Қазақстанда айыппұлдың жаңа түрі іске қосылды

4148

Ол әсіресе, есепші-бухгалтерлердің, аутсорсингте өзге компаниялар атынан есептілік тапсыратын мамандардың үрейін ұшырып отыр.

Қазақстанда айыппұлдың жаңа түрі іске қосылды Фото: canva.com

2025 жылғы 13 наурызда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілген жаңа өзгерістер өмірге жолдама алды.

"Бұл өзгерістер және айыппұлдар бухгалтерлерге, аутсорсерлерге және жалпы алғанда, электронды цифрлық қолтаңбаны жеке мақсатына емес, жұмыс процесінде пайдаланатын барлық қазақстандықтарға қатысты болып отыр. Бұдан былай ЭЦҚ-ның кілтін бөтен адамға бергендер де, сондай-ақ өзгенің цифрлық қолтаңбасын пайдаланғандар да қатар жазаланатын болады. Бұл аяқ астынан енгізілген жаңашылдық емес: мемлекет оған ертерек дайындала бастады. Енді бизнес те бұл процестерін заңнамаға сәйкес келтіруге тиіс", – деп түсіндірді Учёт.kz сарапшылары.

Сонда қандай айыппұлдар енгізіліп отыр?

Аталған кодекстің "Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасын бұзу" деп аталатын 640-бабының 5-тармағы бойынша бұған дейін тек "Электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлтін басқа тұлғаларға заңсыз бергендерге" жаза қарастырылды:

  • жеке тұлғаларға – 10 АЕК (биыл 39 320 теңге),
  • лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субьектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 15 АЕК (58 980 теңге),
  • орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 30 АЕК (117 960 теңге),
  • iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 150 айлық есептiк көрсеткiш (589 800 теңге) мөлшерiнде айыппұл салынады.

2025 жылғы 10 қаңтарда Парламент қабылдап, Мемлекет басшысы қол қойған жаңа заңмен осы баптың 6-тармағына енгізілген және 13 наурызда күшіне енген өзгерістерге сәйкес, енді "Басқа адамның электрондық цифрлық қолтаңбасының жабық кілтін пайдалану" үшін:

  • жеке тұлғаларға – 50 АЕК (2025 жылы 196 600 теңге),
  • лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 100 АЕК (393 200 теңге),
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 АЕК (589 800 теңге),
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 200 АЕК (786 400 теңге) айыппұл салына бастады.

Неге бұл бухгалтерлер мен басқалары үшін проблемаға айналды?

Сарапшылардың айтуынша, басшылардың ЭЦҚ-сын пайдалану – бухгалтерлік істе, іс қағаздарын жүргізу саласында бұрыннан орныққан қалыпты тәжірибе болатын және ол бюрократиямен күреске сүбелі үлес қосты.

Мысалға, барлық ұйымдар әрбір айдың 15-іне дейін жалақыны аударып болуға тиіс. Сөйтпесе, айыппұл салынады. Алайда тізімдеме-ведомостьқа және ілеспе құжаттарға бірінші басшы қол қоймаса, есепшілер ақшаны аудара алмайды.

Содан директор ұзақ іссапар-командировкаға кетсе, жыл сайынғы демалыста болса, бухгалтерлер де, бүкіл ұжым да оның келуін зарыға күтіп отыратын. Соның кесірінен айлығын уақытылы алмаған жұмысшылар кредитінің төлемін дер кезінде енгізе алмай, пайызы өсіп, қарызға кіріп, қиындыққа қалатын. Немесе оны жалға алған пәтерінен қуып шығатын.

Құжаттарды келісімнен өткізіп, құптау тығырығынан басшының рұқсатымен оның ЭЦҚ-сын қолдану тәсілі шығарған еді. Мемлекет биыл оған тыйым салды.  

Сарапшылардың айтуынша, әсіресе, бухгалтерлер, аутсорсерлер және басқасы күнделікті күйбең тірлікте салықтық есептілікті уақытылы тапсыру, электрондық шот-фактураларға қол қою, e-otinish порталы арқылы өтініш-шағым жолдау, тіркеу және кадрлық құжаттармен жұмыс, мысалы, жұмысшыларды қызметінен босату немесе жұмысқа қабылдау, ЖШС-ны қайта тіркету және басқасы үшін басшыларының электронды цифрлық қолтаңбаларын сыртынан еркін пайдаланатын.

Мемлекеттік органдармен күнделікті өзара әрекеттестікте көптеген міндеттер мен тапсырмалар компания басшысының ЭЦҚ-сын жауапты қызметкерге сеніп табыстауы жолымен орындалатын.

Алайда депутаттардың айтуынша, мысалы, бухгалтерлер, уәкілетті тұлғалар меморгандарға компания атынан шағымдар жолдайды, ол туралы көбіне директор хабарсыз болып шығады. Содан шағым, кейде домалақ арыз өз ЭЦҚ-сымен бекітілгенімен, кейбір басшы оны өзі жазбағанын айтып, тайқып шығады.   

Бүгінде басқа адамның электрондық цифрлық қолтаңбасының жабық кілтін пайдалануға қатаң тыйым салынған соң бизнес алдынан сұрақ туындады: әрі қарай айыппұлға душар болмай, қалай жұмыс істеуге болады?

Мамандар тұйықтан шығарар бір жол барын айтады. Ол – өкілеттікті делегациялау деп аталады. Бұл шешім заңнамада бұдан бұрын қарастырылып қойылған.

2024 жылдың 8 маусымында қолданыстағы "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы" заңына өзгерістер енгізілді.

Оның "Электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану" атты 10-бабының 3-тармағына сәйкес, заңды тұлғаның басшысы немесе оны алмастыратын адам осы заңды тұлғаның жұмыскеріне немесе өзі тағайындаған адамға электрондық құжатқа қол қоюға өкілеттіктер беруге құқылы.

Бұл ретте "әрбір қызметкер тіркеу куәлігін және өз атына алынған электрондық цифрлық қолтаңбаның өзіне сәйкес келетін жабық кілтін пайдаланады". Яғни, қол қою уәкілеттігі "жабық кілтті берусіз" жүргізіледі.

Бұл қалай жұмыс істейді?

1-ші қадам: басшы ҚР Ұлттық куәландырушы орталығындағы жеке кабинетіне кіреді.

2-ші қадам: "Құқықтарды беру – Делегирование прав" мәзірінде өкілеттік беретін қызметкерді тағайындайды.

3-ші қадам: "Қол қою құқығы бар қызметкерді" таңдайды және оның ЖСН-ін енгізеді.

Осылайша, іс жүзінде бухгалтердің, аутсорсердің не басқасының төл ЭЦҚ-сы жасалады, онда оның ЖСН-і мен аты-жөні жазылады. Соның көмегімен ол салық есептілігін тапсырады, компания атынан басқа да қажетті іс-қимылдарды жүзеге асыруына болады.

Бұл ретте өкілеттіктердің басқаға табысталғанын құжат жүзінде рәсімдеу қажет. Мұны еңбек келісімшартына, шартқа қосымша түрінде, қосымша келісімшарт арқылы жасауға болады.

Онда нақты бір тұлғаға нақты қандай өкілеттіктер берілетіні анық көрсетілуге тиіс. Егер ол тұлға табысталған өкілеттіктерді асыра не теріс пайдаланса, бастығы күймейді, өзі жауап береді.

Бірақ бұл тетік те компаниялар тап болған мәселелерді тегіс шешпейді екен.

"Мен жауапкершілігі шектеулі серіктестікте жұмыс істеймін. Компанияның 2 құрылтайшысы бар. ЖШС-ның атқарушы органы – директор болып табылады. Ол құрылтайшы емес, үшінші тұлға. Бірақ ол да Қазақстан азаматы. Күндердің бірінде директор шетелге кетіп қалды және содан бері хабарласпай қойды. Оның тұрақты мекенжайын біз білмейміз. Бірақ ЭЦҚ-сын тастап кеткендіктен оның атынан компания жұмысын жүргізе бердік", – дейді Данияр есімді менеджер.

Алайда енді компания бұл мүмкіндіктен айрылды. Оның үстіне ЖШС-ға директорын ауыстыру қажет болып тұр.

"Директор елге оралып, бізге шығып, өз өкілеттігін басқа адамға делегацияламайынша, бұдан былай біз оның ЭЦҚ-сын пайдалана алмаймыз. Заңды бұза отырып, қол қойылған құжат кейіннен бәрібір жарамсыз деп танылады. "Электронды Үкіметтің" 1414 байланыс орталығына хабарласқанымда, оның маманы директорымыздың өзінсіз, оның ЭЦҚ кілтімен заңдастыруынсыз, заңды тұлғаның директорын ауыстыра алмайтынымызды түсіндірді. Салдарынан, құрылтайшыларымыз ЖШС басшысын ауыстыра алмай дағдарған жайы бар", – деді Данияр.

Бұл – жаңа жағдайда бизнес орта кезіккен проблеманың тек бір мысалы ғана болса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу