Қазақстандықтар көлік сатып алуға 119,7 млрд теңге жұмсады

11018

Отандық автозауыттар 9 айда 20 644 көлік сатты.

Қазақстандықтар көлік сатып алуға 119,7 млрд теңге жұмсады

Елімізде соңғы 9 айда 22 709 жеңіл және жүк көлігі, автобус, арнайы техника сонымен қатар түрлі тіркеме құрастырылды. Бұл үшін 140,9 млрд теңге жұмсалды.

"ҚазАвтоӨнеркәсіп" Қазақстан автокөлік саласы кәсіпорындары одағы директорлар кеңесінің басқарма төрағасы Олег Алфёровтың айтуынша, автокөлік өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 70,3% өсім көрсеткен.

"Жеңіл автомобиль өндіру 82,6%-ға  өсіп, 21 137-ге жетті. Құрастырылған көліктердің 13 365-і "Азия авто" АҚ-ға,  7 772-сі "СарыарқаАвтоӨндіріс" ЖШС-ға тиесілі болды", – деді Олег Алфёров.

Оның сөзінше, автобус пен жүк көлігі өндірісінің көрсеткіші төмен болған.

"Қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысында автобус шығару көлемі 1,9 есе, жүк көліктерінің өндірісі 17,2 есе қысқарды. Соңғы 9 айда 231 автобус , 802 жүк көлігі құрастырылды", – деді басқарма төрағасы.

Отандық автозауыттар 9 айда 20 644 көлік сатыпты. Бұл туралы Олег Алфёров: "Өткен жылмен салыстырғанда биылғы нәтиже 58,2%-ға жоғары болды", – деді.

Көлік сату бойынша "АЗИЯ АВТО" АҚ 57,2% көрсеткішпен көш бастапты. Олег Алфёровтың мәлімдеуінше, "АЗИЯ АВТО" компаниясы 11 802 көлік сатқан. "СарыарқаАвтоӨнеркәсіп" ЖШС 7 866 көлік өткізіп, екінші орынға орналасқан. Қалған орындарды "СемАЗ" ЖШС, "КАМАЗ-Инжиниринг" АҚ, "Hyundai Trans Auto" ЖШС  және "Daewoo Bus Kazakhstan" ЖШС өзара бөліскен.

Ел азаматтары отандық көлік сатып алуға 119,7 млрд теңге жұмсаған. Басқарма төрағасы бұл бір жыл бұрынғыдан 59,6%-ға жоғары көрсеткіш екенін айтты.

Сатылым көрсеткіші бойынша әдеттегідей Lada маркасының бәсі биік болды. 9 айда 9 414 Lada сатылды. Есепті кезеңде 5 494 Hyundai, 1 658 KIA, 978 JAC, 715 Chevrolet өз иесін тапты.

2016 жылы 21 қарашада қолға алынған ескі көліктерді қабылдау жобасына қатысушылар саны биыл едәуір артыпты. Олег Алфёровтың дерегінше, ел азаматтары ескі көлік қабылдау орталықтарына 20 224 автокөлік өткізген.

"Ескі көліктің орнына отандық автокөлік сатып алуға ниет білдірген азаматтарға 10 898 сертификат берілді. Барлығын қоса есептегенде 9 айда автосалондар 11 408 сертификатқа 6 201 автокөлік сатты", – деп түйді сөзін Олег Алфёров.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу