Ресей мен Қытайда халық азайып, Орталық Азия жұртшылығының саны күрт өспек

12051

Бұл өзгерістер аймақтағы көлік тасымалына да ықпал етеді.

Ресей мен Қытайда халық азайып, Орталық Азия жұртшылығының саны күрт өспек Фото: nationmagazine.ru

"Астана" халықаралық қаржы орталығының сарапшылары "Қазақстанның көлік-логистика саласы. 2024 жылдың сәуірі" атты талдамалық есебін әзірледі. Inbusiness.kz көлемді құжаттың маңызды, татымды тұстарын назарларыңызға ұсынады.

"Еуразия континентінің негізгі ойыншылары – Еуропалық Одақ, Қытай, Үндістан және Орталық Азия, олардың бәрінің экономикалары өседі. Тиісінше, инвестициялар мен сауда айналымы да артады деп күтілуде. Дәл осы елдер әлемдік экономиканың 40%-ын, сондай-ақ әлем халқының 43%-ын құрайды. Пайыздық тұрғыдан алғанда, ең үлкен өсім Үндістан мен Орталық Азия экономикаларында байқалатын болады. Бұған қоса осы өңірлер алдағы жылдары халықтың ең үлкен өсімін паш етеді", – деп хабарлады АХҚО сарапшылары.

Демографтардың мәліметінше, өткен ғасырдан бері Орталық Азия елдері халқының жиынтықты саны 49 миллионнан 79 миллионға дейін ұлғайды. Яғни, 60%-дан астамға өсті. Кейбір елдерінде 90-шы жылдардан бергі өсім еселеп саналады. Енді ОА өз тарихында бұрын-соңды болмаған ұлы шыңды "шабуылдайтын" болады. 2050 жылға қарай орталықазиялық елдердегі жұртшылықтың жалпы саны 100 миллионнан асады деп күтілуде.

Сонымен бірге, аймақта өмір сүрудің орташа ұзақтығы да артты. Өңір бойынша орта есеппен 70 жастан асты. Бұл да халықтың өсіміне серпін берері сөзсіз.

Халықаралық валюта қорының 2024 жылғы "Әлемдік экономиканы даму перспективалары" ауқымды есебіне сілтеме жасай отырып, АХҚО есебінде айтылғандай, Еуропалық Одақтағы халық саны 2023 жылғы 446 миллионнан 2028 жылы 447 миллионға дейін шамалы өседі деп болжанған. Ұжымдық Еуропада туу көрсеткіші бірнеше жыл қатарынан құлдырауда. Тиісінше, адам санының кемуі сырттан келетін мигранттар есебінен ғана өтеліп, толығады.

Ел басшылығы "бір үйге бір бала" саясатынан бас тартып, бірнеше бала тууға рұқсат еткенімен, Қытайда табиғи өсімнің кему процесі жалғасты. Еуропадан айырмашылығы сол, ханзу еліне бағытталған орасан көші-қон легі жоқ. Сондықтан отандық және халықаралық сарапшылар ҚХР халқының саны 2023 жылғы 1 млрд 411 миллионнан 2028 жылға қарай 1 млрд 405 миллионға дейін азаяды деп отыр.

Бірақ бұл болжам геосаяси факторларды ескермейді. Таяуда АҚШ қолбасшылығы Қытайдың 2027 жылы Тайваньға басып кіріп, өзіне қосып алуға дайындалып жатқанын мәлімдеді. Тайвань аралдарында шамамен 24 млн адам тұрады.

Есепте Ресей халқының азаятыны жорамалданған. 2023 жылғы 143 миллионнан 2028 жылы 141 миллионға дейін төмендейді.

Бірақ бұл оптимистік сценарий болса керек. 2022 жылдың басында "Росстат" РФ тұрғындарының саны жыл сайын жарты миллионға қысқарып отыратынын жариялады. Бұған кейін майдан даласында қаза тапқан жүздеген мың әскері, өз елінде перспектива жоқтығын түсініп және мобилизациядан қашып, ары қарай кетіп жатқан миллиондаған жас азаматы қосылды.

Ресейлік белгілі ғалым, демограф Алексей Ракша РФ-та 143 миллион тұрғын бар деген Росстаттың мәліметін жоққа шығарды, оның байламынша, ресейліктердің саны бұдан шамамен 5,5 миллион адамға кем. Бірақ халықаралық сарапшылар ресми статистиканы ұстануға мәжбүр. Өткен жылы А.Ракша, өзге де ресейлік демографтар ХХІ ғасыр соңына қарай Ресейдегі халық саны 100 миллион межесінен төмен түседі деген болжамын жариялады.

Есесіне, көлік-логистикалық байланысты өрістету үшін маңызды саналатын осынау аймақта Орталық Азия мен Үндістан халықтарының саны салмақты көбеймек. Мысалы, үндістандықтар саны 2023 жылғы 1 млрд 429 миллионнан 2028 жылға қарай 1 млрд 492 миллион адамға дейін артады деп күтілуде.

Демографиялық жетістіктер экономиканың өсуіне және көлік-жүк тасымалының артуына игі әсер етеді.

Есепте осы аумақтағы елдердің атаулы ЖІӨ-сінің өсуіне қатысты болжам берілген. Жалпы ішкі өнім:

  • Еуроодақта 2023 жылғы 18 трлн 351 миллиардтан 2028 жылы 22 трлн 514 миллиард долларға дейін;
  • Қытайда – 17 трлн 701 миллиардтан 23 трлн 609 миллиард долларға дейін;
  • Үндістанда – 3 трлн 732 миллиардтан 5 трлн 944 миллиард долларға дейін;
  • Ресейде – 1 трлн 863 миллиардтан 1 трлн 987 миллиардқа дейін;
  • Орталық Азия елдерінде (Қазақстанды қоспағанда) – 197 миллиардтан 342 миллиард долларға дейін өседі деп болжануда.

Осылайша, Ресейден басқасының бәрінде ЖІӨ қомақты өсуге тиіс.

Бұл елдердің ауқатын арттыруға халықаралық көлік дәліздерін дамыту үлес қосады.

"Азия мен Еуропа арасындағы сауданың басым бөлігі теңіз жолдарымен жүзеге асырылады. Еуразия континентінің әртүрлі аймақтары, әсіресе Еуропа мен Шығыс Азия, Таяу Шығыс пен Шығыс Азия, Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия арасындағы халықаралық сауданың өсуі күтілетіндіктен, логистикалық мүмкіндіктерді әртараптандыру аясында жүк айналымының бір бөлігі құрлық бағыттарына қайта бағдарлануы мүмкін. Ал, құрлықтағы маршруттар арасында "Орта дәліз" (ТХКБ) Орталық Азия үшін маңызды рөл атқарады", – деп санайды АХҚО сарапшылары.

Соңғы 10 жылда мысалы, бір ғана Қазақстанда жүк тасымалы көлемі 28%-ға ұлғайды. 2014 жылғы 487 миллиард тонна-километрден 2023 жылы 621 миллиард тонна-километрге дейін жетті.

"Қазақстан "Орта дәліздің" және "Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің" негізгі хабы ретінде өзінің көлік әлеуеті мен мүмкіндіктерін дамытуға айтарлықтай күш салуда. Мәселен, соңғы 15 жылда Қазақстан көлік пен логистикаға 35 миллиард доллар инвестициялады. Қазақстанның ЖІӨ-дегі көлік пен логистиканың үлесі 2025 жылға қарай 9%-ға дейін өседі деп болжануда", – делінген есепте.

Әлгінде айтылғандай, Қытай да, Еуропа да жүктерінің басым бөлігін мұхитпен шектесетін үлкен теңіздермен тасиды. Қазақстанның алдында тұрған міндет – оларды жүк айналымының көбін біздің аумағымызбен, Каспий теңізімен тасуға көндіру.

Бұл жерде артықшылық сол, Шығыс Азия мен Еуропаны байланыстыратын халықаралық сауда жолдары бар, демек, бәрін қайта құрудың қажет жоқ. 

Есеп авторларының байламынша, Қазақстан өзі арқылы өтетін көлік дәліздерін дамыта беруі керек. Ол үшін мол инвестиция қажет. Мол болғанда, қанша?

Еуропа қайта құру және даму банкі сарапшыларының есептеуінше, Орталық Азияның көлік инфрақұрылымын айтарлықтай жақсарту және орнықты байланысты қамтамасыз ету үшін қажетті инвестицияның жалпы көлемі Қазақстан үшін 5,5 миллиард еуроны, ал, жалпы Орталық Азия үшін 18,5 миллиард еуроны құрайды.

Халықаралық қаржы ұйымы осы мақсатта Қазақстан мен ОА елдері халықаралық серіктестерімен бірлесіп, 33 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға тиістігін хабарлады.

Бұл қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін инвестицияларды тарту, транзакцияларды дұрыс құрылымдау, мемлекеттік-жекешелік әріптестік пен тарифтерді белгілеу тетіктерін жетілдіру, цифрландыру және халықаралық ынтымақтастықты өрістету қажет. Осы мәселелер бойынша АХҚО да өзінің үлесін қосуы шарт.

Қазіргі тарихи шындық сол, Қазақстан – "Орта дәлізде" және "Солтүстік-Оңтүстік дәлізінде" басты, шешуші мемлекет болып отыр. Өсіп келе жатқан жүк тасымалы республикадан инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін кеңейтуді, маркетингті өрістетуді және қосымша халықаралық келісімдер бекітуді талап етеді.

Әйтпесе, қазіргі көлік инфрақұрылымы тіпті ішкі қажеттіліктерді өтеуге жетпей жатады. Салдарынан, отандық тауарлар, мысалы, астық тиелген жүк вагондары магистральді жолмен Қытай тауарлары тиелген транзиттік теміржол құрамы жоғары жылдамдықпен өтіп кеткенше, теміржол торабын кесіп өтіп кете алмай, күтіп тұрады. Сондай-ақ егіс жинау науқаны кезінде вагондар жетіспей жатады.

"Шығыс Азияны, Таяу Шығысты және Еуропаны құрлық-континент арқылы байланыстыратын "Орта дәліз" бен "Солтүстік-Оңтүстік дәлізі" аясында бірнеше ірі инфрақұрылымдық жоба қолға алынды. Олар ұзақ мерзімді қаржы салуды және бірнеше елдің мүдделі тараптарын жұмылдыруды қажет етеді. Орта дәліздің немесе Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) ұзындығы – 6 180 шақырым, қазіргі өткізу қабілеті – 6 млн тонна. Бұл – стратегиялық маңызды мультимодальдық дәліз. "Орта дәлізбен" тасымалдау уақыты 38-53 күннен 19-23 күнге дейін қысқарды. Мақсат – 2024 жылы 14-18 күнге, соның ішінде Қазақстан арқылы 5 күнге дейін азайту", – делінген есепте.

Дүниежүзілік банк ТХКБ бойынша жүк тасымалы 2030 жылға қарай үш есеге артады деп болжады. Қазақстан бес есе арттырғысы келеді. Бұл мақсат тек Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік жүктердің өсуін ғана емес, ең алдымен Орталық Азия мен Кавказдағы экономикалық өсімді басшылыққа алады.

Дегенмен, егер Қазақстан мен оның серіктестері құрлықтық бағытты жеткілікті дамыта алмаса, онда, Дүниежүзілік банктің болжамынша, Орта дәліз 2030 жылға қарай да "өңірлік маршрут болып қала береді"

Оның үстіне, есепте айтылғандай, ТХКБ-ның жарнамасы, маркетинг жағы кемшін. Содан жүк тасымалдаушылар хуситтер шабуылынан, Израиль және Таяу Шығыстағы тұрақсыздық салдарынан, гесосаяси қақтығыстар кесірінен қауіпті болып кеткеніне қарамастан, өткен ғасырда қалыптасқан теңіз тасымалы жолынан таймайды. Өзге де кемшіліктерін елемейді.

"Мысалы, Солтүстік теңіз жолы қыста қолжетімсіз. Ал, Қайырлы үміт мүйісі (мыс Доброй надежды) арқылы өтетін жол тым ұзын. Сондықтан, құрлықтық дәліздер – Суэц каналы арқылы өтетін негізгі теңіз жолдарына жақсы балама саналады. Суэц арнасы кейінгі кезде геосаяси шиеленістердің, қауіп-қатердің қоршауында қалып барады. Қазірдің өзінде Шығыс Азия мен Еуропаны байланыстыратын бірнеше құрлықтық маршруттар бар. Жасыратыны жоқ, құрлықтық маршруттардың да "тар жерлері" мен тәуекелдері жетерлік, бірақ олар жүк айналымын әртараптандыруға, 2021 жылы Суэц каналының кептеліп қалуы сияқты тосын жағдайларды шешуге мүмкіндік береді", – деді Астана халықаралық қаржы орталығының сарапшылары.

Құрлықтық дәліздер логистикалық мүмкіндіктерді кеңейтеді, көлік қызметтерінің нарықтағы ұсынысын көбейтеді және жүктерді анағұрлым "экологиялық таза" жолмен тасымалдауға жол ашады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу