Медсақтандырудың жүздеген миллиард теңгесі қайда кетіп жатқаны әшкереленді

13643

Халық тиісті ем-дом ала алмай жатқанда, МӘМС жүйесінде 1 триллион теңге халық қаржысы босқа жатыр.

Медсақтандырудың жүздеген миллиард теңгесі қайда кетіп жатқаны әшкереленді Фото: Ашық дереккөз

Қарағанды облысының тұрғыны, бағдарламашы Светлана Төлегенова көлік қағып, түрлі жарақат алып, ІІІ-топ мүгедегі болып қалды. Көлік апаты кезінде сан тамырына зақым келген.

"Салдарынан, қан-қақсап ауырады. Аяқ жансызданып, жүруден қала бастадым. Тіркелген емханамда бірнеше рет невропатологқа қаралдым. ЭНМГ, КТ дейді, басқа да түрлі тексерулерден дүркін-дүркін өтіп тұру керек, оның көбісіне дәрігер талон бере алмайды, емхана ондай қызмет көрсетпейді екен. Басқа клиникалар бағыттамасыз медсақтандыру аясында тегін қызмет көрсетпейді. Салдарынан біразын ақылы өтуге тура келеді. Қаншама жыл төлеп келе жатқан медсақтандырудан қайыр-қамқорлық болмай тұр", – деді Светлана.

Ол халықты ашындырған қазіргі қазақстандық денсаулық сақтау жүйесінің тағы бір "іріңді жарасын" атады.

"Түрлі дәрігерлердің қарауына кіру керек, бірақ мұны жедел жасау мүмкін емес, талон жоқ, жазба жоқ дейді. Апаттан бері балдақпен ғана жүре аламын. Ауруым жаныма батып, шырқыратқанда өзім жете алмайтын болған соң, зар-еңіреп үйге дәрігер шақырдым. Отбасылық дәрігер әрлі-берлі қарап, дәрі-дәрмекке рецепт жазып берді. Невропатологқа жазба жоқтықтан, шұғыл тәртіппен кіруге тырысуға кеңес берді. Жазбадан тыс келгендер жазбамен келгендерді алға өткізіп, "тірі кезекте" күтеді. Бірақ дәрігер қабылдаудан бас тартты, жазбада жоқтығымды, қабылдау уақыты да аяқталғанын алға тартып, кетіп қалды. Жалынып, аяғына жығылуға даяр болдым. Селт етпеді. Мүгедектерге көзқарас осындай болса, осыдан кейін МӘМС-тің халыққа қажеті не?", – деп көзіне жас алды Светлана.

Әлеуметтік медсақтандыру қоры (ӘМСҚ) одан ай сайын медсақтандыру жарнасын және аударымын мәжбүрлі түрде алып тұрады. Оны төлеуді тоқтатса, дәрігерлер қабылдамай қояды деп қорқады.

Атыраулық Мансия ұзақ жылдан бері лимфостаздан зардап шегіп келеді.

"Бастапқыда қаламыздағы ауруханада ем-шара қабылдап жүрдім. Кейін дәрігерлер: "бұл созылмалы-хронический ауру, қағида бойынша біздер соңына дейін емдемейміз" деп шығарып салды. Содан амалсыз, ақылы түрде Қарағандыда, профессор Лохвицкийдің жекеменшік клиникасында операция жасаттым. Medi компрессорлық шұлығын кию қажет деді. Ол шұлық әр адамның денесіне шақтап, жеке тігіледі екен. Команияның филиалы Алматыда бар болып шықты. Сол арқылы Германиядан тапсырыс беріп алғызамын. Ұзақ жылдан бері өз бетімше емделіп келемін, шұлықты да өз қаржыма сатып аламын. Тағы бір жаманы, бұл салада елімізде де білікті мамандар аз екен. Тіпті лимфостазды варикоз деп шатастырып, содан емдеп жүргендер қаншама?!", – дейді Мансия.

Ол Қарағандыдағы процессорда 2010-шы жылдары ота жасатыпты, бүгінде өзге сырқаттарға соның телефонын берсе, олар профессордың қартайып, енді ота жасамайтынын білген.

Жалпы, солай азап шеккен, ауруының ем-шипасын өз бетінше іздеуге мәжбүрленген қазақстандықтар миллиондап саналады. Қазақстандықтар "электронды Үкімет" сервистері арқылы шағым жазғанда, 2020 жылы енгізілген МӘМС жүйесі сырқаттардың жағдайын ауырлатқанын айтады. Өз кезегінде емхана-аурухана дәрігерлері қордың пациенттерге жеткілікті қаражат бөлмейтінін, берілетін квота әрбір айдың ортасына да жетпей, бітіп қалатынын айтып, қауқарсыз қол жаяды.

Дәл осы кезде, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) хабарлауынша, міндетті әлеуметтік медсақтандыру (МӘМС) аясында қазақстандықтар мен ел бюджетінен бөлінген жарналардан және аударымдардан түскен астатөк қаражаттың бәрі бірдей медициналық ұйымдарға берілмейтін болып шықты.

"ӘМСҚ дерегінше, МӘМС аясында енгізілген қаражат инвестицияланады. Бұл қорға сол қаржыдан инвестициялық табыс алуға, жинақталған активтер сомасын арттыруға мүмкіндік береді. ӘМСҚ активтерін Ұлттық банк арқылы бекітілген қаржылық құралдарға – бағалы қағаздар мен депозиттерге салық қояды және мұны өз бетінше істей алмайды", – деп жазады Nur.kz.

ӘМСҚ мәліметінше, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша МӘМС жүйесінің таза активтерінің қалдығы 933 миллиард теңгеге жеткен.
2024 жылдың 4 айында қорға қазақстандықтардың табысынан және бюджеттен алынған тағы 441 миллиард теңге жарналар мен аударымдар түсті. Оларды акциялар мен депозитке салудан 42 миллиард теңге табыс түскен.

Бұл ретте сырқаттарға көрсетілген медициналық көмекті төлеуге осы төрт айда небары 354 миллиард теңге ғана бағытталыпты!
Осылайша, МӘМС активтерінің қалдығы 2024 жылғы 1 мамырда 1 триллион теңгеге жетті.
МӘМС десе, депутаттарды да ыза кернейді, өйткені қыс пен жазғы каникулда ауыл-аймақты аралаған сайын, халық медсақтандыру жүйесінің былықтарын соларға шамдана-шамырқана айтады екен.

Мысалы, биылғы 13 наурызда "Ақ жол" фракциясы халық көтерген проблемаларды баяндап, медициналық сақтандыру қорының қызметін жетілдіру жөнінде депутаттық сауал жолдаған болатын. Онда Мәжіліс депутаттары сақтандыру қорының тетіктерін әділетсіз, яғни "Әділетті Қазақстанға" жат деп таныды. Тиісінше, кемшілікті түзетуге бағытталған нақты ұсыныстар жасады.

Оның ішінде Мәжіліс Денсаулық сақтау министрлігі келесі жылдан бастап енгізгелі жатқан "медсақтандыру жарналары мен алымдарын 5 есе көтеру" бастамасынан бас тартуды, сақтандыру жүйесін монополиясыздандыруды, жүйені нарықтық және бәсекелестік жолға көшіруді, жеке-индивидуалды шоттар ашып, есепшоттарды дербестендіруді, әр азаматтың денсаулық жағдайы мен өмір салтына қарай сақтандыру сыйлықақыларын төлеу сомаларын айқындау әдістемесін әзірлеуді талап етті.

Денсаумині ресми жауап беру орнына, ертесіне 14 наурызда Мәжілістің ұсыныстарын көпшіліктің көзінше сынап, іске алғысыз етті.

"Атап айтқанда, министрліктің ресми жауабы берілмей жатып, Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Тимур Сұлтанғазиев журналистер алдында біздің ұсыныстарға комментарий беріпті. Онда ол депутаттық сауалдың нақты мәнін бұрмалап, онымен келіспейтінін мәлімдеді. Вице-министрдің бұлай шикі комментарий бергені Президенттің ықпалды Парламент пен есеп беретін Үкімет қағидатына мүлдем қайшы деп білеміз. Біз, керісінше, қорға төленетін төлемдерді көтеруге қарсымыз! Оның үстінде, жекелеген есепшоттарды енгізіп, өз денсаулығына күтіммен қарайтын, дене шынықтырумен айналысатын, шылым шекпейтін, жаман әдеттері жоқ адамдарға медсақтандыру төлемдерді азайтуды ұсындық", – деді мәжілісмен Елнұр Бейсенбаев.

Сарапшылар қазақстандағы МӘМС жүйесі шынымен әділетсіз екенін 2019 жылдан бері айтып келеді. Себебі, біріншіден, жалақысы аз болғандықтан, бірнеше жерде жұмыс істейтін қазақстандықтар сол жұмыстарының бәрінен де қорға жарна мен аударымдар аударады. Яғни, "бір адам – бір алым" әділетті қағидаты сақталмайды.

Екіншіден, жұмыс істейтін қазақстандықтардан жиналатын жарналар мен аударымдар ортақ есепшотқа түседі. Соның ішінде спортпен шұғылданатын адам сирек ауруы мүмкін. Темекі тартып, арақ ішетін адам керісінше, үнемі дерттеніп, жедел жәрдем шақырып, емхана-ауруханадан шықпайды.
Салдарынан, саламатты өмір салтын ұстанатын кісінің маңдай тер, табан ақысымен тапқан табысынан ұсталған барлық жарналары мен аударымдары басқаға кетеді де, оған көмек қажет болғанда, не жазба болмайды, немесе маман жоқ болады, квота бітіп қалады. Осы себепті, сарапшылардың ұсынуынша, әрбір адамның МӘМС-ке төлемі оның жеке шотында жиналуға тиіс. Сонда ол адам сырқаттанғанда, оны емдеуге қажетті қаражаттың бір бөлігі содан алынады. Тағы бір бөлігін мемлекет қоса қаржыландыруы керек. Бұл – халықаралық тәжірибе.

"Денсауминінің орынбасары міндетті сақтандырудағы мұндай жеке шоттар тек Сингапурда ғана бар деп, өтірік ақпарат таратты. Сөйтіп, қоғам арасында жалған пікір туғызды. Шын мәнінде, нарықтық, яғни дербес медициналық сақтандыруды барша дамыған мемлекеттер пайдалануда. Біздің сауалдағы басты идеямыз – қазіргі мемлекеттік монополияландырылған модельден кетіп, шынайы нарықтық денсаулық сақтандыруға көшіру болатын. Мұндай тапсырма Тоқаевтың жолдауында да айталған. Қазіргі Медсақтандыру қорына мәжбүрлеп алынатын алым жүйесі – шын мәнінде, ешқандай сақтандыру емес, алым-салықтың бір түрі ғана", – деді депутат Е.Бейсенбаев.

Депутаттар жаңа Денсаулық сақтау министрінің "дәл осы қисық жүйені жалғастыруды қолдағанынан" түңіліп отыр. Олар ӘМСҚ-ке түскен жүздеген миллиард теңге қаражаттың пайдаланылуында ешқандай ашықтық, транспаренттілік жоқ дейді. Қор қаражатын тіпті Парламент бақылай алмайтын болып шықты. Сондай-ақ депутаттар сол ұланғайыр қаражаттың қазіргідей қолданылу тәсіліне азаматтарымыз да, медицина мекемелері де наразы екенін жеткізді.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметі ел басшылығының, Парламенттің және жұртшылықтың тарапынан тұрақты және салмақты сынға ұшырап келе жатқанын" растады. Мысалы, Қ.Тоқаев 2024 жылғы 7 ақпанда өткен жаңа Үкіметтің кеңейтілген отырысында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру шығыны бірнеше есе ұлғайғанымен, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі өспегенін ашық айтты. Сондай-ақ Президент қаржының тиімсіз жұмсалуына байланысты МӘМС жүйесін қатаң бақылауға алуды тапсырды.

"Осыған байланысты біздің министрлік пен Үкімет аталған қордың қызметін жетілдіру және оның өз қызметінің нәтижелері үшін жауапкершілігін арттыру шараларын қабылдауда. Біздің ұстанымызша, қазақстандық сақтандыру моделі – әлеуметтік сипатқа ие: жұмыс істейтін барлық адам төлем жасайды, сол арқылы науқастар медкөмек алады. Осылайша, "Бай кедейге, сау адам науқасқа төлейді" қағидасын жүзеге асырады. Қолданыстағы МӘМС жүйесінде азаматтардың әрқайсысы қанша жарна төлейтініне қарамастан, медициналық қызметтердің пакетіне бірдей, тең қол жеткізеді. Бұл тәсіл қор активтерін сау азаматтардан науқас азаматтардың мұқтаждығына қарай бағдарлауға мүмкіндік береді", – деді министр Ақмарал Әлназарова.

Денсаумині депутаттардың тағы бір бастамасын бұрмалағаны белгілі болды. Мысалы, қалаулылар "денсаулығына күтіммен қарайтын, дене шынықтырумен айналысатын, жаман әдеттері жоқ адамдарға медсақтандыру төлемдерін азайтуды" ұсынған болатын. Әлназарова мұны ескердік дейді. Қалай ескерген? Төлем азайтылмайды, керісінше, шылым шегіп, арақ ішетіндерден алынатын жарналар мен аударымдар артуы мүмкін. Тиісті өзгерістер әзірленіп жатқан көрінеді. Емханалардың бастапқы қабылдау бөлмелеріндегі дәрігерлердің жаман әдеттер туралы сұрастыруының бір сыры сонда болса керек.

"Жауапкершілікті арттыру, азаматтардың мінез-құлық факторларына әсер ету арқылы сақтандыруды жақсартуға қатысты депутаттардың ұсыныстары ескерілді. Денсаулық сақтау шығындарын қаржыландыру кезінде депутаттар атап өткен, салауатты өмір салтын ұстанбайтын азаматтар санаттарының медсақтандыруға көбірек қатысуы туралы ұсыныстар енгізіледі. Алкоголь мен темекіге жоғары акциздік алымдар енгізілуде, вейптерді пайдалануға тыйым салынды. Депутаттардың ұсыныстары жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатта ішінара көрініс тапты", – деді Денсаулық сақтау министрі А.Әлназарова.

Депутаттармен сырттай салғыласып, сөзін бұрмалағаны үшін Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Т.Сұлтанғазиевке министр аппараттық жиналыста ауызша ескерту жасапты. Министрдің өзі депутаттардың бастамасын бұрмалап отырса, оған кім ескерту берер екен?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу