Мемлекет қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың орындалмай қалған арманы араға жарты ғасыр салып қайта қозғала бастағандай, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Егер бұл ұсыныс қолдау тапса, Арал мен Байқоңырдың болашағына жеткілікті деңгейде әсер етуі мүмкін.
Осы орайда, inbusiness.kz сайтының тілшісі бірнеше кейіпкермен сөйлесіп, аймақтың облыс болуға қандай уәжі бар екенін тыңдап көрді.
"Тұран ойпаты – Арал теңізі" қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Айжарық Ералиевтің айтуынша, бұл бүгін қозғалып отырған мәселе емес. Әрі егер жаңа облыс пайда болса, Арал аймағының екінші тынысы ашыларына сенімді.
– Арал облысын құру идеясы жаңа айтылған мәселе емес. Өткен ғасырда сөз болып, кейбір себептермен кейінге шегерілген. Арал қаласы Қызылордадан – 465, Ақтөбеден 600 шақырым қашықтықта орналасқан. Өткен ғасырдың 30-жылдарында Ақтөбе құрамында болған.
Арал теңізінің құрғап қалуы өңір тұрғындары үшін өте ауыр салмақ болғаны анық. Қазір тұрғындардың сыртқа көшу процесі қайта жандана бастады. Ауданда "Аралтұз" компаниясы ас тұзын өндіреді. Шөміштегі кварц құмының тағдыры да бізге беймәлім. Сондай-ақ, аудан көлемінде әлі де зерттелмеген қазба байлық орындары жеткілікті.
Қызылорда – егін шаруашылығына басымдық берген облыс. Ал, Арал ауданы – қашаннан мал, балық шаруашылығымен айналысқан ел. Кезінде Қарақұм, Жіңішкеқұм, Арал, Приарал совхоздары және Құланды жылқы зауыты болды. Бұл дегеніңіз – ұқсата білгенге әлі де ет, сүт дайындау мүмкіндігі бар деген сөз, – дейді ол.
Негізінен, бастапқы идеяны жалғастырушы топ "Арал өңірі дамуының 2030 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламасы" нақты іске құралуы тиіс" деп есептейді. Оған нақты жоспары, стратегиялық-экономикалық бағдарламалары да бар.
Заңгер әрі белсенді азамат Нұртуған Тұржанов та облыс құру туралы шешім бұған дейін болғанын айта келе, мұндай ерекше жаңалықтың күрт тоқтап қалу себебін жеткізді.
– Осы жерде туған азамат болғандықтан, "Арал өңірін қалай дамытамыз, қалай жетілдіреміз?" деген ой туады. Кәдімгі баланың ойы, кішкентай кезде "Құдай қаласа, туған жеріміз гүлденіп, өзгеріп, үлкен қала болатын шығар" деп көп армандайтынбыз.
Ашық дереккөздерде жазулы тұр екен. 50-60-жылдары Қазақстан мемлекеті Арал өңірінде "Арал" деген облыс құрмақшы болған. Ол Маңғыстау облысына ұқсатып, энергия комбинат жасау арқылы су алу, Аралдың мұнайын пайдалану, көмір алу, сол жақтағы тұз комбинаты бар, тағы-тағы көп жағдайды ескере отырып, "сол жақтан облыс құрамыз" деген шешім болған екен. Сол шешім теңіздің тартылуына байланысты тоқтап қалған, – деп ойын бір түйіндеді жанашыр азамат.
Бұған дейін қоғам белсендісі, көптеген жауапты қызметтерді атқарған марқұм ағамыз Көлбай Данабай ел Президентінің назарына жазба жариялаған еді. Онда "Сіздің бастамаңызбен Республикамызда үш бірдей жаңа облыс құрылды. Бұл – сөзсіз тың бастама және тұрғылықты халықтың рухани, әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартатын жайт. Корпорация қаншалық ірі болған сайын басқару қиындық туғызатыны – аксиома.
Біздер, Арал өңірі – экологиялық апат аймағы халқы екі облыстың шетінде ұлан-ғайыр жерде шет қалған халықпыз. Оған қоса теңіздің тартылуы жұртымызды жұмыссыз, дамусыз қалдырды.
Айтарымыз Арал өңіріне рухани, әлеуметтік, экономикалық жетістік әкелетін бірден-бір оң шешім ол – облыс құру.
Сізден Жетісу, Абай, Ұлытау облыстарын құрудың заңды жалғасы ретінде Тұран немесе Арал облысын құруды сұраймыз" деп жазылған еді.
Иә, облыс құру арқылы барлық мәселе шешіледі деу қате болуы мүмкін. Бұл – басы ашық жайт. Ең маңыздысы – кешенді әрі ұзақ мерзімді бағдарламалардың болуы. Сондықтан, шешім жан-жақты зерттеп-зерделенгені дұрыс.
– Қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, тартылып кеткен Арал теңізі экологиялық апатынан зардап шеккен аймаққа көңіл бөліп, өз алдына облыс құрылса деген ойдамыз. Бұл – көпшілік пікірі.
Су лимитін бөлуде де егін мүддесіне тәуелді болмай, өз үлесін алып отыруына мүмкіндік туар еді. Сондай-ақ, Аралда оқу орындарын ашу арқылы гуманитарлық мамандыққа мамандар даярласа да болады. Мұнда кезінде қалааралық әуежай да болды.
Біз "Еркін экономикалық аймақ" мәртебесін де сұрап жүрміз.
Халықаралық Аралды құтқару қорын басқару мүмкіндігін жүзеге асыру барысында Президентіміз осы мәселеге назар аударса деген өтінішіміз бар, – дейді "Тұран ойпаты – Арал теңізі" қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Айжарық Ералиев.
Осы орайда аталған бірлестіктің заңгері Нұртуған Прекешұлы "мұндай шешімнің өміршең екендігін уақыт көрсетті" дейді.
Оның айтуынша, Тұран облысы аумағына 5 аудан кіруі керек. Яғни, Қызылорданың 3, Ақтөбенің 2 ауданын ұсынып отыр.
– 2018 жылы БҰҰ Арал өңірін "Экологиялық инновация және технологиялар аймағы" деп жариялады. Арал өңірінің Қызылорда облысымен салыстырғанда өзінің экономикалық спецификасы, бөлек ұғымы бар. Яғни, өндірістік бағыттың дамуы, мәдениет пен тарихи іздерде де іздеусіз жатыр. Мінеки, осындай жайттарды ескере отырып, бұл өңірде бұрынғы Қазақстанның қабылдаған шешімі – облыс ашу жөніндегі ойдың дұрыс екендігін, өміршең екендігін көрсетеді.
Арал облысын біз "Тұран облысы" деп атадық. Себебі, сол көне айтылған жазбаларда "Арал, Қазалы, Қармақшы және Шалқар секілді 4 ауданды айтып, облыс құру керек" деп жазылған. Біздің ұсынысымызда 15 мың халқы қоныстанған Ырғыз ауданы да бар. Өйткені, бұлар – ертеден келе жатқан бір-біріне ағайын халық.
Нұрсұлтан Назарбаев басшы болып тұрған кезде Түркістан облысы құрылды. Одан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев келген кезде Абай, Ұлытау, Жетісу облысы құрылды. Яғни, мемлекеттің даму процесі Қазақстанда тағы да бірнеше облыс құрылу мүмкіндігін жоққа шығармайды, – деп нақтылай түсті ол.
Шыны керек, ХХ ғасырдың 50-60-жылдарындағы Қазақ КСР-нің Арал облысын құру туралы идеясы шыққанда аталған аймақта зауыт-фабрикалар өте көп болған екен. Бір ғана мысал, балық және балық өндірісіне негізделген комбинат, кеме жөндеу, нан және электротехникалық зауыт, тігін фабрикасы, теңіз флоты, оқу орындары, тағы сол секілді ірі-ірі жұмыс көзі ел-жұрттың тұрмыс-тіршілігіне жарап тұрды.
– Қызылорда облысында ең қиын, ауыр мәселе – осы Арал теңізінің және Байқоңырдың (ғарыш айлағы және қаласы) жайы. Сондықтан, екі мәселені шешу үшін де бөлек облыс болғаны дұрыс. Әрі бюджет осы екі ауданға дотация беру арқылы олардың дамуына үлкен қолдау жасар еді. Арал өңірінің өз алдына облыс болуы – көне идеяны жалғастыру. Біздегі үлкен автожол – Батыс Еуропа-Батыс Қытай осы Аралдың үстімен өтеді. Анау көне замандардағы Түркісіб теміржолы, сол Мұхаммеджан Тынышбаев салған теміржол да Аралға із салады. Кейінгі салынған Астанадан батысқа, Маңғыстау тарапынан ары қарай Иранға өтетін теміржол да осы Аралдың ауданын қиып өтуде. Сонымен қатар, Қытайға шығып жатқан Бейнеуден кететін газ құбыры да, мұнай құбырлары да осы жерде бар. Қай жағынан алса да, Арал ауданы – транзиттік орталық, Қазақстанның нағыз орталығында орналасқан үлкен өңір, – деп сөзін қорытындылады Нұртуған Тұржанов.
Негізінен, аталған ұсыныс ақылға сиятын секілді. Десе де, жаңа облыс құру туралы бастаманың экономикалық және экологиялық тұрғыда қандай мәнге ие екенін нақтылай түсу маңызды. Артықшылығы міндетті түрде бар десек, кедергілері де соншалықты кездесуі бек мүмкін.