Нарық отандық көлікке сенім артады

Артур Мискарян Артур Мискарян
17518

Баға өзгеретін болса, ең алдымен импорттық автокөліктердің құны қайта есептелуі мүмкін.

Нарық отандық көлікке сенім артады

Нарық қатысушылары доллар бағамына қатысты соңғы күндердегі өзгеріске байланысты жақын арада автокөлік бағаларын түзетпейді, бұл туралы abctv.kz  тілшісіне "ҚазАвтоӨнеркәсіп" салалық одағы мен қазақстандық автобизнес қауымдастығы хабарлады. Дилерлердің қоймаларындағы қор бұрынғы бағаммен сатып алынған, ал валюта нарығындағы қазіргі жағдайды сала өкілдері қысқамерзімді деп бағалап отыр.

Сала өкілдері бұған дейін біршама байсалды болжам ұсынған болатын. Ол бойынша, автодилерлердің саудасы биылғы жылдың соңына қарай 2017 жылғы деңгеймен салыстырғанда 20-25%-ға дейін өседі делінген, ал оптимистік болжам бойынша 35% өсім болмақ. Болжамды қайта қарауға еш негіз жоқ деп отыр "ҚазАвтоӨнеркәсіп" одағының директорлар кеңесінің төрағасы Олег Алфёров.

"Бағамның қазіргі құбылмалығы шикізат жағдайының нашарлауынан болып отырған жоқ. Бір баррельдің құны бұрынғыша 70 доллардан жоғары. Сондықтан нарықтық болжамдарды қайта қарауға әзірге еш негіз жоқ. Дегенмен ол осы саланың импортқа тәуелді екенін талқылаудың тағы бір себебіне айналып отыр. Автокөлік нарығы – қазақстандық ретейлдің ең бір осал сегменттерінің бірі. Еуразиялық одақ құрылғанға дейін қазақстандағы сұраныстың 90 пайызы елге дайын күйінде келетін автокөлікке тиесілі болатын. Отандық автокөлік зауыттары ішкі нарықтың тек 10 пайызын ғана қамтамасыз ететін. Тіпті 2017 жылға дейін жергілікті құрастырылып сатылған бір көлікке үш импорттық көліктен келген", – деді Олег Алфёров.

Автосалондар жақын арада бағаны қайта қарастырмайды, алайда қазақстандық автобизнес қауымдастығы импорттық көліктер бағасы қайта қаралуы мүмкін деп топшылайды.

"Кез келген басқа индустрия сияқты Қазақстанның автомобиль нарығы да макроэкономикалық және геосаяси факторлардың әсеріне тәуелді. Сондықтан доллардың құбылмалығы экономиканың әртүрлі секторына белгілі бір әсері болатыны анық, оның ішінде автоөнеркәсіпте бар. Валютаның құбылмалығы, ең алдымен, дилерлердің көптеген шетелдік брендтерге баға ұсыныстарын қайта қарауға итермелеуі мүмкін, алайда жақын уақытта мұндай шешімдер қабылданбайды", – дейді ҚАБҚ. Қауымдастық бағаны бұрынғы деңгейде сақтап қалуға дилерлердің қоймаларындағы қор ескі бағаммен сатып алынғаны да тағы бір себеп деп отыр.

Сала өкілдері егер доллар бағамының өсуі жалғасатын болса, онда бірінші кезекте импорттық көліктер бағасы қайта қаралуы мүмкін екенін айтты.

"Валютаның құбылмалығы соңғы үш-төрт күнде ғана болып отыр, қандай да бір шешім қабылдау әлі ерте, мұның барлығы қысқамерзімді жағдай болуы мүмкін. Мемлекет автокөлік нарығын қорғауға бар мүмкіндікті жасап отыр, алайда тәуекелден жүз пайыз сақтану мүмкін емес", – дейді ҚАБҚ өкілдері. Мұндай жағдайда отандық құрастырудан шыққан көлікті сатып алушыға қатысты тәуекел аз болады, өйткені оларға жеңілдетілген несие беру бағдарламасы қарастырылған.

"Доллардың күрт құбылуы біріншіден психологиялық әсер береді. Теңгенің әлсіреп кеткеніне тұтынушылардың реакциясы қандай болады? Бұрынғы бағамен көлік алып қалу керек. Осылайша доллардың құбылмалығы сатып алушыларды осындай шешім қабылдауға итермелейді", – деді Олег Алфёров. 

"ҚазАвтоӨнеркәсіп" өкілдері болса жергілікті құрастыру деңгейін арттыру мен компоненттер базасын кеңейту отандық автозауыттардың валюталық құбылмалыққа тәуелді болуын төмендетуге мүмкіндік береді деп отыр.

"Елімізде жерсіндірілген өндірістен шыққан автомобиль техникасының көрсеткіші орташа есеппен 35 пайызға тең. Қазақстандық құрастырудан шыққан сұранысы зор бірқатар модельдер бойынша 44 пайызға дейін жетіп отыр. Нарықтық үлеспен қатар бұл сала кәсіпорындары үшін ең басты өсу аймағы болып табылады. Қайта өңдеуді өсіріп, өзіміздің компаненттік базаны құру қажет", – деп есептейді салалық одақтағылар.  Бүгінгі күні  елімізде құрастырылған автомобильдер құнының үштен бір бөлігі жергілікті өндіріске тиесілі.

Сала өкілдері жеңілдетілген автонесие берудің мемлекеттік бағдарламасын қосымша қаржыландыру, жергіліктендіруді арттыру, теңгелік капиталға жол ашуды отандық нарықтың бағамның құбылмалығына тәуелді болуын төмендетудің құралдары ретінде қарастырып отыр. Сондықтан автоөнеркәсіп үшін ұзақмерзімді ақша саланың келешегі табысты болуы үшін, сондай-ақ экспорттық жеткізуді арттыруға қажет.

"Отандық өндірушілер қазақстандық тұтынушыға валюта бағамының өзгергеніне қарамастан, бұрынғыша нарықта жақсы баға ұсынатынына кепіл бере аламыз. Яғни отандық өндірушілердің бағасы импорттыққа қараған әлдеқайда тиімді болады", – дейді Олег Алфёров.

ҚАБҚ өкілдері импорттық көлік сатып алғысы келгендерге "ұзақ ойланбау керектігін, өйткені валютаға қатысты жағдай түсініксіз, сондықтан дилерлер мен өндірушілер бағаны өзгертпей тұрған сәтті пайдаланып қалу керек" деп кеңес беріп отыр.

Гүлназ Ермағанбетова, Артур Мискарян

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу