Атышулы блогер Мұрат Әбділда тағы түрмеге түсті

Ол біраз уақыт бұрын шартты түрде босатылған еді. 

Атышулы блогер Мұрат Әбділда тағы түрмеге түсті Фото: Бейнежазбадан

Оның кінәсі туыстарының берген түсініктемесімен және тиісті актілермен және куәлердің жауаптарымен толық дәлелденіп отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Түркістан қаласының ауданаралық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігімен 2022 жылы сотты болған блогер Мұрат Әбділдаға қатысты ұсыным қаралған. 

Ұсынымда Сауран аудандық полиция бөлімі блогердің мерзімінен бұрын шартты түрде босатудың күшін жойып, жазаның қалған өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстыруды сұраған. 

Атышулы блогер профилактикалық есепте тұрғанына қарамастан 2024 жылы ортақ пайдалану орнын ластағаны үшін ӘҚБтК 434-2 бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауаптылыққа тартылып, айыппұл арқалаған. Ал 2025 жылдың ақпан-наурыз айларында 5 рет тіркелуге келмегені, 4 рет түнгі уақытта тұрғылықты мекенжайында болмағаны анықталған. 

Әлеуметтік желілерде Мұрат Әбділданың қамауға алынған сәті жарияланды. Бейнежазбада оның келіншегі делінген әйелдің қатты жылағаны таспаланып қалған. Блогер өз кезегінде тағы бір мүмкіндік беруді сұраған. 

– Сот қаулысымен Түркістан облысы полиция департаментінің Сауран аудандық полиция басқармасының ұсынымы қанағаттандырылды. Ер адамды мерзімінен бұрын шартты түрде босатудың күші жойылып, жазаның қалған өтелмеген бөлігі 2 жыл 11 күнін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстырылды. Ер адам сот залынан қамауға алынды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ, – деп хабарлады Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, блогер 2022 жылы әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік алауыздықты азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер жасағаны үшін 4 жыл 6 айға қамалған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу