Қазақстанда өрістегі мал жаппай пышаққа ілінуде

12930

Аграршылар осылай дабыл қағып жатыр, бірақ статистика мұны растамады.

Қазақстанда өрістегі мал жаппай пышаққа ілінуде Фото: canva.com

Қазіргі кезде елімізден тірі малды шетелге шығаруға шектеулер қойылған. Бұған бұрынғы жылдары ел бюджетінен миллиардтаған субсидия бөліп, өсірілген ірі қара малдың табын-табынымен Өзбекстан мен Ресейге арзанға сатып жіберілуіне қатысты дау-жанжал ықпал етті. Салдарынан, өз елімізде ет өнімдері күрт қымбаттап, ет тапшылығы туындай жаздады.  

Сондықтан 2024 жылдың 8 қаңтарынан бастап Қазақстан аумағынан – сиырларды әкетуге, 2 ақпанынан бастап жасы – 12 айдан асқан бұқаларды әкетуге арналған сандық шектеулер күшіне енді. Шетелге өткізілетін ірі қара мал (ІҚМ) экспортына 35 290 квота, оның ішінде бордақылау алаңдарына 29 986 квота және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 5 304 квота берілді. Жасы 12 айдан асқан бұқашықтарды әкету лимиті 60 000 басты құрады. Оның ішінде бордақылау алаңдары үшін 30 000 бас және тауар өндірушілер үшін 30 000 бас болды.

2024 жылғы 11 наурыздағы жағдай бойынша бордақылау алаңдары өзіне берілген ірі қара малын экспорттауға бөлінген квотаны тауысып қойды. Ал, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің 24 696 бас квотасы қалған. Сондықтан, Ауыл шаруашылығы министрлігі шілде айында бордақылау алаңдарына – 2500 басқа квота берді.

Сондай-ақ, 2024 жылғы 26 шілдеде Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен отырысында Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелерi жөнiндегі ведомствоаралық комиссиясы (ВАК) Қазақстан аумағынан ІҚМ және ұсақ малдың аналық басын шетелге әкетуге тыйымды тағы 6 ай мерзімге ұзарту туралы шешім қабылдады. Мемлекет бұған сүт-тауарлы фермаларды көптеп салу және австралиялық әдіспен мал шаруашылығын дамытуды қолдау жөніндегі міндеттерді жүзеге асыру үшін барып отыр.

Енді мал өсірушілер жаппай шетелге сату мүмкіндігі болмаған соң, амалсыз асыл тұқымды малды сойып тастауға мәжбүр болып жатқанын айтып, дабыл қағуда.

ElDala мамандандырылған порталының жазуынша, Қазақстанда етті мал шаруашылығында биыл парадоксты жағдай қалыптасты. Бір жағынан, жаздың ылғалды, жауын-шашынның мол болуы арқасында шөп бітік шығып, бұрын-соңды болмаған рекордтық көлемде жем-шөп дайындалған. Ендеше мал қанша көбейсе де алдағы қыстан тарықпай шыға алады.

Екінші жағынан, Қазақстанда жайылымның тапшылығы кесірінен, билік ауылда ұсталатын мал санын шектейді. Бұл ретте жасы бір жылдан асқан ірі қара малды шетелге сатуға шектеу қойылғандықтан, бұл шаруашылықтардың экономикасын тиімді құруға мүмкіндік бермейтін көрінеді. Осы қиындықтар әсіресе, асыл тұқымды мал шаруашылығына ауыртпалығын түсіріп отыр. Олар бұрын негізгі табысын экспорттан тауып келіпті.

Саладағы жағдай туралы Қазақтың ақбас тұқымы республикалық палатасының атқарушы директоры Бақтияр Өтелбаев айтып берді.

Жалпы, осыдан кейін елдегі асыл тұқымды ірі қара малдың саны күрт өсуге тиіс еді. Алайда республикалық палатаның мәліметінше, тіркелген асыл тұқымды малдың саны да, сондай-ақ сатылатын жас малдың саны да құлдырауда.

"Атап айтқанда, 2023 жылғы 9 айда палата 58 410 асыл тұқымды ірі қара малды тіркеген еді. Ал, 2024 жылғы 9 айда 53 276 басы ғана тіркелді. Қолайлы жағдай туғызылса, мал басы 50% өседі деп күтілген. Оның орнына 10% төмендеп отыр. Бұл дегеніміз, асыл тұқымды малдың бір бөлігін фермерлер сойып тастап, етке айналдыруға мәжбүр деген сөз. Яғни, шамамен 30 мың басты біз жоғалтып алдық. Өйткені мұндай жағдайда асыл тұқымды малды өсіру жеткілікті түрде табысты-рентабельді болмай тұр", – деді Бақтияр Өтелбаев.

Нарықта ұсынылатын баға да фермерлердің көңілінен шықпады. Тіпті асыл тұқымды бұқалардың өзі құнсызданған. Мысалы, бұрындары түрлі байқауда чемпион атанған бұқалар ізінше сол конкурс аясында өткізілетін акционда 1,5 миллион теңге сатылып кететін. Биылғы байқауларда чемпион бұқалар 1 миллионға әзер өтіпті.

Негізі, 1 миллион теңге – жеңімпаздың емес, І-санаттағы қатардағы асыл тұқымды бұқаның құны ғана. Сонымен бір мезгілде, мал өсірушілердің барлық шығыны өсіп шыға келді. Бұған елдегі қымбатшылық пен инфляция, девальвация, өндіріс шығыстарының артуы түрткі болды.  

"Динамика бізді қуантпай тұр. Оның үстіне мұндай алаңдатарлық үрдіс бірнеше жылдан бері байқалуда. Егер өсірген малын ел ішінде не шетелде әділетті бағаға тұрақты түрде сата алмаса, сондай-ақ оның шығысы өсе берсе, онда фермердің дамуға ынта-ықыласы болмайды. Асыл тұқымды жас малға сұраныстың нашарлауының себебі бірнешеу: асыл тұқымды малдың экспортына тыйым салынуы да, ішкі нарықтағы сұраныстың төмендеуі де әсер етеді", – деді Қазақтың ақбас тұқымы республикалық палатасының атқарушы директоры Бақтияр Өтелбаев.

Оның айтуынша, мал өсірушілер бүгінде толық дерлік ішкі нарыққа жұмыс істеуде. Қазақстан халқы аз, нарығы шағын болғандықтан, ол етпен шектен тыс молығыпты. Мысалы, ет базарлары кешке қарай жабылып жатқанда, сөрелерде біраз ет қалып қоятынын байқауға болады. Қымбат етті сатып алуға қазақстандықтардың жағдайы келе бермейді. Кейінгі жылдары табысы азайды, тұрмысы күрт төмендеді.

"Тірі малдың экспортына тыйым салу арқылы Үкімет ішкі нарықтағы ет бағасын тұрақтандырудың қысқа мерзімді проблемасын шешеді. Алайда сол арқылы ол бүкіл ет өндірісінде ұзақ мерзімді проблема тудырды: салада даму жоқ. Себебі, тек экспорт қана жыл он екі ай бойы тұрақты сауданы кепілдендіреді. Сондықтан қазақтың ақбас тұқымын өркендетеміз десек, оның тіпті сиырының да шетелге экспортына жол ашатын кез келді", – деді Бақтияр Өтелбаев.

Республикалық палатаның мәліметінше, қазақтың ақбас тұқымындағы малға шетелден сұраныс бар. Qazaq Aqbas брендіне ие ірі қара мал Орталық Азия елдерінде – Қырғызстан мен Өзбекстанда танымал. Шектеу енгізілгенге дейін олар өз табындарын асылдандыру үшін қазақтың ақбас бұқаларын топ-тобымен сатып алатын. Үкімет енді оны тек ет күйінде шығаруға итермелеп отыр.

Дегенмен, Ұлттық статистика бюросы ірі қара малдың жаппай сойылып тасталып жатқанын растамады: 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда ірі қара малдың саны 8 миллион 395,7 мың басқа жетті. Салыстырсақ, 2023 жылы сиыр мен бұқалар саны 7 миллион 9,2 мың ғана болыпты.

Бір жыл ішінде ІҚМ саны 1 млн 305,5 мың басқа артты. Бірақ мұнда өңірлер тарапынан жасалатын "қосып жазулар" болуы мүмкін. Бүгінде Ұлттық статбюро жүргізіп жатқан мал санағы осы қазан айының соңына дейін аяқталуға тиіс. Оның қорытындысы елде шын мәнінде қанша төрт түлік бары белгілі болады.

"2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша республикадағы бүкіл ірі қара малдың 45,5%-ы – жұртшылық шаруашылықтарында, қорада, 44,2%-ы – шаруа немесе фермер қожалықтарында және дара кәсіпкерлерде, 10,3%-ы ғана – ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында ұсталады", – деп хабарлады статистика органы.

Сондай-ақ бір сиырға шаққанда орташа сүт сауымы да ұлғайған. Егер 1 сауынды сиырға келетін орташа сүт көлемі 2023 жылы 1 930 келіні құраса, 2024 жылы 9 айда 1 941 келіге дейін артты.

Ұлттық статбюро "2024 жылғы қаңтар-қыркүйекте бір сауылатын сиырға шаққандағы орташа сүт сауымы өткен 2023 жылғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,6%-ға өскенін" хабарлады.

Соның нәтижесінде, 2023 жылғы 9 айда 993 935,6 тонна сүт сауылса, биылғы 9 айда 1 070 993,3    тонна сүт алынған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу