Көлікті 5 минуттан артық қыздыруға қатысты жағымды жаңалық жария болды

275

Тыйым қоғамда кең резонанс тудырды.

Көлікті 5 минуттан артық қыздыруға қатысты жағымды жаңалық жария болды Фото: © Sputnik / Абзал Калиев

Сарапшылардың бір бөлігі бұл талаптың экологияға келтірілетін зиянды азайту, атап айтқанда атмосфераға пайдаланылған газдарды, "автокөлік құралының құбыры арқылы қозғалтқыштың цилиндрлерінен немесе жану камераларынан шығарылатын газдар қоспасын" шектен тыс шығармау үшін қабылдануы мүмкін екенін болжады.

Шынында, полицейлердің айтуынша, далада ұзақ қызып тұрған автокөліктер тұрғындардың мазасын алады. Бұл туралы ІІМ басшысы мәлім етті.

Оның айтуынша, құқық бұзушылықтардың басым бөлігі Жедел басқару орталықтары камераларының және автоматтандырылған жүйелердің көмегімен анықталады.

"Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №534 бұйрығымен бекітілген Жол жүрісі қағидаларының 88-тармағының 5) тармақшасына сәйкес, егер тұрғындарға қолайсыздық келтіретін болса, елді мекендерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған механикалық көлік құралдарының тоқтап тұруына тыйым салынады", – деді Ішкі істер министрі Ержан Саденов.

Осыған ұқсас талап Жол жүрісі қағидаларының 17-тарауының 122-тармағының 4) тармақшасында да бар екен.

Осының алдында Мәжілістің бір топ депутаты "5 минуттан көп қыздыруға" тыйым енгізуге қарсылығын білдірген болатын.

Мәжілісмен Серік Ерубаевтың айтуынша, бұл қабылданғанына 20 жылдан асқан норма. Бірақ бұрын полиция оны қолданбады, ешкімге де тыйым салмады.

"20 жылдан артық уақыт қолданбай, енді көліктердің қозғалтқышы 5 минуттан астам жұмыс істеп тұрғаны үшін айыппұл салу белсенділігін қалай түсінуге болады? Әлде бұл да бюджетті толтырудың бір тетігі ме?! Негізсіз айыппұлдарды қолданудан ең алдымен көлік жүргізушілері мен кәсіпкерлер зардап шегеді. Мысалы, үй жанындағы дүкендерге көліктен тауарларды тиеу және түсіру әдетте 5 минуттан көп уақытты алады. Сондай-ақ, далада минус 20 градус аязда, температура қатты төмендегенде қозғалтқышты өшіріп қою қисынсыз", – деді мәжілісмен Ерубаев.

Бұдан бөлек, депутаттың айтуынша, сақылдаған сары аязда балаларды мектептен, балабақшадан алып кетуге келген ата-аналар немесе бастықтардың көмекшілері суық салонда отырса, қатып, ауырып қалуы мүмкін.

Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметінше, бүгінде елде 5 млн 579,4 мың автокөлік бар. Тарата айтқанда, 20 жыл бұрын өндірілген автомобильдердің үлесі – 44,8%, 10 жылдан 20 жылға дейінгі көнерген көлігі – 23,8%, 7-ден 10 жылға дейінгісі – 11,9%, 3-тен 7 жылға дейінгі көліктердің үлесі – 13,1%. Шығарылғанына 3 жылдан аспайтын жаңа автомобильдердің үлесі автопарктің 6,2%-ын ғана құрайды.

Депутат Ерубаевтың айтуынша, көлік неғұрлым көне болса, әсіресе, қыс уақытында ауыл-аймақтарды қатты аяз қысқанда, машинаны жылытуға соғұрлым көп уақыт кететіні айдан анық.

Депутаттардың сауалына жауап берген ІІМ басшысы клиентін күткен таксишілерге немесе дүкенге жүгін түсіріп жатқан жүк көлігінің жүргізушілеріне айыппұл салмауға тырысатындарын жеткізді.

Министрдің түсіндіруінше, тоқтап тұру дегеніміз – "көлік құралының жүрісін жолаушыларды отырғызуға немесе түсіруге не көлік құралын тиеуге немесе түсіруге байланысты емес себептер бойынша 5 минуттан асатын уақытқа әдейі тоқтату".

"Осылайша, егер автокөлік жұмыс істеп тұрған қозғалтқышпен 5 минуттан артық тұрса және бұл тұрғындарға қолайсыздық тудырса, онда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 597-бабының 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың құрамы қаралатын болады. Сонымен қатар, ішкі істер органдары азаматтарға осы бұзушылық үшін жаппай айыппұл салуды мақсат етіп отырған жоқ", – деп сендірді Ішкі істер министрі Ержан Саденов.

Оның айтуынша, полиция тек тұрғыннан шағым және соны айғақтайтын видео қатар түссе, әкімшілік іс қозғалатынын ескертті. Бірақ халықтың наразылығына байланысты бұл талап жойылуы не жұмсартылуы мүмкін екен.

"Сөз болып отырған бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс азаматтардың шағымдары келіп түскен кезде және бұзушылық туралы дәлелдер болған кезде ғана қозғалатынын атап өтеміз! Қазіргі уақытта Қазақстанның Ішкі істер министрлігі жол қозғалысы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге өзгеріс енгізу мәселесін қарауда", – деді министр Саденов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу