Оның сөзінше, биыл мектеп асханаларында тамақтанудың жаңа стандарты қолданысқа енеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз тапсырмаларының бірінде 1,7 миллион оқушыны қамтып отырған тегін мектеп тағамдарының сапасын арттыруды тапсырған-ды.
"Біз мектеп оқушыларын күмәнді сападағы арзан өнімдермен тамақтандыра алмаймыз. Балалардың тамақтануының халықаралық стандарттарына ұмтылу керек, бұл жас ұрпақтың денсаулығына тікелей әсер етеді" деген болатын сол кезде Президент.
Сол себепті, мектептегі тамақтану реформасы Денсаулық сақтау министрлігінің басты міндетінің біріне айналып отыр.
– Денсаулық сақтау министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен, бейінді отандық және халықаралық сарапшылармен бірлесіп, ғылыми деректер мен халықаралық ұсынымдардың негізінде мектепте тамақтанудың жаңа стандартын әзірледі. Ол 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап елдің барлық білім беру ұйымында күшіне енеді. Өкініштісі сол, соңғы жылдары біз балалардағы семіздік, II типті қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары, тісжегі және аллергия жағдайларының өсуін байқадық. Бұл көбіне теңгерімсіз және зиянды диетаға байланысты, – дейді Ақмарал Әлназарова.
Сараптамалық бағалауларға сәйкес Стандартты қатаң сақтау:
- балалардағы семіздік деңгейін 10-15%-ға төмендету,
- II типті қант диабеті жағдайлары – 10-20%-ға,
- артериялық гипертензия – 8-18%-ға,
- басқа созылмалы аурулар – 5-15%-ға,
- сондай-ақ балалардың зейіні мен үлгерімін арттыру.
"Диетаны жаңартумен қатар, біз мектеп асханаларының тамақтану қауіпсіздігі менсанитариялық жағдайын бақылауды күшейтеміз" деген министр мемлекеттік бақылауға жаңа тәсілдер енгізіліп жатқанын сөз етті.
Олар:
- тексерулер туралы алдын ала хабарлаудан бас тарту,
- тұрақты мониторингтік сапарлар жүйесін енгізу.
Аталған шаралар тамақтану жағдайларын объективті бағалауға және бұзушылықтарды уақытылы жоюға бағытталып отыр.
– Біз бұл қадамды балаларымыздың денсаулығы үшін жасаймыз және білім беру жүйесінің барлық қатысушысын жаңа талаптарды жауапкершілікпен және адал орындауға шақырамыз, – деп сөзін қорытындылады А.Әлназарова.