"Қазақстан автопарктері "қартайып" жатыр"

17389

Былтыр 546, 8 млрд теңгеге 60 928 көлік сатылды.

"Қазақстан автопарктері "қартайып" жатыр"

Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашеваның мәлімдеуінше, сатылған әрбір екінші көлік Қазақстанда құрастырылған.

"Өткен жылдың қорытындысы машина жасау саласында автоөндіріс көрсеткіші 19,2% -ға көбейгенін көрсетті. Осыдан екі жыл бұрын дәл осы нәтиже 16,4% ғана болған еді. 2017 жылы ел аумағында 49 мыңға жуық, ал 2018 жылы 60 928 автокөлік сатылды", – деді вице-президент.

Оның сөзінше, өткен жылы ай сайынғы импорт көрсеткіші алғаш рет 50% -ға төмендеген.

"Сатылымға "Қазақстанда жасалған" деген брендпен түскен автокөліктерге деген сұраныс 49%-ды құрады. 2018 жылдың желтоқсанында Қазақстанда құрастырылған темір тұлпарлардың сатылымы 55%-ға жетті. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш", – деді Анар Мақашева.

Вице-президенттің айтуынша, 2018 жылы toyota бренді ең көп сатылған көлік ретінде көш бастаса, hyundai екінші орынды иеленген.

"Былтыр 12 278 тoyota, 8715 hyundai cатылды", – деді Қазақстан автобизнес қауымдастығының өкілі.

Анар Мақашеваның дерегінше, еліміздің автопарктерінде 4,2 млн бірлік жеңіл, ауыр автокөлік пен арнайы техника бар.

"2018 жылы Қазақстанда 205, 95 млрд теңгеге 32,3 мың бірлік жеңіл, ауыр автокөлік пен арнайы техника және автобустар мен тіркемелер жасалды. Осы орайда "СарыарқаАвтоӨндіріс" зауыты 12009 бірлік көлік құрастырғанын атап өтуіміз керек", – деді Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті.

Анар Мақашеваның айтуынша, Қазақстан автопарктері "қартайып" жатыр.

"Қолданылу мерзімі 3 жылдан аспаған автокөліктер өте аз. Елімізде тіркелген барлық автокөліктердің төрттен екісінің шыққан жылы 10 жылда асып кеткен",– деді ол.

2018 жылдың қорытындысы бойынша автокөліктің 4 түрлі бренді пышақ үсті сатылған екен. Бұл туралы Анар Мақашева: "Toyota, mercedes-Benz, volkswagen, audi көліктерінің барлық жылдардағы үлгілеріне сұраныс өте жоғары болды",– деді.

Анар Мақашева қазіргі көрсеткіш сақталса, биыл 70 мың су жаңа автокөлік сатылуы мүмкін екенін айтты. Ал Қазақстан автобизнес қауымдастығының президенті Андрей Лаврентьев таяу болашақта нарықта отандық көлік маркасы пайда болуы ғажап емес екенін тілге тиек етті.

"Шетелдік инвесторлар қазақстандық көлік маркасына қаржы құюға әзір. Қытайлық "Jac" компаниясы қазақстандық брендті жасауға ниет білдіріп отыр. Біз осы сұрақты талқылап жатырмыз. Қазақстандық көлік маркасы өзбектің Uz-Daewoo немесе Ресейдің Lada сияқты көлік маркасы болуы мүмкін. Осыған қатысты үкімет нақты міндет қойды. Бәлкім, алдағы уақытта қазақстандықтарға қуанышты xабарды жеткізіп қалармыз. Әзірше отандық көлік маркасының атауы нақтыланған жоқ. Сондықтан дәл қазір нақты ақпарат бере алмаймын", – деді Қазақстан автобизнес қауымдастығының президенті.

Басқосу барысында Toyota Motor Kazakhstan компаниясының президенті Кит Симмонс пікір білдірді.

"2019 жылы toyota camry автокөлігінің жаңа нұсқасы, Lexus-тің жол талғамайтын түрі шығады. Көктемде жаңа toyota corolla, жыл соңында toyota rav4 таныстырылады", – деді ол.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу