Енді алаяқтың алдап алған несиесін терлеп төлемейсіз

13128

Жоғарғы сот онлайн несиелендіру шарттарын қатайтуды ұсынып отыр.

Енді алаяқтың алдап алған несиесін терлеп төлемейсіз Фото: canva.com

Қазақстанда жүгенсіз қаптап кеткен интернет-алаяқтар соттарға да үлкен жүктеме түсіруде. Осыған байланысты Жоғарғы соттың Халықаралық кеңесінің таяудағы отырысы интернет-алаяқтықтан зардап шеккендердің мүдделерін қорғаудың тиімді тәсілдерін талқылауға арналды.

Бұл мәселе бойынша Жоғарғы соттың судьялары Мәдениет Омарбекова мен Баян Тоқтарова баяндама жасап, интернеттегі алаяқтыққа қатысты істердің жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. 2022 жылмен салыстырғанда биыл мұндай азаматтық істердің саны бірден 270 пайыздан астамға (!) өсіп шыға келді.

Жоғарғы сот судьяларының айтуынша, алаяқтардың ықпалымен жәбірленушілер банктік және микроқаржылық несиені кейде өздері рәсімдейді. Тіпті жылжымайтын мүліктерін сатып, ақшаны белгісіз адамдарға аударады.

Қылмыстық кодексте интернет-алаяқтық құрбандарының мүддесін қорғайтын баптар жоқ. Бірақ зардап шеккендер азаматтық сотқа жүгіне алады.

"Судьялар азаматтық істер бойынша соттарға талап-қоюлардың екі санаты келіп түсетінін атап өтті. Біріншісі – негізсіз баюды көздеген "дропперлерден" шығынды өндіру, екіншісі – азаматтардың банктер мен микроқаржы ұйымдарына қарсы талапарыздары. Осылайша, егер сотта құрбан және алаяқ арасында делдал болып, "дроппер" қызметін атқаратын азаматтардың шоттарына негізсіз ақша түскені дәлелденсе, онда олар негізсіз баю қаражатын құрбанға қайтаруға міндетті", – деп түсіндірді Жоғарғы сот.

Жыл басынан Жоғарғы сот енгізген бұл практика азаматтардың алаяқтық схемаларға қатысуын болдырмауға ат салысуы тиіс. Өйткені дропперлерге алаяқтық істе делдал болып, табыс табудан еш пайда қалмайды. Қайта алаяқтың қалтасына түскен барлық соманы жалғыз өзі төлеп, қалпымен шығынға батады.

Судьялар бұл салада қылмыстық заңнаманы жетілдіру керек деген байлам жасады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл бағытта жұмыс істеп жатқаны белгілі болды.

2024 жылдың 20 тамызынан бастап, несиенің клиенттің қатысуынсыз және алаяқтық жолмен рәсімделгені фактісін анықтаған, заңды күшіне енген сот шешімі болса, онда банктер мен микроқаржы ұйымдары клиентке қойылатын талаптарын дереу тоқтатуға, ол несиені есептен шығаруға міндетті. Яғни, сот шешімі шықса, банктің де, МҚҰ-ның да алданған клиенттен алаяқ әкеткен қаржының бір тиынын өндіріп алуына тыйым салынады.

"Қазіргі уақытта банктерден барлық маңызды операцияларды жүзеге асырған кезде клиенттерді тексерудің кем дегенде екі әдісін – биометрия мен электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдану талап етіледі. Интернет арқылы несие беру кезінде суреттің анықтығын тексеру талабы қосымша белгіленді. Сондай-ақ, заң жүзінде клиентті биометриялық сәйкестендіруінсіз онлайн-банктік несиелер мен онлайн микрокредиттерді беруге тыйым салу енгізілді. Халықаралық кеңес әзірлеген ұсынымдар уәкілетті органдарға жіберіледі", – деп мәлім етті Жоғарғы сот.

Мәжіліс депутаты Никита Шаталовтың айтуынша, бүгінде әрбір екінші қазақстандыққа интернет және телефон алаяқтары хабарласады.  

"Бізге осындай қылмыстардың құрбаны болған азаматтардан осыған қатысты қаптаған шағым түседі. Ел ашынып бітті, құзырлы органдар алаяқтардың әрекетіне тосқауыл қоя алмай отыр. Мұндай алаяқтық схемалардың кең қанат жаюына онлайн-несиенің қолжетімділігі және оны алудың оңайлығы түрткі болды. Сондықтан қоғам белсенділерінің бір тобы Қазақстанда онлайн-кредиттер беруге мүлдем тыйым салу туралы петиция жариялады. Жұмыс тобында да онлайн-несиеге тыйым салу туралы депутаттардың ұсынысы қаралды", – дейді депутат.   

Алайда банктер мен МҚҰ-лар лоббиі жеңіп, мәжілісмендердің ұсынысы өтпей қалыпты. Шенеуніктер мұны банкирлердің талабы деп емес, халықтың өзі сұрады деп келтіріп отыр.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова бұл бастаманы неге құптамағандарын айтты.

"Шынында, кредиттерді электронды тәсілмен беруге түбегейлі тыйым салу туралы заңнамалық түзету бізге келіп түсті. Дегенмен, қазіргі заман – цифрландыру дәуірі. Осыған байланысты барлық дерлік банктік қызметтер, соның ішінде несие беру де онлайн көрсетіледі. Бұл қазақстандықтардың үлкен санының мүддесіне қайшы келеді, олар күн сайын осы қызметті пайдаланады. Қазақстандықтардың онлайн қызметтерге, онлайн-несиелендіруге қолжетімділігін шектемеу үшін біз мұндай тікелей тыйымды енгізуді орынсыз деп санаймыз!", – деді Мәдина Әбілқасымова.

Оның орнына қаржылық реттеуші агенттік депутаттарға жаңа заң жобасында алаяқтар жайлап алған кесірлі конструкцияны құлатуға емес, оған тек "косметикалық жөндеу" жүргізуге, яғни, қолданыстағы тетікті жетілдіруге ғана рұқсат етпек.

"Біз онлайн-алаяқтықпен жақсырақ күресуге мүмкіндік беретін бірқатар тетікті қарастыруды ұсынамыз. Қаржыгерлермен, банк секторымен бірге, бірнеше ұсынысты талқылап жатырмыз. Атап айтқанда, "салқындату кезеңі – период охлаждения" деген енгізілуі мүмкін. Оған сәйкес, азаматтың қарыз алу туралы онлайн өтініш бергеннен ол өтінішті мақұлдау арасында белгілі бір үзіліс кезеңі болуға тиіс. Осы уақытта алданғанын түсінген азамат банкке өзі хабарласып, өтінішінің күшін жойғызуға мүмкіндігі болуы керек", – деді агенттік төрайымы.

Бұл тетікті ведомство тек "тәуекелі жоғары операциялар және халықтың барынша аз қамтылған санаттары бойынша енгізуді" ұсынады.

Осы және басқа ұсыныстар заң ретінде қабылданып, күшіне енген жоқ, тек пысықталу үстінде.

Мәдина Әбілқасымова банкирлермен талқылау аяқталғаннан кейін нақты шаралар әзірленетінін, содан соң ғана Мәжіліске келетінін жеткізді. Оған дейін аңғал, қаржылық сауаты шамалы бұқара ары қарай алаяқтарға жем бола беретін түрі бар.

Халықтың және депутаттардың онлайн түрде тез несие беруге тыйым салу бастамасына Ұлттық банк те үзілді-кесілді қарсы шықты.

"Ұлттық банктің пікірінше, банк қызметтерін электронды форматта көрсетуге толық тыйым салу – секторды кері шегіндіретін қадам. Өйткені қазіргі кезде тек банктік қана емес, тұтастай алғанда көптеген мемлекеттік қызметтер цифрландырылып жатыр. Сонымен бірге біз электронды тәсілмен берілетін банк қызметтеріне бақылауды қатайту қажет деген тұжырыммен келісеміз. 2024 жылғы шілде айының соңында Антифрод-орталық іске қосылды. Ол қолданысқа енгізілгелі, шамамен 600 миллион теңгенің 5,5 мыңнан астам оқиғасы әшкереленді. Оның 17 миллион теңгесі ерікті түрде иесіне қайтарылды", – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары – ҚР ҰБ Алматы қаласындағы тұрақты өкілдігінің басшысы Виталий Тутушкин.

Ұлттық банктің ұстанымы да қаржылық реттеушінікіне ұқсас. Онлайн-кредиттеуді жоюға болмайды, тек жөндеуге болады. Соның ішінде алаяқтардың онлайн-несие арқылы ақша ұрлауына толыққанды тоқтау сала алмаған Антифрод-орталығын ары қарай жетілдіруге ниетті.

Сондай-ақ Тутушкин Антифрод-орталыққа Ұлттық қауіпсіздік комитетін, ұялы операторларды қосу мәселесі пысықталып жатқанын айтады.

Қаржы нарығын реттеу агенттігінің төрайымы интернет-алаяқтықты түпкілікті жою мүмкін еместігін білдірді.

"Биыл биометрия бойынша талаптар қатайтылған болатын. Енді банктер де, микроқаржы ұйымдары да әрбір кредит берген сайын оны алушының тұлғасын биометрия бойынша растауға, қосфакторлы идентификациялаудан өткізуге тиіс. МҚҰ-лар бұл жұмысты биылғы жыл соңына дейін аяқтайды. Алайда тіпті биометрияны қолдану кезінде де, заемшының келісімі алынған жағдайда да бәрібір алаяқтық кредиттерді беру жүзеге асады", – деді Мәдина Әбілқасымова.  

Ол биылғы жыл басында заң жүзінде кредит беруден ерікті түрде бас тарту тетігі енгізілгенін еске салды. Содан бері 700 мыңдай адам eGov арқылы өзіне ерікті түрде "бан" қойғызған.

Агенттік басшысы Әбілқасымованың айтуынша, осылай ерікті түрде бас тартқан, "Электрондық Үкіметте" аты-жөні тұсына тиісті таңба соғылып тұрған адамға кредит рәсімделсе, онда "соттың шешімімен мұндай несие міндетті түрде есептен шығарылады".

Бұған қоса, егер несие заемшының өзінің қатысуынсыз (мысалы, құрбанының дербес деректеріне алаяқтың қол жеткізуі салдарынан), оның биометриядан өтуінсіз берілсе, мұндай жағдайда да берешекті есептен шығару қарастырылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу