Өзбекстан Салық комитеті атағы жер жарған OpenAI Өзбекстанда салықтық есепке қойылғанын жариялады.
Жасанды интеллект саласындағы әзірлемемен айналысатын америкалық ғылыми-зерттеу ұйымы енді өзбек жерінен бүкіл Орталық Азияға және ТМД елдеріне қызметін таратады.
Ведомствоның хабарлауынша сәуір айы басталғалы жаһандық 3 беделді интернет-компания Өзбекстанда қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуші ретінде есепке тұрды.
Оның арасында ChatGPT атты әлемдік танымал чат-ботының, Sora видеогенераторының, DALL-E фотоларды генерациялауға арналған нейрожелінің қожайыны OpenAI LLC да бар.
Ол өзбек елінде 2025 жылғы 8 сәуірде тіркеуден өтті. Сонымен бірге, америкалық алпауыт Өзбекстанның қазынасына төлейтін алым-салығын клиенттерінің иығына артқанға ұқсайды.
Кейбір деректер бойынша, OpenAI LLC ақылы жазылымының құнын 12%-ға көтерген. Нәтижесінде, бұрынғы 19,99 доллар орнына 22,39 доллар төлеуді талап етеді. Бұл әзірге жаңа жазылушыларына арналған тариф болса керек. Әлеуметтік желіні пайдаланушылардың бірқатары әзірге ескі бағамен төлеп жатқандарын хабарлады.
Кеше OpenAI бас атқарушы директоры Сэм Альтман ChatGPT нейрожелісін ғаламшар тұрғындарының 10%-ы пайдаланатынын мәлімдеді. Бұл шамамен 800 миллион адам.
ChatGPT-4o-ның жаңартылуы және жаңа мүмкіндіктерге ие болуы арқасында OpenAI пайдаланушыларының базасы соңғы апталарда екі есеге артып шыға келген.
Кейінгі айларда Өзбекстанда да ChatGPT чат-боты "жүктеп алу саны" жөнінен көшбасшы орынды ешкімге бермей келеді. Енді соның бәрі үшін америкалық алып өзбек қазынасына астатөк қаржы құяды.
Бұдан бөлек, Өзбекстан Салық комитетінің мәліметінше, биылғы 7 сәуірде штаб-пәтері АҚШ-та орналасқан DigitalOcean танымал бұлтты провайдер де Өзбекстанда ҚҚС төлеуші ретінде есепке тұрды. Кеңсесін ашты.
Одан бұрын, 4 сәуірде төл онлайн-кинотеатрын басқаратын ivi.ru (ООО "Иви.ру") ресейлік компаниясы Өзбекстанға қоныстанып, жергілікті салық төлеушілер тізіміне қосылды.
Салық ведомствосының хабарлауынша, бүгінде Өзбекстанда жалпы саны 67 шетелдік ірі интернет-компания тіркелді.
Жаңа қатысушылар арасында сонымен қатар атақты eBay, Alibaba Cloud бұлтты сервисі және басқалары бар.
Айта кету керек, Meta, Google, Apple және Netflix те біздің аймақтағы өңірлік филиалдарын Өзбекстанда ашты. Осы және басқа шетелдік интернет-компаниялар 2025 жылы Өзбекстандағы табысын 1,5 есеге өсіре алды.
Нәтижесінде, бір жыл ішінде олар 1 триллион сум (бүгінгі бағам бойынша 41 миллиард теңге) табыс тапты. Олар одан өзбек бюджетіне 115,8 миллиард сум салық төледі. Бұл тек басы ғана. Биылғы жаңа қосылып жатқан жаһандық алпауыттар салық сомасын күрт арттырары даусыз.
Өзбекстанда ҚҚС-тің үлкен бөлігін Meta (Facebook, Instagram, WhatsApp пен Reality Labs бас компаниясы) төледі. TikТok-тың өзі 900 млн сумнан астам салық аударды.
Бұл жерде өзбектің құзырлы органдарының тегеурінді іс-қимылдары таңдай қақтырып, тәнті етеді. Мысалы, Өзбекстан 2025 жылғы 20 наурыздан бастап, Temu маркетплейсін бұғаттап тастады.
Бұғатты алып тастау үшін Өзбекстан Қытайдың онлайн-базарынан 46 миллиард сум (шамамен 3,5 млн доллар) салық төлеуді талап етіп, табандады. Оның осынша салық төлемегенін Салық комитеті анықтады.
Меморганның ұстанымынша, салықтық міндеттемелерін толық орындағаннан кейін Temu Өзбекстандағы, яғни, тұтынушысының саны жөнінен Орталық Азияның ең ірі елінде өз қызметін заңдастыра алады.
Салық комитеті төрағасының бірінші орынбасары Мубин Мирзаев жете салық төлемегені анықталған басқа да онлайн-платформаларға қатаң ескерту бағыттағандарын мәлім етті.
Ол электронды коммерцияға толыққанды салық салу, осы нарықтың қатысушыларынан алым-салықты толымды өндіру – озық елдер алдында тұрған салмақты сын-тегеурін екенін атап өтті.
Сондықтан өзбектің салықшылары елдегі интернет сауданы салықпен қамтуға қатысты жан-жақты талдау мен зерттеу жүргізді.
Оның қорытындысында түрлі тауарлар мен қызметтерді электронды саудалаумен, онлайн қызмет ұсынумен айналысатын шетелдік және жергілікті компаниялардың салықтардан жалтаруының қаптаған фактілерін әшкереледі.
"Бұған дейін қытайлық Temu сияқты ресейлік Wildberries маркетплейсі де алым-салықтарды толық төлемей келді. Біз өзбектің салық заңнамасына сәйкес, нақты қандай салықтарды төлеуге міндетті екенін егжей-тегжейлі көрсетіп, барлық онлайн-платформаларға ұйғарым бағыттадық. Осыдан кейін Wildberries өзбек бюджетіне бірден 52 миллиард сум салығын аударды", – деді Мирзаев.
Сонда ғана Салық комитеті компанияның бұрынғы салықтық міндеттемелері бойынша қарызын өтегенін танып, ары қарай құқықтық өрісте жұмыс істеуіне рұқсат етті. Ресейлік маркетплейске әзірге ешқандай претензиясы жоқтығын хабарлапты.
2024 жылғы желтоқсанның соңында Өзбекстанның Министрлер кабинеті №885 қаулысымен электронды сауда платформаларының операторларына арналған жаңа талаптарды бекітті.
Құжат онлайн-платформалардан "жерсінуге", яғни, шетелде отырып алмай, Өзбекстанда заңды тұлғасын тіркеуге және Өзбекстанның резиденті-салық төлеушісі атануға міндеттеді.
Айта кету керек, Қазақстан Парламенті де ұзақ жыр қылып, ақыры 2023 жылғы 10 шiлдеде "Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы" жаңа заңын қолданысқа енгізді. Алайда қазақстандық талап жұмсақ: ол шетелдік онлайн-платформалардан – маркетплейстерден, әлеуметтік желілерден, такси агрегаторларынан және басқасынан Қазақстанда заңды тұлғасын тіркеуді талап етпейді.
Содан болар, Парламентте де айтылғандай, елімізде бұл сала көлеңкеден толық шыға қоймапты.
Өзбекстанның талабы қатаң: электронды коммерция саласын реттейтін Перспективті жобалардың ұлттық агенттігі алым-салығын толық көлемде төлемейтін интернет сервистердің жұмысын аясыз бұғаттап тастайды.
Содан 38 миллион тұрғыны бар ірі елдегі тұтынушыларын жоғалтпау үшін олар амалсыз, Өзбекстан билігінің талабын тап-тұйнақтай орындайды.
Айтқандай, өзбек салықшыларының тегеурініне Temu де төтеп бере алмағаны анықталды. Перспективті жобалардың ұлттық агенттігіне сілтеме жасап,
"Газете.uz" жазуынша, әлем жұртшылығын "миллиардердей сауда жасауға" шақыратын қытайлық маркетплейс те Өзбекстанда филиалын ашып, салықтық есепке тұрды.
Аталған ұлттық агенттіктің электронды коммерция басқармасының бастығы Камронбек Мухаммадиевтің түсіндіруінше, шетелдік компанияның заңды тұлғасын тіркеуі – Өзбекстанда жұмысын жалғастыру үшін қажетті қадамдардың тек алғашқысы ғана.
Енді компаниядан бұрынғы бүкіл кезеңдегі барлық алым-салық борышын тиын-тебеніне дейін төлеу талап етіледі. Мұнда Temu-ден бастапқыда талап етілген 46 миллиард сум – тек алдын ала есептеме ғана!
Одан да көп болуы мүмкін. Өзбекстан Салық комитеті алдын ала есептеуден кейін жан-жақты тексеріске енді ғана кірісуде екен. Сондай-ақ, салық берешегін "бүге-шігесіне" дейін өтегеннен соңғы қадам – компаниядан фискалды чектерді беруі үшін салық органдарымен интеграциясын жүргізу талап етіледі.
Ақпарат құралдары тіпті жергілікті компаниялардың фискализациялану процесі шамамен айға созылғанын еске салады. Шетелдіктердің машақаты одан да көпке ұзауы ғажап емес. Бірақ өзбек нарығын ардақ тұтқан алпауыттар оның бәріне көнуге мойынсұнды.