Қазақстандықтар машина алудан рекорд орнатты

11689

Өткен он ай ішінде отандастарымыз "темір тұлпар" сатып алуға жарты триллионға жуық ақша жұмсаған.

Қазақстандықтар машина алудан рекорд орнатты

Осынша қаржыға 47 мыңнан астам жаңа автокөлік алды.

Нақтырақ айтсақ, қараша басындағы жағдай бойынша жыл басынан бері ресми дилерлер тек ішкі нарықта ғана 47 мың 139 автомобиль сатқан. Оның өзінде бұл қатарға жеке тұлғалардың шетелден – Ресейден, Қырғызстаннан, Моңғолиядан және басқа мемлекеттерден өз беттерінше айдап әкелген ұсталған және жаңа көліктер кірмейді. 

Бірақ сонда да ресми дилерлер, автосалондар арқылы сатылған көліктер санының өзі былтырғымен салыстырғанда, бірден төрттен бірге, 27,4%-ға ұлғайып шыға келді.

Бұл ретте "КазАвтоПром" сарапшыларының хабарлауынша, азаматтар өз елімізде автокөлік сатып алуға 403,3 миллиард теңге немесе 1,2 миллиард доллар қаражат шығындады. Сөйтіп, жұртшылық көлікке бағыттаған ақшасының көлемін өткен жылғыдан бірден 38,8%-ға арттырып отыр.

Өз кезегінде "Қазақстандық автобизнес қауымдастығы" тағы бір рекордты тіркеді: "темір тұлпарлардың" саудасы өткен қазан айында қызып, жаңа асуды алыпты. Жалпы, биыл авторитейл (бөлшек сауда) нарығы ай сайын 5 мың көліктен өткізу межесіне қол жеткізді.

Нақтырақ айтқанда, отандастарымыз биылғы қаңтарда 3 мың 273 су жаңа автомобиль сатып алса, ақпанда бұл көрсеткіш 4 мың 252, наурызда – 4 мың 278, сәуірде – 4 мың 571-ді, мамырда – 5 мың 278, маусымда – 5 мың 568, шілдеде – 5 мың 233, тамызда – 5 мың 528, қыркүйекте – 5 мың 718 болған. Ал қазанда қазақстандықтар бірден 5 мың 814 көлік құралын сатып алыпты.  

Рас, қауымдастықтың дерегі бойынша жыл басынан бері автосалондар 47 мың емес, 49,5 мың көлік сатқан. Және бұл бірлестік мамандары жыл соңына дейін бұл қарқын тек сақталып қана қоймай, белсенділіктің одан әрі артатынын айтады.

"Қай жылды алсақ та, жылдың соңғы айлары – ең белсенді кезең. Дәстүрлі түрде жаңа автокөліктердің ең үлкен сатылымы да осы айларға келеді. Осы орайда кейбір дәулетті азаматтарымыздың "жаңажылдық сыйлық" ретінде көлікті тарту ететінін де есте ұстаған жөн", – дейді Қазақстандық автобизнес қауымдастығы.

Айта кету керек, осы деректерге тек жеңіл көлік қана емес, басқа техникалар да кіріп отыр. Мысалға, өткен ай қорытындысында, отандық дилердер 350 жүк көлігі мен автобус өткізген.

2018 жылдың басынан бері отандық автонарық 27%-ға ұлғайды. Салыстыру үшін айтсақ, өткен жылғы қаңтар-қазан айларында ел ішінде небары 39 141 автомобиль сатылса, биыл бұл меже 49 мың 514-ке жетіп отыр. Осылайша, қазірдің өзінде бұл сан 2017 жылғы тұтас 12 айдағы сауда көрсеткіштерінен асып түсті.

Жалпы алғанда, ең көп сатылған жеңіл автокөліктердің "ондығын" қазан айында да әдеттегідей ресейлік арзанқол Lada (1 мың 151 данасы) бастады. Бірақ отандастарымыздың оған деген көңілі "суи" бастағанға ұқсайды. Өйткені саудасы қыркүйек айымен салыстырғанда бірден 13,3%-ға кеміп кеткен. Ал жыл басынан бері осы маркадағы 10 808 авто сатылды.

Екінші орында Toyota тұр. Айтпақшы, әзілқойлар арасында "қазақ Тойота алмаса, тоят таппайды" деген сөз бар екен. Өткен айда бұл марканың 1 040 данасы өз елімізде қожайынын тапты. Жапондық бренд те 10 209 дана өнімін өткізіп, қазақстандық нарықтағы негізгі табысты қанжығалады. Оның саудасы былтырғыға қарағанда, осы жылы үштен бірге, 33,7%-ға өсуде.

Көшбасшыларды Қостанайда құрастырылатын Hyundai көліктері қуып жетіп қалды: бір айдағы көрсеткіші – 900 (+4,4%), ал жыл басынан бергі жетістігі 6 602 сатылған көлік.

Кейінгі орындарда Kia (он ай қорытындысында – 2247 немесе +17,1%), Nissan (1934), өзбектің Ravon-ы (1 727 немесе -49,3%), Renault (1 597, -25,2%), Volkswagen (1 218, +1,2%), Lexus (1 192; +23,1%) және JAC (1 036; +108,9%) орналасты.

Автокөліктердің жекелеген маркасын алар болсақ, "Toyota Camry" алдына қара салмайды: қазан айында 439-ы сатылған. Ізін ала "Lada 4x4" (357), "Lada Vesta" (321), қостанайлық "Сарыарқаавтоөнеркәсіп" құрастырған "Hyundai Elantra" (287), "Hyundai Tucson" (241), "Hyundai Accent" (218), "Toyota Land Cruiser Prado" (207) және басқалары келеді.

Жаңа автокөліктердің көбін алматылықтар сатып алатыны анықталды: биылғы жалпы санның оларға 13 270 данасы тиесілі. Алатау бөктеріндегі шаһар тұрғындары Toyota (3 590) мен "Hyundai"-ды (2 078) таңдайды.

"Темір тұлпардың" өзгенің тақымын көрмеген жаңасына құмартушылардың тізімінде астаналықтар екінші тұғырда тұр: бас қалада жыл басынан бері 9 мың 695 жаңа көлік иесін тапты. Елордалықтардың қалауы да осыған ұқсас – "Toyota" (2 636) мен "Hyundai" (1 675). "Үштікті" 3 636 авто көрсеткішімен Атырау тұйықтайды: атыраулықтардың таңдауы "Lada" (1 224), "Toyota" (642) және "Hyundai"-ға (337) түсті.

Негізі, биыл сатылған жеңіл көліктердің 24 мың 768-і немесе 52,5%-ы шетелден әкелінген өнімдер болып отыр. Ал 22 мың 371 сатып алушы немесе 47,5%-ы отандық автоөнеркәсіпке қолдау көрсетіп, Қазақстанда құрастырылғанын алды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу