10 мың доллар салып, ештеңе істемей-ақ миллионер болғандар бар

10622

Ұлттық банк өкілі үлкен табыс табу үшін ақшаны қайда инвестициялауға болатынын айтып берді.

10 мың доллар салып, ештеңе істемей-ақ миллионер болғандар бар

Қазақстанның монетарлық реттеушісінің өкілдері отандастарымызға ақшасын қайда салуға болатыны жөнінде пікір бөлісті.

Олар жинақты шетелдік валютада сақтауға кеңес бермейді. Өйткені ірі девальвациялар жиі болмайды. Қазақстанда доллар мен еуро бағамын екі еседей өсірген соңғы девальвация 2015 жылы болды. Депозитке салса, жылдық сыйақысы орта есеппен 1 пайыздай ғана.

Ресей рублінде сақтауға мүлдем болмайды. Көршінің валютасы өз тарихында талай рет алапат құнсызданып, "сабан ақшаға", қиынды қағазға айналып шыға келді. Қазіргі кезде рубль қайтадан девальвациялануда.

"Мен валютаны жинақ, не инвестициялау құралы ретінде қарастыруға кеңес бермеймін. Валютаны тек қажет кезде, әлдебір операцияларды жүргізуге пайдаланған абзал. Мәселен, бизнесмен болс – сатып алуларға, азаматтар – саяхат пен басқа қажеттіліктеріне пайдалансын. Бірақ валютаға инвестиция мен жинақ ретінде қараудың қажеті жоқ", – деді Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.

Сонымен бірге 1 АҚШ долларының бағамы 1993 жылғы 4,6 теңгеден 2024 жылы 490 теңгеге дейін, яғни 106 есе қымбаттағанын ескерсек, осы кезеңде жинағын америкалық валютада сақтағандар қатты ұтқанын байқауға болады.  

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, салымшы ең алдымен нені мақсат ететінін түсініп алғаны жөн.

"Көптеген қазақстандықтың жинақтарының бір бөлігі валютада сақтаулы. Бәлкім, олар шетелдік тауарлармен байланысты сатып алуларды жүзеге асыруды жоспарлаған шығар. Немесе, валютаны шетелге саяхаттап, демалуға, болмаса, балаларын оқытуға жұмсайтын болар. Сондықтан валютаны таңдау мәселесі – әркімнің жеке ісі. Сондай-ақ әртүрлі құралдарға салым салуға болады. Бірақ түрлі-түрлі активтерге инвестиция салмас бұрын сол саланың кәсіби мамандарына жүгінген жөн. Қарапайым адамның қандай құнды қағазды қаншадан сатып алуды өз бетінше анықтауы өте күрделі", – деді Әлия Молдабекова.

Ол тез баю үшін нақты қандай компанияларға қаржы салуға болатынын айтпады. Бұл күрделі шаруа екенін, білім мен машықтардың белгілі бір жиынтығын талап ететінін жеткізді. Сондықтан акциялар, облигациялар сатып алу ісінде брокерлермен хабарласып, солардың ұсынымын алған жөн екенін ескертті.

Ұлттық банк басшысының орынбасары бүгінде биржа ісінен хабары жоқ адам үшін ең дұрысы – жинағын депозитте сақтау екенін мәлімдеді. Мұндай жағдайда, оның түсіндіруінше, азаматтарға тек банкті таңдау қалады. Өзге сарапшылар да қазіргі алмағайып шақта "ең жақсы пассивті табыс" ретінде банктік депозитті атап жүр. Өйткені бірнеше банк клиенттеріне жылдық 18%-дан астам сыйақы ставкасын ұсынады. Оны алу үшін ақшаны банкте 3-5 ай сақтаса жеткілікті. Бірнеше жыл күтудің қажеті жоқ.

Оның үстіне егер әлдеқалай қандай да бір банк банкрот болып, барлық операцияларды жүргізу лицензиясынан айырылса, шоттың не салымның иесі өтемақы ала алады: теңгедегі бірнеше жинақ депозиттері болса – жиынтығында 20 миллион теңгеге дейінгісі, теңгедегі карточкалар, шоттар мен депозиттер бойынша – 10 миллион теңгесі, шетел валютасындағы карточкалар, шоттар мен депозиттер бойынша – 5 млн теңгеге дейінгісі қайтарылады.

Ұлттық банк төрағасының тағы бір орынбасары Ақылжан Баймағамбетов жинақты қайда салу мәселесінде негізгі фактор – салымшының қаншалықты тәуекелге бара алатыны екенін нұсқады.

"Мысалы, "риск-аппетит" деген ұғым бар, ондай тәбет әркімде әртүрлі және адамның басын бәйгеге тігуге қабілеттілігіне тәуелді. Егер сіз жас болсаңыз, зейнеткерлік жасқа дейін көп уақытыңыз болса, онда инвестициялық портфеліңіздегі бағалы қағаздардың біршама құнсыздануына жол бере аласыз. Егер зейнеткерлік шақ жақындап қалса, онда тиісінше, тәуекеліңіз де төмен болуға тиіс. "Риск-аппетитін" әркім өзі анықтайды", – деді Ақылжан Баймағамбетов.

Ұлттық банк басшысының бұл орынбасары да жинақ ақша үшін депозиттер – базалық-тұғырлы нәрсе екенін қадап айтты. Депозит – көліктегі "қауіпсіздік жастығы" сияқты болашағын, амандығын ойлаған әрбір азаматта, отбасыда әрдайым болғаны маңызды. Банктік салымдар кепілдендірілген. Бірақ ол 10 миллион теңгелік шектеуден асып кетпеу үшін ақшаны әртүрлі банктерге бөліп тастау қажеттігін еске салды.

Қазіргі аумалы-төкпелі заманда банктердің жағдайы не болып кететіні белгісіз.

Ақылжан Баймағамбетов қор нарығында өсу де, құлдырау да болатынын қаперге салды. Бағалы қағаздар құнсызданса, ойыншылар, инвесторлар қаржысын жоғалтады.

Мысалы, қазақстандық қаржыгер, инвестор Ирина Абасова қаражатын "жеке инвесторлар қоғамдастықтары" арқылы түрлі жобаға инвестициялайтынын баяндады. Олардың табыстылығы айына 3%-дан басталады екен.

"Шағын бизнес бойынша мен бүгінде шамамен 20 миллион теңгемді 9 жобаға инвестицияладым. Бұдан бөлек, бағалы қағаздарға ақша саламын. Дегенмен, ендігі ең басты мақсатым – жылжымайтын мүлікке инвестициялар. Неге? Қолданыстағы портфелім – тәуекелді болып келеді. Бұдан былай консервативті бөлігін арттыруым қажет. Сол себепті, баспана сатып алуды жоспарлап отырмын. Оның қаражатын депозитте, шетелдік валютада сақтаудамын. 50 жастан кейін бұрынғыдай белсенді жұмыс істегім келмесі даусыз. Сонша күш-қуат, жігер-қайрат болмайды. Сондықтан егде тартқанда пассивті табысқа күн көру үшін қазірден соның жағдайын жасай беруім керек", – деді Ирина Абасова.

Егер адамның жолы болып жатса, дұрыс инвестициялай алса, қор нарығы да мол табыс әкелуі мүмкін.

The Motley Fool басылымы сарапшыларының айтуынша, соңғы онжылдықтарда америкалық Microsoft нарықтағы жетекші компанияға айналды. Тиісінше, көп бұрын осы технологиялық алыптың акцияларын сатып алып, оны сақтап қойғандар бүгінде адам сенбес байлыққа кенелген.

"Нақтысын айтсақ, кейінгі 10 жылда Microsoft акцияларының жылдық табыстылығы 27%-ға жетті. Салыстырсақ, S&P 500 индексінің жылдық табыстылығы соңғы онжылдықта 13% болды. Егер биржада ойнаған адам ең құрығанда он жыл бұрын Microsoft акцияларын 10 000 долларға сатып алса, сондай-ақ компания төлеген дивидендтерді оның акциясына қайта инвестицияласа, онда бүгінде ол адам он мыңын 107 950 долларға айналдырды. Егер он жыл бұрын оның акцияларына 100 мың долларын салса, онда қазіргі уақытта ол адам миллионерге айналды. Олай болса, миллион долларлық портфельге қол жеткізгісі келген шағын инвесторлар үшін Microsoft идеалды актив болды", – деп жазады The Motley Fool басылымындағы бағанасында технологиялық акциялар жөніндегі сарапшы Харш Чаухан.

Алайда өткенмен өмір сүретін компания жоқ, бұрынғы жетістіктер болашақ табыстардың кепілі емес. Бүгінде мықты әрі танымал төл жасанды интеллектін дамыта алмай жатқан Microsoft өзге техногиганттарға ұтыла бастады. Бұл оның акцияларына теріс әсер етуі мүмкін. Microsoft әзірше 3,2 триллион доллар нарықтық капитализациясымен әлемдегі №2 ірі компания болып табылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу