Шекесі шылқыған мемлекеттік мекемелер шетелдік көлік мінуге әуес

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
17623

"ҚазАвтоӨнеркәсіп" мемлекеттік мекеме-ұйымдардың шетелден автокөлік сатып алуына мораторий жариялауды ұсынып отыр.

Шекесі шылқыған мемлекеттік мекемелер шетелдік көлік мінуге әуес

Қазақстанның автокөлік саласы кәсіпорындары одағының басшысы Олег Алфёровтың айтуынша, отандық зауыттар қанатын кеңге жаюы үшін дәл осындай қадамға бару керек. Ал ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.

Олег Алфёровтың деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері мемлекеттік мекемелер шетелдік алты көлікті сатып алған. Дені – Toyota автокөлігі. Мемлекеттік мекемелер 10-13 млн теңге тұратын Toyota Camry және Toyota Hilux көліктерін тақымға басқан.

"Мәселен, Қостанай облысының ішкі істер департаменті 13,9 млн теңгеге – Toyota Hilux автокөлігін, Шымкент қалалық мәслихат аппараты 12,9 млн-ға– Toyota Camry, Батыс Қазақстан облыстық туберкулезге қарсы диспансер 12,6 миллион теңгеге Mitsubishi Outlander көлігін сатып алды. Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театры 9,9 миллион теңгеге Toyota Camry, "Геофизикалық зерттеулер институты" республикалық мемлекеттік кәсіпорны 13 миллион теңгеге Toyota Hilux сатып алды", – деп мәлімдеді Олег Алфёров.

Жалпы, 2017 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік мекемелер 4,7 млрд теңгеге шетелдік 461 көлікті сатып алған екен. Осыған орай, одақ басшысы шетелден көлік сатып алуға мораторий жариялауды ұсынып отыр.

Олег Алфёровтың сөзінше, еліміздегі көлік бағасы қымбаттауы мүмкін. Бұған әсер ететін бірнеше себеп бар.

"Валюта бағамы күрт өзгерсе тұтынушылар көлікті бұрынғы бағамен сатып алуға тырысады. Ал нарық қатысушылары шығынға батқысы келмей, импортталатын өнімнің бағасын өсіреді. АҚШ Ресейге қарсы кезекті санкциясын енгізді. Осыған байланысты туындаған жағдай әзірге сатып алушылардың белсенділігіне әсер еткен жоқ. Керісінше, тұтынушылардың бір бөлігі көлікті бұрынғы бағасымен сатып алып жатыр. Бірақ бұл қысқамерзімді сипаттағы жағдай болуы мүмкін", – деді одақ басшысы.

Оның айтуынша, сәуір айының соңына дейін теңге мен рубль бағамы бұрынғы мәніне келмесе, онда бұл жағдай Қазақстан мен Ресейде автокөлік бағасының біршама өсуіне алып келеді. Бұл жағдай нарықты қалпына келтірудің биылғы болжамына кері әсер етуі ықтимал.

"Мұндай жағдайда сұраныстың төмендеуіне байланысты болған шығынды өтеу үшін автоөнеркәсіп саласына жоспарланбаған қолдау көрсету керек болады. Екіншіден, сыртқы нарықты игеруге көмектесетін жолдарды іздеу қажет. Автокөлік нарығы импорт пен валюталық бағамның құбылуына барынша тәуелді. Мұнымен қалай күресу керек? Екі тәсілі бар. Бірінші, оқшаулауды күшейту қажет. Бүгінде ол орташа алғанда 36%-ды құрайды. Бұл көрсеткішті жоғарылатуға мүмкіндік бар. Екіншіден, сыртқы нарықтарды игеру керек. Бұл отандық автонарықтың валюталық құбылуға деген тәуелсіздігін арттырып қана қоймай, отандық экономиканың төлем балансын күшейтуге жақсы әсер етеді", – деді Олег Алфёров.

Деректерге сүйенсек, 2018 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстанда 39,5 млрд теңгені құрайтын 6 857 жаңа автокөлік (жеңіл, жүк, автобус, арнайы көліктерді қоса алғанда) шығарылған. Желік көліктер өндірісі 2,1 есеге артып, 6 494-ке жетті. Оның ішінде 4 411-і "АЗИЯ АВТО" АҚ-ға, 2 083-і "СарыарқаАвтоӨнеркәсіп" ЖШС-ға тиесілі".

Осы уақыт аралығында автобус техникасын (44) шығару бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 1,6 есеге жоғарылады. Ал жүк көліктерін (177) жасау деңгейі 6%-ға, мамандандырылған автотехника (29) 81,3%-ға артты.

Тек 2018 жылдың наурыз айында қазақстандық кәсіпорындар 2 580 автокөлік құрастырды. 2017 жылы сәйкес кезеңде 1 222 көлік құрастырылған болатын.

"Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша, отандық зауыттар 5 396 көлікті өткізді. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есеге жоғары. Есептік кезеңде ел тұрғындары отандық жаңа жеңіл көліктерді сатып алуға 26,2 млрд теңге (81,2 млн доллар) жұмсады", – деді Олег Алфёров.

Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының қатысушылары 2018 жылдың І-тоқсанында 1 306 автомобиль сатып алды.

Қаңтар-наурызда Қазақстанда құрастырылған жеңіл көліктердің арасында сұранысқа ие брендтердің бестігіне Lada (2 556), Hyundai (1 143), KIA (530), Ravon (305) және JAC (259) енді.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу