Қазақстанның сыйлығына Германия фермерлері неге жаппай қарсы шығып жатыр?

826

Елімізде кәмшаттар қаптап кетті (зоологиялық атауы, ел ішінде оны "құндыз" деп те атайды).

Қазақстанның сыйлығына Германия фермерлері неге жаппай қарсы шығып жатыр? Фото: pexels

Мысалы, Лисаковск қаласының тұрғындары арасында "Бұлай бара берсе, қаланы Бобруйск деп қайта атауға тура келеді" деген әзіл тараған. Өйткені Тобыл өзенінде қоныстанған осы аттас жануарлар көбейді.

Мамандар бұл жануарлардың негізінен, Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарындағы өзендерді басып алғанына назар аудартады. Жергілікті жұртшылық кейінгі жылдары өзендер жағасында құндыздар кеміріп құлатқан жас ағаштарды байқап, су жануарларының оларды өзендерге тасып, сағаны жауып жатқанына жиі куә болып жүр.

Зоолог Сергей Стариковтің дерегінше, кәмшаттар Ертістің жоғарғы ағыстарынан бастап, Шүлбі су қоймасына дейінгі аралықта мекен ету ареалдарын кеңейтуде.

"Шығыс Қазақстанда құндыздар мыңдаған жылдардан бері өмір сүреді. Бертінде саны күрт азайып кетті, адамдар көптеп аулап, терісінен ішік-тон тігуге көшті. Бірақ кейін қорғауға алынғалы, басы көбейді. Бүгінде олар Ертістің бүкіл оң жағалауын, Үлбі, шағын Үлбі, Үбе сағаларынан бастап, Шүлбі су қоймасына дейінгі бөлігін иемденді. Енді Ертістің сол жағалауынан да бой көрсете бастады. Өскемен қаласы жағындағы Аблакетка және Сібе (Сибинка) өзендерінен де кездеседі", – деді зоолог.

Маманның айтуынша, құндыздар зиянкес болып табылмайды. Олар бір жағынан, тал, терек, көктерек сияқты тек жапырақты ағаш тұқымдарымен, өсімдікпен қоректенеді. Бұл ретте олар кескен ағаштың бүлінбеген түбір-тамырынан ондаған жаңа өркен өсіп шығады.

Екінші жағынан, зоологтың түсіндіруінше, олар бөген тұрғызу үшін ағаштарды жаппай отамайды, тек керектісін жығады. Нәтижесінде, олардың тұрғызған тоғандарында балықтар, құстар және жәндіктер үшін қажетті, бірақ арқырап аққан өзенде жоқ қорек пайда болады.  

Дегенмен, кезінде осы Қазақстаннан апарылған кәмшаттарға немістер өшігіп алды. Германиялық Deutsche Welle басылымының хабарлауынша, ХХ ғасырдың басында бұл елде бірде бір құндыз қалмапты. Бағалы терісіне қызыққан жергілікті жұртшылық оларды жаппай атып, тұзақпен аулап, ақыры құртқан.

Содан өткен ғасырда ГФР оларды Кеңес одағынан сатып алады.

"Кеңес одағынан тапсырыс беріп алғызылған құндыздар 1966 жылдың қараша айында Майндағы Франкфурт қаласының хайуанаттар бағына әкелінді. Зообақтың сол кездегі директоры шетелдік кеміргіштерді дереу әрі ұзатты: жүрдек пойызбен Баварияға аттандырды. Оларды сол жақта Бавария табиғатты қорғау одағының басшысы Хуберт Вайнцирль (Hubert Weinzierl) қуана, құшақ жая қарсы алды да, Польша, Франция, Скандинавиядан алғызылған тұқымдастарына қосып, барлығы 120 жануарды Орта Дунай ауданына шашырата қоныстандырды", – деп тарихқа шолу жасады германиялық DW.

Бавария кездейсоқ таңдалмапты: дәл осы жерде, бұдан тура 100 жыл бұрын соңғы жергілікті құндыз атып тасталған екен.

Жалпы, ғалымдардың нақтылауынша, тек Германияда ғана емес, XIX ғасырдың соңында бүкіл дерлік Еуропа бойынша (соның ішінде Ресейде де) адамдар терісі алтындай қымбат бұл жануарлардың көзін жойды. Сән-салтанатты, киімнің "жылуы мен сұлуын" ғана ойлаған адамзаттың қанқұйлы қуғын-сүргінінен, геноцидінен қашқан кәмшаттар кәрі құрлықта бірлі-жарым жерде ғана аз шоғырымен жасырынып үлгерді, көзге түспейтін болды.

Құндыздар Азия континентінде көп таралмаған көрінеді. Дегенмен, қазақтың Ұлы даласын мыңжылдықтар бойы жерұйықтай құтты мекен етті. Өздеріндегі "Castor fiber" (ғылыми атауы) популяциясын қайта қалпына келтіру бастамасын қолға алғанда, немістердің қиядағы қазақ еліне назар аударуы да сондықтан.

Германиялық ғалымдардың мәліметінше, қазақстандық кәмшаттар неміс елін жерсінді. 1963 жылдың маусымында зерттеушілер олардың екі жас төлін байқаған. Ал, 1980-ші жылдардың ортасында бұл сүтқоректілер бүкіл Баварияға (аумағы бойынша Германиядағы 16 жер-мемлекеттің ең ірісіне) кең таралды. Онымен шектелмей, ГФР-дің іргелес өңірлерін жайлай бастады.

"Осының арқасында құндыздардың популяциясы қайтадан қалпына келді. Бірақ енді олар асыра белсенділік танытып, фермерлердің егістерін де жеп қоя бастады. Қазіргі кезде Баварияның аумағында ғана шамамен 25 мың құндыз тіршілік етеді. 2009 жылдан бері олардың саны екі есе көбейді. Бұл – Германиядағы ең үлкен популяциясы. Бұдан бөлек, Баден-Вюртемберг федералдық жерінде тағы 7,5 мыңдайы, Гессенде – 2 мыңға жуығы бар", – деп мәселені түсіндірді германиялық журналист Елена Дожина.

Мысалы, немістер теміржолдардың астын құндыздар қазып тастамауы үшін өзендерге жақын маңда болат жолдарды темір тор-сеткалармен қоршап қоюға мәжбүр көрінеді.

Соған қарамастан, 1976 жылдан бері оларды аулауға тыйым салынған. Бірқатар федералдық жерлерде Қызыл кітапқа енгізіліп, мемлекет тарапынан қорғалады.

Тіпті Германияда "құндыз омбудсмені" жұмыс істейді. Бранденбургте мысалы, кәмшаттармен байланысты мәселелер жөніндегі уәкілетті өкіл лауазымы тағайындалған. Ол фермерлер мен құндыздар арасында туындаған қақтығысты, шиеленісті жағдайларды шешумен айналысады екен.

ГФР Табиғат пен әралуандылықты қорғау одағының дерегі бойынша бүгінде бүкіл Германияда 40 мыңдай кәмшат есепке алынған. Олар "жануарлардың қатаң қорғауға алынған түріне" жатады.

"Барлығы жақсы болар еді, алайда дәстүрлі түрде ағаштарды, су тұңғиықтарын, талдарды және дала тобылғысын жеу орнына кейбір "проблемалы" құндыздар енді су қоймаларына жақын орналасқан егістіктерден жүгеріні, қант қызылшасын, рапсты және бидай дақылдарын жалмауға жаман үйренді. Сондай-ақ өзендерде қаптатып бөгендер тұрғызу арқылы су ағысын бұрады. Салдарынан, егін алқаптары мен жайылымдарды су басып қалады. Бұл да фермерлерге үлкен шығын келтіреді", – деп түсіндірді биолог Соня Йениг (Sonja Jähnig).

Лейбниц атындағы Берлин Су экологиясы және балық шаруашылығы институты жүргізген зерттеу көрсеткендей, сұрау салынған фермерлердің 75%-ы құндыздарға өшіккен көрінеді: олардың қызметі өздерінде теріс эмоция ғана туғызады.

Биолог Соня Йениг бұл сүтқоректілердің пайдасы мен зиянын зерттеумен шұғылданады. epd ақпарат агенттігіне сұхбатында ол бір жағынан алғанда, құндыздардың арқасында пайда болған шағын тоғандар көптеген құстарға азық тауып беретінін қаперге салды. Құстар ондағы құрттармен, дернәсілдермен және су жәндіктерімен қоректенеді.

Екінші жағынан қарағанда, Йенигтің айтуынша, өзен ағысын өзгертетін әрбір бөген өңірлік балық фаунасына залалын тигізеді. Бұдан әсіресе, ханбалық-форель зардап шегеді: олар кәмшаттар мекен ететін өзеннің кейбір төмен сағаларына баруын доғарған.  

Алайда тұтастай алғанда, биолог бұл кеміргіштерді жақсы бағалады, олардың табиғатқа келтіретін пайдасы мол екенін еске салды. Биолог Йенигтің тұжырымдауынша, осы кеміргіштерге өзінің құрылысын ары қарай жалғастыруға кедергі келтірмей, қайта рұқсат еткен жөн. Өйткені олар осы арқылы Германия жеріндегі биологиялық әралуандылықты арттыруға септеседі.

Фермерлердің кәмшаттарды қуғындауын экологтар да құптамайды. Олар шиеленісті жағдайларды болдырмау үшін ауыл шаруашылығы өндірушілерімен кеңес-консультациялар өткізеді. Адамдардың құндыздармен бейбіт, қатар өмір сүруін қолдауға бағытталған ұсыныс-рекомендациялар береді.

Мысалы, онда айтылғандай, құндыздармен қақтығысқа бармау үшін егінді өзендердің, бұлақтардың, көлдердің жағасынан шамамен 20 метрден қашық егу қажет. Яғни, су көздерінің жағалауындағы 20 метрлік таспа-жолақты өсімдік шаруашылығы мақсатында пайдаланбау керек.

Дәл осы аумаққа тым жақын жерде сондай-ақ балық өсіретін тоғандарды, ағын суды тазарту құрылғыларын орналастырмаған жөн.

Себебі, бұл кеміргіштер өмірінің үлкен бөлігін суда өткізеді, тиісінше, өзінің қызметін су жағалауындағы осы тар жолақпен шектейді. Құндыздар судан алыстап, сайын даланы кезіп кетпейді.

Олардың Қазақстанның Ұлы даласында негізінен шығысын мекен етуінің бір мәнісі осында: республикамыздағы бүкіл су ресурстарының басым бөлігі – 61%-ы елдің шығысы мен оңтүстік-шығысында, Ертіс пен Балқаш-Алакөл бассейндерінде шоғырланған.

Адам мен табиғат арасындағы нәзік тепе-теңдікті ұстап тұру үшін басқа да амал-тәсіл ойлап табылған. Соның бірі – су арналарының жағалауларын темір тормен қаптау. Оны құндыздар кеміріп тастай алмайды.   

Неміс сарапшылары кезінде Германияда, тіпті Еуропаның басым бөлігінде құндыздардың жойылып кетуінің қайғылы хикаясын, сорақы себебін еске салды. Біріншіден, адамдар олардың құнды терісіне қызықты. 1 шаршы сантиметрде шамамен 23 мың қыл өсетін құндыздардың терісі ең жылы сыртқы киім жасауға жарамды, әрі жылт-жылт етіп, көздің жауын алады. Содан одан жасалған тон-ішіктер мен баскиімдер Еуропада үлкен сұранысқа ие болды және аса қымбат тұрды.

Екіншіден, Еуропа мен Азияда құндыздардың бездерінен бөлінетін, мускусты-дегтярлы иісі бар, қою, майлы секрет (секреция) – "кастореум" де кең танымал болды. XIX ғасырда ол парфюмерияда жұпар иісті ұзақ сақтау мақсатында қолданылды. Сондай-ақ медицинада құяң-подаграны, сіңір тартылуды, истериялық талманы, жүйке ауруларын және басқа дерттерді емдеуде кең пайдаланылған.

Үшіншіден, "Бавария құндыздары" атты ақпараттық брошюрасында айтылғандай, бұл сүтқоректілердің жойылуына католиктік шіркеудің құндыздарды "балық" деп жариялауы да ықпал етіпті. Бұл жерде осы кеміргіштердің күрекке ұқсас жайпақ құйрығы терісінің балық қабыршағына ұқсауы, әрі оның өмірін ішінара суда өткізуі "себеп" болыпты.

Тиісінше, "Ұлы пост" кезінде ет жегісі келген тұрғындарға осы жануардың етін жеуге рұқсат етілген. Бұл діндегілерде ұлы пост басталған кезде құндыздардың аналықтары жүкті болып, жатырында перзенттерін өсіреді. Осындай кезде атып алса, басы көбеймейді. Өзге кеміргіштерден айырмашылығы, бұл сүтқоректілер жылына тек бір рет қана балалайды.

Осылайша, құндыздар Еуропаның көптеген өңірінен ондаған жылдарға жойылып кетті. Олардың жойылуына табиғи апаттар емес, тек адам ғана әсер етті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу