Бүгін Мәдениет және ақпарат министрі шабуылға ұшыраған Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қатысты жалған ақпараттың түр-түрі таралғанына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Мен министр ретінде телеграм-каналдардың жұмысына көп көңіл аудару керек деп ойлаймын. Өйткені, кеше де Шымкент әкімінің орынбасарына қатысты мағлұматтар сол анонимді телеграм-каналдардан басталды да, өкініштісі сол, біздің кейбір ресми БАҚ ақпаратты іліп әкетті. Сондықтан, бұл жерде журналистиканың негізгі принциптерін бұзбауымыз керек. Жалпы, тергеу жұмыстары бітпей жатып, ешқандай нәтижені айта алмаймыз. Содан кейін күдіктінің аты-жөнін, суретін көрсеткені де үлкен резонанс болды, – дейді ол.
Аида Балаева оқыс оқиға туралы ақпарат таратқан кейбір БАҚ-тың екі тараптың да құқығын бұзғанын ашық айтты.
– Екіншіден, Руслан Берденовтің өзіне де ақпарат аяусыз болып кетті. "Әкімшілікте жұмыс істейтін әйел адамға қырындады" деген мәселелер, ондай ақпаратты тарату, менің ойымша ешқандай моральға сыймайды. Тексерілмеген, нақтыланбаған ақпаратты таратуға болмайды. Менің ойымша, қазіргі ақпараттық жұмыста анонимді телеграм-каналдардың жұмысын ашық етуіміз керек, – деді министр.
Мәдениет және ақпарат министрі алдағы уақытта жалған ақпарат тарататын арналарды бұғаттайтынын жеткізді. Өйткені, негізсіз ақпараттар қос тарапқа ғана емес, ел-жұрттың да көңіл күйіне қатты әсер етеді.
– Анонимді телеграм-арналар бүгінде жалған ақпарат, манипуляция мен арандатудың ошағына айналды. Олар халықтың көңіл күйіне анық әсер етеді. Бұл жағдайға көз жұмып қарау мүмкін емес екенін мойындауымыз керек. Министрлік алдында тұрған міндет – ондай арналарды анықтап, бұғаттауға қол жеткізу, – деп нақтылай түсті Аида Балаева.