Қазақстан газ бағасын неге өсіруі керек?

2073

Шілде айынан бастап Қазақстанда газ бағасы өскені көпшілікке мәлім. 

Қазақстан газ бағасын неге өсіруі керек? Фото: canva.com

Осылайша, қазір ең арзан газ елдің батыс облыстарында, литріне – 59 теңгеден, ал ең қымбаты Алматы қаласы мен облысында – 89 теңге. Яғни, орта есеппен 14,6 пайызға қымбаттады.

Дегенмен газ құнының өсуі мұнымен тоқтап қалмайды. Энергетика министрлігі алдағы уақытта кезең-кезеңімен бағаны өсіріп отырмақ. Ал бұл жайт өз кезегінде қоғамда аздаған наразылықтар тудыратыны бар. Бірақ сарапшылардың көбі мемлекеттің газ бағасын өсіру бастамасын құптайды. Оған не себеп?

Қазіргі құн өндіріс шығынын ақтамайды

Кейінгі бесжылдық шеңберінде Энергетика министрлігінің позициясы айқындалды. Мемлекет қайтсе де газ бағасын қымбаттатуға тиіс. Ведомство алға тартатын екі себеп бар. Біріншіден, қазір өндірістің ішкі нарыққа бағытталған көлемі артты, қажеттілікті жабуға ондаған мың тонна жұмсалады. Соның әсерінен экспорт көлемін азайтып, қайтадан ішкі нарыққа бұрумен келеді.

Мәселен, былтыр Қазақстан 27,8 млрд текше метр ғана тауарлық газ өндірді. Оның 19,3 млрд-ы ішкі нарыққа, 4,6 млрд-ы экспортқа кеткен. Кейінгі 4 жылда еліміздің ішкі тұтыну көлемі 2 млрд текше метрге өскен. Газбен қамтылмаған аймақтар әлі бар, демек, ішкі сұраныс тоқтаусыз еселене бермек. Екіншіден, газ өндіруші компаниялар шығынмен жұмыс істеп келеді.

Газдың өзіндік құны 70 теңгеден жоғары болса да, қазір оның орташа сату бағасы да сол мөлшерден аспайды. Салыстыру үшін айтсақ, 2023 жылғы көрсеткіш бойынша, Ресейде тариф бізден екі есе жоғары, шамамен – 120 теңге, Тәжікстанда – 177 теңге. Бұларда нарықтағы бағаны біздегідей қолдан ұстап тұрмайды.

Нарық заңында сұраныс көбейсе, баға өседі. Қазақстанда газға сұраныс жақсы болғанымен, бағаны мәжбүрлі түрде ұстайтын дағды қалыптасты.

Негізі газ бағасы өндіріс шығынын ақтау үшін қазіргі құнын кемі 30 пайызға көтеру керек болады. Экономист Абзал Нарымбетов бұл қадамға баруға не итермелейтінін нақты айтып берді.

– Қазақстан тәуелсіздік алған соң нарықтық экономикаға өтті. Алайда еліміздегі белгілі мұнай-газ алпауыттары немесе газ кеніштерінен бағаны қолжетімді етіп сұрау кәсіпорындарға тиімсіз болуы мүмкін. Мәселен, олар өз қалтасынан қаражат шығарып кен қазады, өңдейді, құбыр салып, халыққа жеткізеді. Бәрі ақша мен уақытты талап етеді. Шығындарын сатылған газдан қайтарады. Ал егер бағаны төмендетсе, шығын өтелмейді. Әлемдік нарыққа кіретін болсақ, дүние жүзімен бәсекелесу керек. Мәселен, әлем бойынша сатылып жатқан газ, жанармайдың бағасы қанша болса, соған сәйкестендіру керек.

Қазір көп проблема қайдан туындап жатыр? Кәсіпорындардың көбі қаншама жылдан бері жаңартылмаған. Себеп – бағаның төмен болуы. Кәсіпорындар жеткілікті ақша таппаған соң, ескіре береді. Ал қосымша тапқанын қалтасына салады. Нарықтық экономикаға көшпесек, тығырықтан шыға алмаймыз. Керісінше үнемі жанармай, газ тапшы болады. Кеңес дәуірі де ең соңғы тығырыққа осылай келген.

Мен бағаны дәл шетелдегімен бірдей болсын демеймін. Екі жаққа да тиімді бағаны табуға мүмкіндік бар. Қазақстанның ішкі нарығы сырттағымен салыстырғанда бәрібір арзан болады, – дейді ол.

Сарапшының айтуынша, мұнай мен газ өнімдеріне қойылған тарифтік шектеулер бағдарламасы инвестициялық климатқа кері әсер етуде. Елде бензин, керосин, газ бен басқа да жанар-жағармайдың бағасы әлем елдерімен салыстырғанда тым төмен. Инвесторлар қаржы құяр алдында қысқа мерзімде табыс көре алмайтынын білсе, жобадан бас тартады. Елде ірі 3 кен орнын игеріп отырған шетелдік компаниялардан басқасының бәрі өндірген мұнайын ішкі нарыққа өткізуге міндеттелген. Елде баға төмен болған соң, олардың жарытып табыс таппайтыны анық, салдарынан кей кәсіпорындар тозып, банкротқа ұшырауы мүмкін.

Алайда қай сценариді алсақ та тұтынушы аса ұтылмайды. Былтыр Энергетика министрлігі бекіткен құжатқа сәйкес, 2024 жылдан 2028 жылға дейін әр өңірде газ бағасы 3-15 пайыз шегінде ғана өсіп отырады. Яғни, әлемдегі ең төмен баға болып қала бермек.

Саланы қолдан реттеу тиімсіз

Қай кездегідей сала шикіліксіз емес. Сала мамандары елде артық газ жоқ екенін айтады, егер Ресейден тасымалдаса, баға одан сайын қымбаттайды. Өзге газ өндіруші елдерден ерекшелігі сол, Қазақстанда мұнаймен араласқанынан өзге газ, яғни таза газ кен орындары жоқ. Салдарынан нарық қажетті ресурстармен жеткілікті көлемде қамтамасыз етілмеген.

Құрылымы бойынша Қазақстанда өндірілетін газ – негізінен ілеспе мұнай газы. Бұл ретте елімізде өндірілетін бүкіл газдың 75 пайыздан астамы Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз жобаларына тиесілі. Соның ішінде Қарашығанақтағы жалпы өндіру көлемі 4 жыл бойы өзгеріссіз қалды, тек Теңіз бен Қашағанда 3 жылда біртіндеп ұлғайған.

Газ қоры жөнінен еліміз әлемде – 22, ТМД елдері арасында Ресей мен Түрікменстаннан кейінгі 3-орында екенін алға тартады. Бірақ әлемдік супергигант саналатын 3 бірдей алып кен орнын иеленіп отырған Қазақстан неге газға жарымай отыр?

Энергетика министрлігінің түсіндіруінше, мұнаймен ілесіп шыққан газдың бәрі бірдей нарыққа жол тартпайды. Оның 31 пайызын жер қойнауын пайдаланушылар жерасты қабаттарындағы қысымды ұстап тұру үшін кері жібереді. Мұндай айла-шарғы мұнайды барынша көп шығару үшін жасалады. Тағы бір бөлігі алауда босқа жағылады.

Газдың тағы 14 пайызын Karachaganak Petroleum Operating B.V. (Қарашығанақ), North Caspian Operating Company N.V. (NCOC, Қашаған) және Теңізшевройл (Теңіз) төл технологиялық мұқтаждықтарына жұмсайды, электр энергиясына және кәдеге жаратуға пайдаланады. Ал газ өңдеу зауыттарының техникалық жағдайына қатысты мәселені айтар болсақ, саланың болашағына байланысты күмән көбейе береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу