Шыңжаң – Қазақстан мен Қытайдың арасын жалғайтын көпір

2074

Шыңжаңда 1,6 миллионнан астам қазақ тұрады. 

Шыңжаң – Қазақстан мен Қытайдың арасын жалғайтын көпір Фото: inbusiness.kz

Қазақстан мен Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының өзара ынтымақтастығы жыл сайын нығайып келеді. Бұл туралы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Сыртқы істер жөніндегі кеңсесінің партиялық тобының хатшысы Сюй Гуйсян айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қытайдың Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған баспасөз туры барысында Үрімші қаласына ат басын бұрдық. Үрімші – Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының әкімшілік орталығы. Қала 7 ауданнан және 1 уезден тұрады. Бүгінде шаһар Шыңжаңның басты сауда әрі индустриалды алаңына айналған.

"Соңғы уақытта Шыңжаң мен Қазақстан арасындағы өзара ынтымақтастық жандана түсті. Түрлі салаларда белсенді әріптестік орнатылып келеді. Оның ішінде көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, сауда-экономика салалары бар", - деді Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Сыртқы істер жөніндегі кеңсесінің партиялық тобының хатшысы Сюй Гуйсян.

Былтыр Шыңжаңда сыртқы сауданың жалпы көлемі 300 миллиард юаньға жеткен. Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Сыртқы істер жөніндегі кеңсесінің партиялық тобының хатшысының айтуынша, бұл көрсеткіш Қытайдағы басқа аймақтармен салыстырғанда өте жоғары болмауы мүмкін. Алайда өңір сыртқы сауданың өсу қарқыны бойынша өткен жылы Аспан асты елінде екінші орынға табан тіреген. Шыңжаң ауданы негізінен тоқыма өнімдерін, киім-кешекті, азық-түлікті экспорттайды.

"Шыңжаңның жалпы сыртқы сауда үлесінің шамамен 80 пайызын Орталық Азия елдерімен алыс-беріс құрайды. Олардың ішінде ең негізгі серіктес ел – Қазақстан. Импорттық өнімдерге келетін болсақ, бұл негізінен кен, кептірілген жемістер, астық", - деді ресми өкіл.

Сюй Гуйсян үкіметтік делегация мүшесі ретінде елімізде бірнеше мәрте болғанын айтып, қонақжайлылығымызға тәнті болғанын жасырмады.

"Өткен жылдың наурыз айында өңірдің партия хатшысы бастаған үкіметтік делегациямен бірге Қазақстанға бардым. Сол кезде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырза біздің делегацияны қабылдады. Біз Ақ Ордаға бардық. Өткен жылдың қазан айында Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасына ресми сапары барысында "Бір белдеу, бір жол" саммитіне қатысқаннан кейін Үрімші қаласына келді. Биылғы наурыз айында өңір басшысы бастаған үкіметтік делегациямен бірге Қазақстанға бардық. Қазақстандық тарап кездесуді өте жақсы деңгейде ұйымдастырғанына дән ризамыз", - деді ол.

Шыңжаң өңірінде 1,6 миллионнан астам қандасымыз тұрады. Сюй Гуйсянның айтуынша, автономиялық ауданда екі тілде оқытатын, атап айтқанда, қытай-ұйғыр және қытай-қазақ тілді мектептер де бар.

"Негізгі пәндер қытай тілінде оқытылады. Аптасына шамамен 2 немесе 3 рет ұйғыр, қазақ тілдері бойынша сабақ өтеді. Мектеп оқушыларының арасында түрлі ұлт өкілдерін кездестіруге болады. Бұл білім ордасының орналасқан жеріне, яғни онда қандай ұлттар тұратынына байланысты", - деді спикер тілшілердің сауалына берген жауабында.

Соңғы жылдары аймақта туристік нарық белсенді дамып жатыр. 2023 жылы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына шамамен 200 млн турист келген. Биылғы болжам бойынша бұл көрсеткіш 300 млн адамға дейін жетуі мүмкін. Оның ішінде шетелдік туристердің саны шамамен 6-7 млн адамды құрайды. Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим барыс-келісті одан сайын жеңілдете түскен.

Айта кету керек, осыған дейін Қытай қазақтары қоныстанған жайлау танымал туристік орынға айналғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу