Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктік қызметті реттеу мәселелеріне қатысты маңызды түзетулер әзірледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Банк клиенттеріне онлайн қызмет көрсету кезінде бақылау күшейеді. Оған сәйкес жеке тұлға ұялы телефонын ауыстыруы кезінде биометрияны міндетті түрде қолданып, оған екі факторлы идентификация жүргізіледі. Олар мобильді қосымшаны банк анықтаған бір ғана абоненттік құрылғы арқылы пайдалана алады.
Маңызды түзетулердің бірі – 18 жастан 21 жасқа дейінгі қазақстандықтарға қашықтан төлем карточкаларын шығаруға және қайта шығаруға тыйым салынады.
Азаматтарға біреуден артық төлем карточкасы шығарылған кезде о баста көрсеткен нысаналы мақсатқа сәйкес шот бойынша ақша қозғалысына мониторинг жүргізіледі. Қандай да бір сәйкессіздіктер анықталса, мұндай операциялар жіті тексерілмек.
Қазақстанның бейрезиденттеріне де талап күшейеді. Күдікті және тәуекелі жоғары клиенттерге қатысты бақылауды қатаңдату мақсатында қашықтан төлем карточкаларын шығаруға және қайта шығаруға жол берілмейді. Жаңа ережелерге сәйкес, клиент паспортының фотосы бойынша биометрияны қолдана отырып, екі факторлы идентификация жүргізеді. Сондай-ақ алғашқы үш айдағы шоты бойынша ақша қозғалысы бақыланатын болады.
Кімдер жіті бақылауға алынады?
Банк клиенттерінің бірқатар санатына күшейтілген мониторинг жүргізіледі:
- әр түрлі банктер шығарған 5 төлем карточкасын ұстаушыларға (банкте ақпарат болған кезде немесе ҚРҰБ Антифрод-орталығының Бірыңғай карточкалық базасынан алынған ақпаратты пайдалана отырып);
- шекаралас аудандарда шығарылған төлем карточкаларын ұстаушыларға;
- тұруға ықтиярхаты немесе тұрақты тұруға рұқсаты жоқ ҚР бейрезиденттеріне;
- 14 пен 25 жас аралығындағы клиенттерге шот бойынша елішілік және трансшекаралық аударымдар жүргізуге байланысты ресми кіріс көзі болмаған жағдайда. Енді бұл санаттағы жеке тұлғалардың операцияларын электрондық банк қызметтерін алу кезінде ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері тексереді.
Бұдан бөлек қазақстандықтардың шетелдік аударымдар көлемі 500 мың теңгеден асатын болса, банкте күдік тудыруы мүмкін. Мұнда Қазақстан Сингапурдың тәжірибесін негізге алған. Ол елде жарты млн теңгеден астам сомаға трансшекаралық төлемдер және ақша аударымдарына күшейтілген мониторинг жүргізіледі.
"Кірістерді жылыстату/терроризмді қаржыландыру тәуекелін арттыратын банк қызметтері мен оларды ұсыну тәсілдері мыналарды қамтиды: жеке тұлғалардың 500 мың теңгеден астам сомаға трансшекаралық төлемдері және ақша аударымдары", - делінген қаулыда.
Яғни, егер де адам шетелге ақшаның ірі көлемін жіберетін болса, онда бұл операция қосымша тексерілуі мүмкін деген сөз.
Бұл түзетулердің барлығы да адамдарды алаяқтық әрекеттерден қорғау мақсатында енгізілгелі жатыр. Сол себепті енді банктер клиентпен іскерлік қатынастар тоқтатылған күннен бастап кемінде 5 жыл олардың биометриялық деректерін (суреттер, видео) сақтауға міндеттеледі.
Құжатты жария талқылау 14 сәуірге дейін жалғасады