"Қоғамда сау емес қарым-қатынас өте көп": Психолог абьюзерлік қысымнан құтылудың жолын айтты

1284

Абьюзерлік қарым-қатынастан қалай шығуға болатыны белгілі болды.

"Қоғамда сау емес қарым-қатынас өте көп": Психолог абьюзерлік қысымнан құтылудың жолын айтты Фото: Prostock-studio/Shutterstock/Fotodom

Осыдан бір ай бұрын әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заң күшіне енді. Ел ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң деп аталып кеткен маңызды құжат осы жылдың сәуір айында қабылданды. Сарапшылар тиісті заңдағы негізгі аспектілерге тоқталған болатын. Олар қылмыс санының азаюына тек бір бап емес, толық қоғам болып атсалысуымыз керек деген пікірді алға тартты. Жалпы отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін не істеу керек? Психоанализ бағытындағы практик-психолог Гүлзат Қанат inbusiness.kz сайтының тілшісіне берген сұхбатында абьюзерлік қарым-қатынастан шығудың жолдарын айтты.

Отбасындағы тиран дегеніміз кім? Оны қалай анықтауға, танып білуге болады?

Тұрмыс құрарға дейін бірнеше мәселенің басын ашып алған дұрыс. Әрине, бұл 100 пайыз кепілдік бермейді, алайда қазір белең алып бара жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылық, ажырасу секілді мәселелердің алдын алар еді. Болашақ жардың қаржылық жағдайы, құмар ойындарға әуестігі бар ма, ата-анасына, бауырларына ірі қаражат бере ме, өзінде не отбасы мүшелерінде тәуелділік бар ма – осыны анықтап алу керек. Генінде психикалық ауытқуы бар адам бар ма, ата-анасы ерлі-зайыпты ретінде қалай тұрады, бұл отбасында ұрып-соғу норма ма, жоқ па, жігіт ашуын қалай шығарады деген мәселелер де бар. Одан кейін репродуктивті денсаулыққа да мән берген жөн. Опасыздыққа, көп әйел алуға көзқарасы қандай? Тек қыз не ұл туса немесе мүлде бала болмаса, қалай әрекет етеді? Отбасы құрғаннан кейін қайда, кіммен тұрады? Бұл сұрақтарға өзіңіз де ашық жауап беруіңіз қажет. Екі жас қыз-жігіт болып кездесіп жүрген кезде "бұл менің өмірлік жарым" деп саналы түрде үйленуі керек. "Жасым 30-ға жақындады", "айналам үйлен деп жатыр", "ата-анама келін керек" деген сияқты түсініктерге жол бермеген жөн. Олар бір-біріне тек қана жұбай таңдамайды, өмірлік жолдас, болашақ балаларының әкесі мен анасын таңдайды. Мысалы, ол екеуі репродуктивті денсаулығы сау болып, баланы дүниеге әкелуі мүмкін. Әрі қарай жақсы әке бола ала ма, әйел декретте отырғанда ақша таппайды, балаға күтім жасайды. Мемлекеттен берілетін қаржы азғантай, қажеттіліктерді толықтай жаппайды. Сондықтан да салмақ ер адамға түседі.

Бұрынғы заманда қазақ қоғамында әйелдің орны бөлек болатын. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетіп жүрген әйелдер қалайша тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына айналды?

Біздің қоғамда бұрынғы қазақтар жеті атадан қыз алыспаған, текті, қаны таза деп соншалықты идеал қылады. Бірақ, шын мәнінде, өмірде ешқандай идеал адам жоқ, ұлт жоқ. Жалпы адамзат ондай мінсіз емес. Мысалы, байырғы қазақ қоғамында да түрлі зорлық-зомбылықтар, психикалық ауытқулар, түрлі заманда нәубеттер болды. Ашаршылық кезінде бір ананың ұлын құтқарып қалу үшін қызын қасқырларға тастап, қашып құтылуы сынды естеліктер кездеседі. Олар – үлкен буын, балаларына бұл травма беріледі. Бұл нәрсе өткерілмегеннен кейін психикаға салмақ түседі. Бір отбасы емес, елдің тарихын алып қарасақ та, өте ауыр кезеңдер болды. Бұрынғы қазақ сондай бір идеал өмір сүрген деп өтірік айтудың қажеті жоқ, бұл шындыққа жанаспайды. Өйткені қазақтың тарихында түрлі аумалы-төкпелі кезеңдер болды. Ондайды көріп өскен баланың психикасына бұл ауыр травма. Содан кейін оның басында әртүрлі нәрсе қалыптасуы мүмкін. Яғни, ер адам құндырақ, әйел адам құнды емес деген сияқты. Тіпті қазіргі шектен тыс діни фанатизм де "әйел бір саты төмен тұруы керек" деген жалған түсініктерді енгізеді. Солардың барлығының әсері бар. Қазақ қоғамы түрлі кезеңді өткергенін мойындау керек, қай жерде әйелге деген көзқарас өзгеріп кеткенін түсіну керек. Мұның емі – психологтың алдында отырып, трансгенерациялық травма деген бар, ұрпақаралық травманы талқылау керек. Оның шешімі сол ғана. Бұрынғы қазақ идеал өмір сүрген деп, әдемі образ жасап, бүгінгі жастар жаман, оларды батыс бұзды деп жалған нәрсе айта берсек, ешқандай да өсіп-өркендеу болмайды.

Абьюзерлік қарым-қатынастан қалай шығуға болады? Мұндай жағдайда жүрген адамға қалай көмектескен жөн?

Ең бірінші қадам – қысым көріп жүрген адам, жәбірленуші сондай жағдайға тап болғанын ең бірінші өзі мойындауы керек. "Суға кеткен тал қармайды" деген мақал бар. Яғни, қиындық көріп жүрген адам маған көмектесіңдер деп өзі талпынуы керек. Бұрын көршілерінде ұрыс-керіс болып жатса, полиция шақырасыз, бірақ жәбір көрген әйел ештеңе болмады деп айтса, ешкім ештеңе істей алмайтын еді. Қазір заң өзгерді, бәрі басқаша. Бірақ түптеп келгенде сіз біреуге "сен қысым көріп отырсың", "абьюзерлік қарым-қатынаста жүрсің" деп өз көмегіңізді міндеттей алмайсыз. Ең бірінші ол адам өзі бас көтеруі керек. Психологтарға бара ма, құқық қорғау органдарынан көмек сұрай ма немесе арнайы заң өкілдеріне жүгіне ме – жәбірленушінің өзі сол қарым-қатынастан шығуға талпынуы керек. Одан кейін психолог тартылып, қылмыс белгілері болатын болса, құқық қорғау органдары қосылады, әрі қарай заң бойынша бәрі шешіледі.

Бишімбаевтың кейсін еске түсірсек. Қоғамда мұндай мысалдар неге әлі көп?

Бишімбаевтың (ред. – бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев) соты үлкен резонанс тудырды. Оны бүкіл Қазақстан, шетел қарады. Мұндай реакцияның болуы заңды. Ол кісі лауазымда болған адам. Біздің қоғамда билігі бар адамның әділетсіздік жасауы жаңалық емес. Ондай мысалдар көп. Мәселен, біреуді ұрып кетті, соғып кетті, бірнеше миллиардты жеп кетті дегендей. Жемқорлық бар, басқасы бар, тамыр-таныстық бар – мұндай әділетсіздік өте көп. Бұл отбасылық зорлық-зомбылық аясында ғана қарайтын іс емес, жалпы біздің қоғамда сау емес қарым-қатынас, басқару институтындағы әділетсіздіктер, олқылықтарға деген қоғамның бір реакциясы болды. Қоғамда сау емес қарым-қатынас өте көп. Мысалы, әлсізге  доқ көрсету, әлімжеттік көрсетуді біздің қоғам қалыпты деп қабылдайды. Баланы ұруға болмайды деп айтсақ, айыптап шыға келетіндер бар. "Қазақ қамшымен тәрбиелеген", "әйелді бастан, баланы жастан" деп тағы өздерінікін айтып шыға келеді. Бұл норма емес, баланы ешқандай жағдайда ұруға болмайды. Психикасы сау адам балаға сөзбен түсіндіреді. Баланы ұрып-соғуды, оны балағаттауды қолдау дұрыс емес, Тап солай әйелдерге, қыз-келіншектерге "сенің орның бір саты төмен", "келін қызмет ету керек, ол міндетті" деу де дұрыс емес. Бұл да сау қарым-қатынас емес. Қоғамымызда сау емес қарым-қатынасты дәстүрмен, дінмен ақтап алу деген өте көп. Дәстүрдің де ескіретіні бар.

Сау қарым-қатынас туралы жиі естиміз. Оған қалай қол жеткізуге болады?

Әркім өз психикасын емдеуге талпынуы керек. Мысалы, бала кезінен ата-анасынан таяқ жеп өскен адам саналы түрде "мен баламды ешқашан ұрмаймын" деп өзіне уәде беріп, қол жұмсамауы мүмкін, бірақ балаларына ауыр сөз айтып жіберуі мүмкін. Бұл агрессормен идентификациялану деп аталады. Яғни, ол балалық шағында өз басынан зорлық-зомбылық өткенін білді ғой, саналы түрде қанша жерден істемеймін дегенімен, әкесі сияқты қолмен ұрмаса да, баласын басқа тұстан "ұрып жіберуі" мүмкін. Адам сау қарым-қатынас құрғысы келсе, ең әуелі өзінің психикасына түскен травмаларды емдеуі керек. Травманы сізге кім түсірсе де – әке-шешеңіз, ағаңыз, ата-әжеңіз болсын, емделу сіздің жауапкершілігіңізде. Мысалы, басыңызды біреу жарып кетсе, сондай баспен жүре бермейсіз ғой, дәрігерге барып қараласыз. Тап сол сияқты жаныңызға түскен жараны да жуып-шаю, тазалау – сіздің міндетіңіз. Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып тек қана алтын-күміс әшекейлер ғана қалмайды, адамның руы, тегі ғана берілмейді, олардың травмасы да беріледі. Мысалы, бір отбасында 40 жасқа жетпей кілең ер адамдар қайтыс бола береді дейік, ол да бір сол әулетке тән ұрпақаралық травма болуы мүмкін. Оның себебін психологтың кабинетінде психоанализ бағытында түбегейлі анықтауға болады. Психоанализ бағыты ұзақ, онда тек қана бір-екі сауалыңыз ғана емес, барлық аспектімен жұмыс істелінеді. Қазір түрлі аффирмациялық, коучтік жүйелер бар, олар "сен мықтысың" деп айтады. Адам психикасы үшін артықшылықтарымызды да, кемшіліктерімізді де мойындауымыз керек.

Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу