2023 жылдың жаңа, қысқы астығына үсіп кету қаупі төнді

4368

Қардың жоқтығы және ақшұнақ аяздың үстемдік етуі ауыл шаруашылығына зиянын тигізуі мүмкін. 

2023 жылдың жаңа, қысқы астығына үсіп кету қаупі төнді

Егіншілер басты табысын күзгі орақ науқанында жинайтын жаздық бидай және басқа дақылдардан табатыны мәлім. Дегенмен, негізгі табысты үстемелейтіні, жақсы бонус болатыны, сөйтіп аграршыны пайдаға шығаратыны – "күздік бидай".

Күздік бидай жаздың соңында немесе күзде егіледі де, қыс бойы жер астында жатып, өніп, көктемде немесе жазға қарай астығын береді. Сонымен бірге егер озық технологияларын толық сақтаса, оның шығымдылығы жаздықтан да жоғары болуы мүмкін.

Бірақ биыл осы астықтың бір бөлігі босқа "күйіп" кету қаупі бар сияқты. Өйткені алдымен күздің соңы мен қыстың басы шектен тыс жылы болды, қар аз түсті. Енді міне, еліміздің көптеген өңірлерін үскірік аяз қыса бастады. Мұның бәрі жер астында қыстап шығатын бидайдың төзімділігін күрт төмендеткен. 

"Астық және май дақылдары" мамандандырылған порталының мәліметінше, желтоқсан айының екінші онкүндігінде Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында қардың болмауы және түнде минус 23 градусқа дейін үсік ұруы күздік бидайлардың қатып, шіруіне соқтыруы ықтимал.

Бұған қоса, "Қазгидрометтің" шолуында Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында өткен жылдың соңында қарқынды жылымықтың орнауы ақырында күздік бидайдың төзімділігінің төмендеуіне соқтыруы мүмкін екені жоққа шығарылмайды.

Бұл ретте күздік бидайдың жас өскіндері жататын тереңдікте, яғни 3 сантиметрде топырақтың төменгі температурасы бұл өңірлерде нормадағыдан керісінше аз болды. Нақтылағанда, Алматы облысында жер астындағы температура минус 4 градусты, ал Түркістан облысында нөлден минус 2 градусқа дейін ғана болды. Салыстыратын болсақ, бұл тіпті мұздатқыш түгіл, жай ғана тоңазытқыштағы (холодильник) температурадан да кем.

Ал күздік бидайға топырақтың қысқы температурасының тым жылы болғаны да, сондай-ақ топырақтың тоң болып қатып қалғаны да жарамайды. Сондықтан еліміздің солтүстік облыстары күздік бидаймен көп айналыса бермейді, шұғылданғанның өзінде үлесі шамалы.

Батыс Қазақстан облысында күздік бидай егіледі. Бірақ биылғы жылы осы дақылдар егілетін дәстүрлі аудандарда қар жабынғысы жоқ: қар көп жаумаған. Салдарынан, топырақ температурасының минус 12–18 градусқа жетіп, тым тереңге дейін мұз болып қатуы күздік бидайдың қыстап шыға алмай қалу қаупін төндірді. Оның үстіне қардың аз түсуі жаздағы қуаңшылық қаупін арттырады.

Қостанайлық диқан Нұрболат Егебаевтың айтуынша, аграршыларымыз арасында күздік бидайға деген қызығушылық артып келеді. Себебі, Қазақстанның біраз өңірін жыл сайын жазда құрғақшылық жайлап, су ресурстары тапшы бола бастады. Сондықтан егінге қысқы жауын-шашынды пайдаланып қалған жөн.

"Бірақ жаздық бидайға қарағанда, күздік бидай өте кірпияз. Егер қаптаған технологиялық талаптарын сақтамасаң, не өнбей, шықпай қалады, немесе әлдеқайда аз өнім береді. Ал егер бәрін дұрыс жасасаң, әр гектар бойынша шығымдылығы жаздық бидайдікінен 10 центнерден көп артық бола алады. Қазақстанның солтүстігінде қыс қытымыр болғандықтан, күздік бидайдың үлесі тым аз, бірнеше пайызды құрайды. Бұл ондаған мың гектар ғана. Дегенмен, бұл көлемді күрт ұлғайтуға болады, оның тәжірибесі бар: кеңес кезінде күздік бидай Қостанай облысында 300 мың гектарға дейін егілген. Елде белең алып бара жатқан қуаңшылық ауыл шаруашылығы өндірушілерін күздік бидайды егуге итермелейді. Жазда жауынның аз түсетінін, жеткілікті су ресурсы болатынына сенімнің жоқтығын түсіне бастаған егіншілеріміз арқаны кеңге салмай, күзде егін орылғаннан кейін белгілі бір алқапқа қысқа дән егіп тастайды", – деді аграрлық сарапшы Н.Егебаев.

Бұған қоса, Қазақстанда халықаралық тұқым компаниялары қысқы ызғарға шыдамды жаңа күздік бидай тұқымдарын белсенді жарнамалай бастады. Бұл да қар жастанып, аязбен шыңдалып, бәйшешекпен бірге мұзды жарып шығатын астықтың үлесінің артуына игі ықпал ететініне үміт сыйлайды.

ElDala.kz мамандандырылған порталына сұхбатында Kusto Farming компаниясының бас агрономының міндетін атқарушы Андрей Хоменко жалпы алғанда, 2023 жылғы жаңа егіс науқаны қолайлы жағдайда өтеді деп күтіліп отырғанын мәлімдеді. Компания еліміздің Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында ауыл шаруашылығы дақылдарының түр-түрін егеді.

"Солтүстік өңірлерде былтырғы қазанда орта есеппен 25–30 миллиметр жауын-шашын түсті. Қарашада, яғни аяз үстемдік ете бастағанға дейін тағы 20–30 миллиметр жауын жауды. Мамандардың бағалауынша, жаңа жылға жақсы ылғал қордаланып отыр. Көктемгі егіс үшін ылғал қоры жеткілікті. Сондықтан қазірден сеніммен айтуға болады: 2022 жылғы көктемге қарағанда, 2023 жылғы көктемде топырақтың ылғалмен молығуы әлдеқайда жақсы", – деді Андрей Хоменко.

Оның әңгімелеуінше, 2022 жылғы көктемде еліміздің солтүстігіндегі диқаншылар дән себу науқанына шамамен 80 миллиметрлік ылғалдылық көрсеткішінде кірісіпті. Бұл өте төмен саналады. Ал енді күздің өзінде 60–70 миллиметрлік ылғалдылыққа қол жеткізді. Бұған 2023 жылғы көктемді қардың еруі және жауындар қосылуға тиіс.

Ал күздік бидайдың қыстан қандай күйде шығатыны әзірге нақты белгісіз. Ол қыстың қалай өтетініне байланысты болады. Мамандар біраз өңірде қар жабынғысы әзірге жұқалау екенін айтып отыр. Батыс түгіл, солтүстік өңірлердің өзінде орта есеппен шамамен 15 сантиметр ғана қар жатқан көрінеді.  

Әйтсе де, қыстың қарлы, боранды бөлігі енді басталғанын ескерген жөн. Соңғы күндері ақырған боран үстемдік етіп жатыр. Аграршылар әсіресе ақпанда белуардан келетін қалың қар жауады деп үміт қылуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу