Тағы бір дүниеден бас тартуымыз мүмкін

3897

Бірақ депутаттардың бұл ұсынысына Үкімет қарсы шықты. 

Тағы бір дүниеден бас тартуымыз мүмкін Фото: minzifatravel

Мына қызыққа қараңыз: Энергетика министрлігінің сайтында 2022 жылы еліміздегі электромобильдердің санына қатысты болжам жарияланған болатын. Онда 2022 жыл қорытындысында елдегі осы көлік түрінің саны 451 дананы құрайтыны айтылды.

Алайда сол жылдың қорытындысында іс жүзіндегі көрсеткіш болжамдағыдан 2 есе асып түсті: сан 451 орнына 812-ге жетті.

Ал, келесі 2023 жылдың сәуірінде электрокарлардың саны 2025 жылдың болжамды межесінен де асып түсті. 2022 жылдың биігінен қараған министрліктің сарапшылары электрмен қозғалатын көліктердің саны 2025 жылы небәрі 1 125 бірлігі болады деп тұспалдады. Бірақ 2023 жылы 2 472-ні құрады.

Сондай-ақ, энергетика ведомствосының жорамалынша, сонау 2030 жылы республикада шамамен 6 267 электромобиль тіркеледі деп күтілді. Алайда 2024 жылдың желтоқсанында олардың саны 12 587-ге жетіп отыр. Яғни, 2030 жылдың болжамынан қазірдің өзінде 2 есе асты! Бүгінде 13 мыңнан асып барады.

Осылайша, көліктің бұл түрінің саны 2021 жылғы 500-ден биыл 13 мыңға дейін, бірден 26 есеге көбейіп шыға келді.   

Аталған болжамда Энергетика министрлігі 2035 жылы Қазақстанда шамамен 40 мың электромобиль тіркеледі деп болжанған. Қазіргі "прогрессия" сақталса, 2035 жылға қарай электрокарлар саны 1 миллионнан асып кетпек.

Мұндай алапат қарқын депутаттардың үрейін ұшырды. Олар Үкіметке хат жолдап, электромобильдердің өсу қарқынына қатысты қорқынышын бөлісті. Бірқатар сарапшы АЭС салынып, қуат артылғанша, электрокарларды әкелуге уақытша тыйым салуды ұсынып жүр.

"Электромобильдер санының көбеюі электр желілеріне қосымша жүктеме түсіреді. Қазіргі таңда еліміздің электр желілері қатты тозған, бұл болашақта апаттық жағдайларларға әкеліп соқпай ма? Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?", – деп сұрады Үкіметтен Мәжіліс депутаттары.

Энергетика министрлігі қалаулыларды қаумалаған қалың ойды тіптен қоюлатып, отқа май құя түсті.

"Электромобильдер санының өсуімен бірге электр энергиясына деген сұраныс та тек өсе береді. ҚР Энергетика министрлігінің есептемелеріне сәйкес, орташа алғанда 1 электромобиль жылына 3 мың 400 кВт/сағат қуат тұтынады. Ал, 2035 жылға қарай электромобиль секторының жыл сайынғы тұтынысы 136 миллион кВт/сағаттан асып кетеді. Бұл динамика автомашиналардың өсуінің тек орташа көрсеткіші негізінде есептелді", – делінген "Астана" халықаралық қаржы орталығының "Электромобильдер: әлемде және Қазақстанда, сондай-ақ олардың парник газдарының шығарындысын азайтудағы рөлі" атты есебінде.

Ал, егер электрокарлардың саны 1 миллионға жетсе, олар жылына 3,4 миллиард кВт/сағат энергия шығындайтын болады. Депутаттардың шыр-пыр болуының бір себебі де осы.

Үкімет болса, электрокарларға араша түсті. Депутаттарға жауабында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр көліктің бұл түрінің электр желілеріндегі жүктемені ұлғайтпайтынына және авариялық жағдайларға соқтырмайтынына сендіруге тырысты.

"Электрлік қуаттау станцияларын (ЭҚС-ты) электр желілеріне қосу – олар өздерінің қауіпсіз және тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін техникалық шарттарды орындаса ғана жүзеге асырылады. Бұл талаптар артық жүктемелердің, апаттардың және тұрақты жұмысқа кедергі келтірер ақаулардың алдын алуға бағытталған. Сондықтан ЭҚС-ты бірыңғай электр жүйесіне қосу оның тұрақтылығына қауіп төндірмейді және электр энергиясын тұтынудың күрт өсуіне әкелмейді", – деп мәлімдеді №1-ші вице-премьер Скляр.

Ол бүгінде еліміздің электр энергетикасы инфрақұрылымын жаңғырту мен дамытуға бағытталған кешенді іс-шаралар жүзеге асырылып жатқанына назар аудартты. Бұл да электрокарларға көмек.

Бірақ Скляр қуат тапшылығының туындау қаупі онсыз да барын жасырмады.

"Нақтылағанда, 2024 жылы "2024-2030 жылдар кезеңіне арналған бірыңғай электр энергетикалық жүйедегі электр энергиясы мен қуаттың болжамды балансы" бекітілді. Болжам бойынша 2030 жылға қарай электр энергиясын тұтыну деңгейі 28 484 МВт-қа жетеді. Салыстырсақ, 2025 жылы бұл көрсеткіш – 21 851 МВт болды. Бұл баланс тұтынудың өсуін, жаңартылатын энергия көздерінің енгізілуін және энергия тиімділігінің артуын ескере отырып, жыл сайын қайта қаралады", – деді Роман Скляр.

Яғни, қуат тұтыну алдағы 5 жылда 6 633 МВт-қа дейін өседі. Егер энергия көздерін арттырмаса, қазіргі қажеттіліктің өзін өтемей отырған, салдарынан, мемлекетті көрші Ресей мен Қырғызстаннан электр импорттауға мәжбүр еткен қолданыстағы қуаттылықтар алда тек өсе беретін тапшылықты "жаппайды".

Үкімет атом электр станциясының салынуынан үміт етіп отыр. Бірақ оның қашан салынып бітетіні, ең құрыса бірінші реакторының қашан іске қосылатыны белгісіз. Мысалы, "Росатом" Түркияның тұңғыш "Аккую" атом электр станциясының жобасын 2010 жылы қолға алды. Содан бері 15 жыл өтті, құрылысы әлі күнге біткен жоқ.

Оның үстіне мамандардың айтуынша, BWR сыныбындағы бірегей 5 реакторы бар заманауи озық АЭС-тердің қуат өндіру шегі 7 965 МВт қана екен. Үкіметтің дерегінше, алдағы бес жылдың өзінде елдегі электр энергиясын тұтыну деңгейінің өсімі бес реактордың қуаттылығына барабар болмақ. Сонда қайтпек керек? Ел тұйықтан қалай шығады?

Премьердің бірінші орынбасары ұзақ мерзімді жоспарлау аясында Энергетика министрлігі 2035 жылға дейін электр энергетикасы саласын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын қабылдағанын алға тартты.

"Осы жоспарға сәйкес, электр станцияларын жаңарту және кеңейту арқылы қосымша 26 ГВт жаңа генерациялық қуат пен 5,6 ГВт қосымша қуат енгізу жоспарлануда. Бұл электр көліктері санының өсуінен туындаған сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік береді", – деді Роман Скляр.

Оның мәліметінше, осындай жобалардың қатарында:

  • қуаттылығы 325 МВт болатын Ақсу ГРЭС-індегі № 7 блокты салу,
  • Қарағандыдағы №3 ЖЭО-да қазандық агрегатының құрылысы және турбинаны ауыстыру,
  • "Karabatan Utility Solution" ЖШС-нің бу-газ қондырғысын 310 МВт-тан 620 МВт-қа дейін кеңейту жобалары бар.

Сонымен қатар, 2024 жылы "Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту" Ұлттық жобасы мақұлданды. Ол электр энергиясы инфрақұрылымын кеңінен жаңартуды қарастырады.

Осы жоба аясында бүкіл Қазақстан бойынша 77 мың 551 шақырым электр желісін жаңартып шығу көзделген. Энергетикалық кешен нысандарын қайта құру және техникалық қайта жарақтандыру жоспарлануда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу