Елена Рыбакина бапкерін ауыстырды

299

Сангинеттидің елімізбен еш байланысы болмағанымен, 2004 жылы қазіргі Қазақстан құрамасының капитаны Юрий Щукинмен ATP Challenger турнирінде кездескен екен.

Елена Рыбакина бапкерін ауыстырды Фото: Жеке парақшасынан

52 жастағы италиялық Давиде Сангинетти Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаның жаңа бапкері болып тағайындалды. Осы орайда италиялық маманның теннистегі жетістіктерін тілге тиек етпекпіз.

Калифорния университетінде оқыған Давиде Сангинетти студенттік шағында оқу мен теннисті тамаша ұштастырған. 1993 жылы кәсіби турда дебют жасап, біршама жетістіктерге жеткен. 1998 жылы ол алғаш рет әлемнің ең үздік 100 теннисшісінің қатарына қосылды.

Давиде үшін ең сәтті жыл 2002 жыл болды. Қаңтар айында ол Милан (Италия) турнирінде жеңіске жетіп, финалда әйгілі швейцариялық Роджер Федерерді 7:6(2), 4:6, 6:1 есебімен жеңген. Ал, сол жылы наурызда ол Делрей-Бичте (АҚШ) тағы бір титулды жеңіп, шешуші кездесуде Энди Роддикті 6:4, 4:6, 6:4 есебімен ұтты.

Осылайша, Сангинетти АТР турнирлерінде жекелей сында екі финалда болашақ әлемнің бірінші ракеткалары мен "Үлкен дулыға" чемпиондарын тізе бүктірген. Жоғары санаттағы турнирлерде италиялық маманның ең үздік нәтижесі 1998 жылғы Уимблдондағы ширек финалда тіркелді.

Италиялық бапкер кәсіби мансабын 35 жасында тізе жарақатына байланысты аяқтады. Алайда, басты армандарының бірі 2008 жылғы Пекин Олимпиадасы еді. Өкінішке қарай мансабын аяқтағандықтан, қатыса алмады.

Сангинетти Қазақстанда өткен турнирлерге ешқашан қатысқан емес. Дегенмен де оның мансабындағы екі матчты ерекше атап өтуге болады.

Мәселен, 2004 жылы Германияның Менхенгладбах қаласында өткен ATP Challenger турнирінде ол Юрий Щукинді жеңген. Щукин қазіргі уақытта теннистен Қазақстан құрамасының капитаны. Ал 2006 жылы Италияның Бергамо қаласында ол Қазақстан атынан өнер көрсеткен Евгений Королевті жеңді.

Сангинеттидің танымал шәкірттерінің арасында Винсент Спэйди, Го Соэду, Динара Сафина (бұрынғы әлемнің бірінші ракеткасы), Варвара Лепченко, Стефано Травалью және Брэндон Накашиму бар.

2008 жылы Давиде кәсіби тенниске нүкте қойды. Бірақ, теннисті тастамай бапкер және кеңесші ретінде жұмысын одан әрі жалғастырды. Ол атағы жер жарған әлемдік деңгейдегі жұлдыз болмағанымен, Италия теннис тарихында өзіндік із қалдырды.

Енді Сангинетти еліміздің бірінші ракеткасы Рыбакинаны Абу-Дабиде (БАӘ) өтетін WTA 500 турниріне дайындайтын болады.

Бұл қазақстандық теннисші үшін өте маңызды турнир. Өйткені Рыбакина чемпиондық атағын қорғауы тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу