Блогерлер жаппай таңғалып та, жанұшыра "ақталып" та жатыр

Бұған дейін елдегі 600-ге жуық блогердің 53,3 млрд теңге кірісін жасырғанын жазған едік. 

Блогерлер жаппай таңғалып та, жанұшыра "ақталып" та жатыр Фото: inbusiness.kz

Негізінен 8 мыңға жуық блогер, әнші, спортшы және танымал тұлғаларға 14 ақпаннан бері салық органдарынан "хат-хабар" түсіп жатқаны хабарланған болатын, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Ал кешелі-бүгін әлеуметтік желілерде 31 адамның есімі, әлеуметтік желідегі аккаунты мен миллиард-миллиондардан тұратын сандары бар фото таралып кетті. Сол-ақ екен, тізімнен өз есімін көргендер бір түсінбестіктің болғанын жанұшыра айтуда. 

"Мен жарнама арқылы ақша тапқан емеспін!"

Солардың бірі – кәсіпкер Сырымбек Тау. Ол өзіне қатысты компаниялардың тұрақты түрде салық төлегенін сеніммен айтып отыр. Ал, "блогер ретінде ақша тапқан емеспін, өз ақшам өзіме жетеді" дейді. 

– Салық туралы жарияланған 31 адамның қатарына мені де енгізген екен. Менің қатысым бар компаниялар кемінде 10 миллиард теңгеден астам салық төлеген.

Ал "114 миллион теңгеге жарнама жасап, салық төлемеді немесе блогер ретінде 114 миллион теңге табыс тапты" деген ақпарат түсініксіз. Осы мәселеге қатысты есепшім барлық құжатты мұқият тексеріп, 2022-2023 жылдарға қатысты мән-жайды анықтайды.

Егер банктік карталарға түскен қаражаттарды осылай салық есебіне енгізетін болса, онда әрбір Қазақстан азаматының картасы тексерілуі мүмкін. Бұл жағдай сіздің де басыңызға түсуі ғажап емес, сол себепті кіріс-шығысыңызды есептеп жүргеніңіз абзал.

Мен жарнама арқылы ақша тапқан емеспін! Құдайға шүкір, өз кәсібім бар, табысым өзіме жеткілікті азаматпын, – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

"Салықтан ешкім жалтармайды, жалтармауы да тиіс"

Ал, Мөлдір Есембек (Say Mo) "Сонша ақшам бар екен, неге бір бөлмелі пәтерімді несиеге алып жүрмін десеңші, шіркін! Не де болса, ауыздарына май!" деп қысқа қайырып, салық органдарын сөзбен қағытып өтіпті. Ел алдында жүрген танымал жандардың дені оқиғаға қатысты пікірін айтып, бір қателіктің кеткенін жеткізуде. 

Журналист, тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы да аталған жайтқа қатысты пікір білдірді. 

– Қымбатты оқырманым, әлеуметтік желіде тарап жатқан мына суретті (Салық туралы жарияланған фото – ред.) маған жарыса жіберіп жатыр екенсіздер. Өзгелер үшін жауап бере алмаймын. Мен соңғы 5-6 жылда дара кәсіпкер ретінде тіркеліп, заңды түрде салығымды төлеп отырмын. Бірақ бірден айтайын, менің "оборотым" мына жерде көрсетілген сомаға сай келмейді. Әрі 2023 жылы 10 шілдеде күшіне енген Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы Қазақстан Республикасының Заңына сай толығымен жұмыс істеп жатырмын деп сенімді түрде айта аламын. Мен өзім салық, құжат дегендерге бейжай қарай алмайтын адаммын. Оны көмекшілерім де, заңгерім де, есепшім де растай алады. 

Сондықтан да алдағы уақытта салық органдарына жүгініп, міндетті түрде қайта тексерісті талап етемін. Салықтан ешкім жалтармайды, жалтармауы да тиіс. Ол – әлеуметтік саланың бірден-бір қайнар көзі. Жанашырлық танытып жатқан жандарға да алғыс. Алдағы уақытта салық есептелігінің нәтижесімен міндетті түрде бөлісемін, – деді ол.

"Бірнеше досыма 100 миллион теңгеге жуық келген"

Аталған тізімге қатысты барлардың бірі – актриса әрі блогер Жания Джуринская. Ол "барлық адам салық төлеуі тиіс" деген пікірде. Бірақ, өзіне қатысты сандар ақылға сыймайтынын ашық айтты. 

– Бәрі жақсы болады. Дұрыс, әр адам салық төлеуі керек, бірақ салық мөлшері миға сыймайды, оны жақында есеп беріп, анықтаймыз, – деді ол.

Ал Әлішер Елікбаев еліміздегі көптеген блогер, вайнер, әзілкештер 2022 және 2023 жылдарға салық төлемегені жайында хабарлама алып жатқанын жеткізді. 

– Мұндай хатты 8 мың адам алды деген қауесет бар. Олардың арасында блогерлер, әзілкештер, вайнерлер, тіпті Геннадий Головкин де бар. Сонда енді толығымен оларды табыссыз қалдыруға шешім шығарылды ма?

...Бұл рекорд жаңарту шығар. 300-400 миллион теңгеден төлеуге міндеттелген блогерлер бар. Бірнеше досыма 100 миллион теңгеге жуық келген. Енді олар "салық төлеп, тыныш ұйықтаңыздар" деп айта бастады. Алайда бұл айтып отырған жігіттердің барлығы төлеуге тиіс салығын бұрын өтеген. Сондықтан таңғалып отырмыз. Қазір көпшілік салық комитетінің есігін тоздырып жүр. Енді әр тиын үшін есеп беру ұсынылып отыр, – деді әзілкеш.

Блогер-жиһанкез Өркен Кенжебек желіде тараған тізімге қатысты пікір білдірді.

"Маған да салық комитетінен хабарлама келді. Бірақ ол жердегі нақты қарыздың қанша екенін айта алмаймын. Тіпті, айтуға да келмейді. Біріншіден, бұл бекітілген сома емес. Мемлекеттің жасап отырғаны блогерлерге қысым көрсету деп ойламаймын. Олар көзге көрініп жүрген тұлғалардан бастады. Жалғыз тек әншілер мен блогерлер деп бөлуге келмейді. Арасында тамада мен такси жүргізушісі де бар. Әркім әртүрлі жолмен ақша табатыны анық. Бірақ салықтан жалтармау керек. Қоғамның шулап жатқанын да түсінуге болады. Кейбір тұлғалардың кесірі де болуы мүмкін. Жеке ойым, қандай да бір кемшілік болып жатса, алдымен ескерту керек еді. Мемлекеттің мұндай мәселеге мейіріммен қарағаны дұрыс деп ойлаймын. Қорқытпай, үркітпей түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек еді", – дейді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу