Мәжіліс денсаулық сақтау саласындағы нормалардың артық заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша заң жобасын екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құжат 2024 жылдың 25 желтоқсанында бірінші оқылымда мақұлданған болатын. Мәжілістің ақпаратына сәйкес, енді медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында онкоскрининг барлығына қолжетімді болады.
"Халықтың нысаналы топтарын скринингтік зерттеулермен толық қамту үшін мәжілісмендер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында көрсетілетін қызметтер тізіміне онкологиялық ауруларды ерте анықтау бойынша скринингтік зерттеулерді енгізуді ұсынды. Осылайша, зерттеу сақтандыру мәртебесіне қарамастан, Қазақстанның барлық азаматын қамтитын болады. Сондай-ақ депутаттар заңға жергілікті бюджет қаражаты есебінен әкімдіктердің медициналық айғақтары бойынша мүгедектігі жоқ есту қабілеті бұзылған азаматтарды есту құралымен қамтамасыз етуі туралы нормалар енгізуді де ұсынды. Түзету мүгедектіктің алдын алуға және есту қабілеті бұзылған адамдарға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған", – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек медициналық қызмет нәтижесінде науқастың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру жағдайларын қарау үшін тәуелсіз сараптама комиссиясын құру тетігі жетілдірілетін болады.
Депутат Асхат Аймағамбетов Мәжіліс кулуарында осы заң жобасына қатысты пікір білдірді.
"Бүгін өте маңызды екі түзету қабылданды. Біз оны екі жыл бойы дайындадық. Бірінші түзету 3,5 млн қазақстандық үшін жақсы жаңалық. Неге? 3,5 млн адам медициналық сақтандырумен қамтылмаған. Бүгінгі таңда олардың онкология бойынша скринингтен өтуге құқығы жоқ, яғни бұл адамдарды ешкім қабылдамайды, скринингтен өткізбейді. Ал скринингтен өтпегеннен кейін қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтау мүмкін емес. Ауруды үшінші, төртінші кезеңде анықтағаннан кейін емдеудің өзі үлкен нәтиже бермейді", – деді ол.
Мәжілісмен енді МӘМС-те қамтылмаған 3,5 млн қазақстандық ақысыз түрде онкологиялық скринингтен өтуге мүмкіндік алғанын жеткізді.