Бағдарламамыздың өткен шығарылымында қырғыз ағайындарда тойдағы ысырапкершілікті тыю туралы заң қабылданғанын айттық. Осы тақырыпты қаузай отырып, өзіміздің тойларымыздағы қаптаған бейәдеп көріністер мен ерсі қылықтарды әңгімемізге арқау етсек дейміз.
Қоғамда осы күнгі тойлардың түр-сипатына қатысты сөз көп. «Қазақтың тойларына тән әдеп пен дәстүр жоғалып барады», «Тойлардағы тұрпайы көріністер елді бездіріп жатыр», «Ұят дегеннен түк қалмады» деген сияқты әңгімені адамдар жиі айтады. Мұндай сөздердің жаны бар. Өйткені, шынында да, тойдағы ерсі қылық бейнероликтерінің тарауы етек алған. Бұған не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Қазақтың тойы тұнып тұрған дәстүр мен тәлім-тәрбие еді, ал бүгінгі тойларымыз ұлттық сипатын жоғалтып жатыр, жастарды бұзатын болды деп іштей наразы болатынымыз рас.