең сұранысқа ие какаоның болашақ жеткізілімге бағытталған фьючерстік бағаларына әр тоннасы үшін қосымша 1,5 мың доллар үстемеақы қосуға дайын.  

Мұндай қарқынмен нағыз, табиғи шоколад тақтайшасының әрбір сынығы алтын сынығымен теңесуі мүмкін.

Саланың ірі жеткізуші – жапондық Fuji Oil өнеркәсіптік шоколадтың саудасы да құлдырағанын хабарлады. Оның орнына фабрикалар шоколадты алмастырғыштарға көше бастаған.

Салдарынан, мысалы пальма майы сияқты өсімдік майларынан жасалатын алмастырғыштарды шығарушылардың табысы күрт артты. Жапондық компания ондай жасанды шикізат нағыз шоколадпен араластырылатынына назар аудартты.  

Нәтижесінде, жаңа өнім алынады. Бірақ Джонатан Паркманның айтуынша, "оның құрамында какао барған сайын азая береді және какао-майдан арзан басқа құрауыш-компоненттер ұлғая түседі".

Дегенмен, таза шоколад шығаратын және тек соны ғана тұтынатын клиенттерінен айрылып қалғысы келмейтін әлемдік фабрикалар түрлі қулыққа баруда. Мәселен, тапшылық кесірінен әрбір қаптамадағы шоколадтың көлемі мен салмағын азайтып жатыр.

Сондай-ақ, какаоны барынша үнемдеу үшін жаңа рецептурадағы, түрлі табиғи қоспалар мен өнімдер қосылған, аралас-комбинирленген шоколадтар ассортименті көбейді. Соның ішінде шоколад ортасына Oreo, крекер, галет сияқты түрлі қытырлақ печенье қосылғандары нарыққа жол тартты.

Бұлай бара берсе, біраз кондитерлік фабриканың жабылып қалуы қаупі туындайды. Бұл да сапалы тәттіге құмар жандар үшін көңілсіз жаңалық. Жаһандағы ең ірі шоколад өндірушілерінің бірі Hershey компания табысы төмендей бастағанын ескертті.

Компанияның атқарушы директоры Мишель Бак сатып алушылар үшін бағаны арттыруға мәжбүр болатындарын жеткізді.

Какао-бұршақтарын егуші диқандар климаттық күйзелістен ең көп зардап шегушілердің қатарына қосылғандай. Эль-Ниньо құбылысы әлемдік мұхиттағы температура тербелістеріне әкелді. Бұл какаоның ірі өндірушілері болып табылатын Гана мен Кот-д’Ивуарда алапат қуаңшылық туғызуда.

Өз кезегінде дәрігерлер шоколадты көп жеудің диабет туындату, семіздікке соқтыру сияқты зияны да жетерлік екенін бұрыннан айтып келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу