Трамп Израильдің "көкірегінен" итеріп, Иранға құшақ жайды

Израиль мамыр айында Иранның ядролық нысандарына соққы жасауды жоспарлаған еді.  

Трамп Израильдің "көкірегінен" итеріп, Иранға құшақ жайды Фото: BBC

Десе де, АҚШ президенті бұл операцияны қолдаудан бас тартып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Бұған дейін Дональд Трамптың Иранмен әңгімесі жараспай жүрген болатын. Бірақ ол ақыры Тегеранмен оның ядролық бағдарламасын тежеуге бағытталған келіссөздерді таңдады. 

АҚШ президентінің Израилдің жоспарын қолдамай, мәселені келіссөз арқылы шешуді жөн көргенін The New York Times газеті жазған. 

Басылым Трамптың бұл шешімді бірнеше айға созылған ішкі пікірталастардан кейін қабылдағанын алға тартады. Ол дипломатиялық жолмен Иранды тежеуді немесе Израильдің әскери жоспарына қолдау көрсетуді таңдауы тиіс болған.

Талқылау кезінде АҚШ әкімшілігінде екі түрлі көзқарас байқалған. Ол заңды да еді. Яғни, бір тарап әскери күш қолдануды жақтаса, екіншісі мұндай соққы Иранның ядролық бағдарламасын тоқтатуға көмектеспейтінін ескертіп, керісінше, "АҚШ-ты жаңа соғысқа итермелеуі мүмкін" деп қауіптенген. 

Ең сонында Ақ үй әскери әрекетке қарсы тұрып, келіссөзге басымдық беруді жөн деп тапқан. Бір жағынан Тегеран да келіссөздерге дайын екенін білдірген.

Газет дерегінше, Израиль Иранға шабуыл жоспарын толық дайындап үлгерген. Олар ядролық бағдарламаны кемі бір жылға тежемек болды және бұл операцияны АҚШ-тың қолдайтынына сенген. 

Десе де, Трамп дипломатияны таңдап отыр. Алдыңғы мерзімінде ол Иранмен жасалған ядролық келісімді бұзса, екінші мерзімінде Таяу Шығыста жаңа соғысқа араласқысы келмей, келіссөздер жүргізуге кіріскен. Ол Иранға нақты шарт қойып, ядролық бағдарлама бойынша келісімге келу үшін бірнеше ай уақыт берген еді. 

Еске салайық, АҚШ пен Иран арасындағы алғашқы жанама келіссөз 12 сәуірде Оман астанасы Маскатта өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу