Қазақстанда жақ-беті ақаулы балалардың саны өсіп барады

3446

Тіпті білім беру ұйымдарындағы сөйлеу қабілеті бұзылған балалардың саны 33 мыңнан асты.

Қазақстанда жақ-беті ақаулы балалардың саны өсіп барады Фото: cchp.ru

Қазақстанда соңғы онжылдықтарда туабітті жақ-бет патологиясы (ТЖБП), соның ішінде ерін мен таңдай жырығы бар балалардың саны өсіп келеді. Халық арасында бұл кемістік "қоянжырық", "қоян ерін", "қасқыртаңдай" (жырық таңдай) деп аталады. Белгілі ғалым, Қазақстанның балалар стоматологиялық қызметін ұйымдастырушысының бірі, профессор Тұрған Супиевтің дерегінше, бұл тұрғыда ең қауіпті өңірлер ретінде Қызылорда, Атырау, Маңғыстау және тағы басқа облыстар танылған: оларда мұндай кеселдің туындау қаупі жоғарырақ.

Ғалымның түсіндіруінше, негізінен ауру тұқым қуалайды немесе өңірдегі нашар климаттық жағдайлар салдарынан пайда болады. Негізгі факторлар – экологияның, ауаның ластануы, шектен тыс газдануы, ата-аналардың сапасыз тамақтануы.

Туабітті жақ-бет патологиясы (ТЖБП) бар балаларды емдеу және реабилитациялау мәселесін сенатор, педиатр-дәрігер Жанна Асанова көтерген болатын. Ол да мұндай патологияға душар болған балалардың туылуы белең алғанын айтады. Ресми статистика бойынша Қазақстанда соңғы үш жылда, жыл сайын жақ-беті кеміс, ерін және таңдай жырығы бар шамамен 1 мың сәби дүниеге келеді.

"Олар үшін мемлекет тарапынан перинаталды диагностика және бастапқы хирургиялық көмек бағдарламалары қарастырылған. Мұндай кішкентай пациенттер туыла сала, өз жасына қажетті ортодонттық және хирургиялық көмек алады. Сондықтан, бір қарағанда, проблема шешілгендей көрінеді. Шынында, операция әдетте бөбектердің өмірінің алғашқы айларында не жылында өткізіледі және ол тек жырықты жабуға бағдарланған. Сонда бала толыққанды тамақтанып, тыныс ала алады. Мемлекет осымен іс тынды деп санайды. Салдарынан, ары қарайғы өмірлік маңызды пластикалық операциялар да, коррекцияның басқа бағдарламалары да мемлекеттік медкөмектің стандартты көлемінде қарастырылмаған", – деді Жанна Бейсентайқызы.

Оның айтуынша, сауықтыруға мемлекеттің жеткілікті көмектеспеуі кесірінен, мұндай балалардың бет-аузы қисайып, көріксіз-кеспірсіз адамға айналып кетуі мүмкін.

"Қоянжырық, қасқыртаңдай балалар интуициялық машықтарының дамуы арқасында өзге құрбы-құрдастарына қарағанда жоғары әлеуетке ие деген пікір айтылады. Соған қарамастан, аномалияның зардабы және дөрекі хирургиялық араласулар кесірінен жақ-бет анатомиясы қатты өзгереді, деформацияланады, дұрыс емес тістем-прикус пен тіс қатарларының ауыр дефектілері қалыптасады. Мұндай балалардың сондай-ақ сөйлеу қабілеті, дикциясы қатты бұзылады. Салдарынан ТЖБП-ға душар болған балалар сыртқы түрінен ұялып, өзін елдің қоры сезінеді, адамдармен қарым-қатынасы қиындайды, депрессияға, апатияға ұшырайды. Мұның бәрі олардың психологиялық дамуына нұқсан келтіреді, ақыр соңында интеллект регрессиясына, кері кетуге соқтырады", – деді сенатор.

Осылайша, Үкімет жас ұрпақтың әрбір өкіліне "жалғызым" деп қарамауы, толыққанды сауықтырып, реабилитациялауға көңіл бөлмеуі кесірінен ТЖБП бар балаларды жарымжан, кемтар етеді. Оның үстіне, Жанна Асанованың айтуынша, сөз сөйлеудегі дефектілер, сөздерді дыбыстап айтудағы қиыншылықтар бұл балалардың тілдесу-коммуникациясын ғана емес, білім алуын да күрделі етеді, оқу үлгерімін құлдыратады.

"Патология, негізі, емдеуге келеді, толық жазылуға және әлеуметтенуге барлық мүмкіндігі бар. Бұл үшін мұндай балаларға ер жеткен жаста кешенді, үйлестірілген пластикалық, ортодонттық және логопедтік көмектер қажет. Бірақ мұндай көмек өте қымбат тұрады, мемлекеттік бағдарламаларда қарастырылмаған, ата-аналардың қалтасы көтере бермейді. Мысалы, сүйекті-шеміршекті түзету немесе ринопластика құны 1 миллион теңгеден жоғары тұрады. Ортодонттық брекеттердің бағасы 300 мың теңгеден басталады, логопед қызметінің 1 сабағы 5000 теңгеден жоғары. ТЖБП-сы бар балаларға жәрдемақы тағайындау және тегін ортодонттық емдеу туралы қолданыстағы қаулы аясында елімізде тек бірнеше клиника ғана қызмет көрсетеді. Оған брекет-жүйелер кірмейді", – деді Жанна Асанова.

Масқарасы сол, шамамен 4–5 жаста таңдай дефектісін жою операциясы жүзеге асырылады да, содан кейін мүгедектік алып тасталады. Тиісінше, жәрдемақы төлеу доғарылады.

Сондықтан Сенат депутаты Үкіметке ТЖБП-сы бар балаларға және жастарға арнап, эстетикалық пластикалық хирургия, содан кейінгі реабилитация қызметтерін көрсетуге бағытталған бағдарлама әзірлеп, енгізуді ұсынды. Бұл медкөмек жас бала кезінде жасалған операциялардың нәтижелерін жақсартар еді. Бұл әсіресе, жақ-бет сүйектерінің қатуы, өсуі және дамуы аяқталғаннан кейін ерекше өзекті бола түседі.
Жанна Асанова егер жеке бағдарлама қабылдау мүмкін болмаса, ең құрығанда қайырымдылық қорларының ресурстарын тарта отырып, мемлекеттік субсидия мен гранттар беруді ұсынды. Өйткені "Қазақстан халқына" қоры мұндай балаларға көмектеспейді екен.

Екіншіден, ол ТЖБП-сы бар балалар және жастар үшін күрделі ортодонттық жақ-бет коррекциясын жүргізу бағдарламасын қаржыландыруды сұрады.

Үшіншіден, білікті, тегін логопедтік қолдаудың мемлекеттік бағдарламасын іске қосу бастамасын көтерді. Оның аясында мамандандырылған педагогтік әдістеремелер әзірленіп, ТЖБП-сы бар балалармен және балалардың сөйлеу қабілеті бұзылған басқа санаттарымен жұмыс сапалы жүргізілуі қажет.
Мұның бәрі туабітті жақ-бет патологиясы (ТЖБП), соның ішінде ерін мен таңдай жырығы бар балалардың әлеуметтік өмірге бейімделуіне, бақытты өмір сүруіне зор мүмкіндік берер еді. Мемлекет те ұтады: ұрпақтың мыңдаған өкілі кемтар емес, ақылды және сау болады.

Өкінішке қарай, бұл бастамалардың бәрінен Үкіметтің бас тартқаны мәлім болды. Бұл туралы Сенатқа Премьер-министр Олжас Бектеновтің өзі жеткізді. Ол қабылданып жатқан шараларды жеткілікті санайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда жыл сайын ТЖБП-сы бар сәбилерге отандық клиникаларда 18 түрлі операция жасалады.

"2023 жылы 89,1 миллион теңге сомаға, 360 балаға ауыз қуысының құрылымдарын қалпына келтіру операциялары жүзеге асырылды. Соның ішінде ТЖБП-сы бар 168 балаға 53 миллион теңге бөлінді. 3 жыл ішінде ТЖБП бойынша бюджет есебінен 2,5 мыңнан астам эстетикалық операция жасалған. Балалардың жақ-бет хирургиясы технологияларын шетелден елге трансферттеуді және үйлестіруді "University Medical Center" ("UMC") корпоративтік қорының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы іске асырады", – деді Үкімет басшысы.

Оның мәліметінше, эстетикалық пластикалық хирургия және реабилитация бағдарламаларын дамыту үшін Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында 350 төсек-орынға арналған балалардың  хирургиялық корпусын салу жоспарланған. О.Бектеновтың сендіруінше, сонда пластикалық реконструктивті-қалпына келтіру хирургиясы бөлімі қарастырылады және ТЖБП-сы бар балаларға көмектің жаңа технологиялары ендіріледі.

"2023 жылдан бері ортодонттық коррекция мен ортодонттық көмек тегін медкөмектің кепілдендірілген көлемі және медсақтандыру жүйесі аясында ұсынылатын қызметтер тізбесіне кірді. Былтырғы 2023 жылы ТЖБП-сы бар балаларға ортодонттық коррекция бойынша 2,3 мыңнан астам қызмет, ортодонттық көмек бойынша 2,9 мың қызмет көрсетілді. Сондай-ақ білім беру ұйымдарында сөйлеу қабілеті бұзылған 33 мыңнан астам бала тегін коррекциялық көмек алуда", – деді Премьер.

Салада білікті кадр тапшылығы қалыптасқан. Осыған орай Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы психологиялық-педагогикалық мамандардың біліктілігін арттыру курстарын ашты. 2023 жылы бұл курстардан 350 арнайы педагог өтті. 2024 жылы тағы 350 маманның біліктілігін арттыру жоспарланған.

Бұдан бөлек, 2021–2023 жылдары "ересектердің, балалардың жақ-бет хирургиясы" мамандығы бойынша 84 дәрігер резидентурада оқыды. 2024 жылы 22 дәрігер оқуда. Үздіксіз кәсіби даму бағытында 11 хирург дәрігер жақ-бет хирургиясының өзекті мәселелері бойынша оқудан өтіпті.

"Қазіргі уақытта туабітті жақ-бет патологиясы бар балаларға көмекті жетілдіру үшін Денсаулық сақтау министрлігі ведомствоаралық жұмыс тобын құрды. Топ кадрларды даярлау, медқызмет тарифтерін белгілеу, психологиялық және логопедтік көмек, реабилитация, материалдық-техникалық жарақтандыру бойынша Жол картасын әзірлеумен айналысады. Балаларға медициналық көмекті жақсарту мәселелері Үкіметтің бақылауында", – деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.

Бақылау деген жақсы, бірақ жеткілікті көлемде бюджет қаражаты бөлінсе, жеке бағдарламасы болса, тіптен жақсы болар еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу