2024 жылы әлеуметтік төлемдерге арналған шығыстарға 5,3 трлн теңге қарастырылған

2853

Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы Мәжілісте "2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Заң жобасын таныстырды. 

2024 жылы әлеуметтік төлемдерге арналған шығыстарға 5,3 трлн теңге қарастырылған Фото: inbusiness.kz

Аталмыш құжат елдің 2028 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленген, деп жазады inbusiness.kz.

Абзал Бейсенбекұлының сөзінше, бюджеттің параметрлері кепілдендірілген трансферт, шығыстардың өсу қарқыны және бюджет тапшылығына қатысты қағидаларға сәйкес келеді.

"2024 жылға түсімдер 20,4 трлн теңге деңгейінде болжануда. Трансферттерді есептемегенде 2024 жылға арналған кірістер 16,1 трлн теңге немесе түсімдердің жалпы сомасының 80%-ы көлемінде жоспарланып отыр. Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге көлемінде трансферт тарту жоспарлануда, оның ішінде нысаналы трансферт – 1,6 трлн теңге", - деді спикер.

Ведомство өкілі аталған қаражат әлеуметтік маңызды және стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталатынын атап өтті. Бұл – автомобиль жолдарын, жылу, газ және сумен жабдықтау желілерін, инженерлік желілерді жаңғырту, сондай-ақ "Жайлы мектеп" және "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобалары шеңберінде бірқатар әлеуметтік объектіні салу. 

2024 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге 2,6% деңгейінде болжанып отыр, ал 2026 жылға қарай 2,3%-ға дейін біртіндеп төмендемек.

Бюджеттің 2024 жылға арналған шығыстары 2023 жылмен салыстырғанда 1,5 трлн теңгеге артып, шамамен 24 трлн теңге болады. Атап айтқанда, бюджет шығыстарының негізгі үлесі әлеуметтік салаға тиесілі және 2024 жылғы бюджет шығыстарының 40%-дан астамын құрайды. 

"2024 жылға әлеуметтік төлемдерге арналған шығыстар 5,3 трлн теңге сомасында көзделген. Оның ішінде базалық зейнетақы мен жәрдемақыны инфляция деңгейіне, ынтымақты зейнетақыны инфляциядан 2%-ға артып индекстелді. Балалары бар отбасыларды қолдау үшін бала күтімі кезеңі 1,5 жасқа дейін ұлғайтылды, 2023 жылдан бастап 93 мыңға жуық көп балалы аналарға жәрдемақы көбейтілді. Осы мақсатқа 2024 жылы 93,3 млрд теңге көзделген. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әйелдердің зейнеткерлік жасы 61 жас деңгейінде 2028 жылға дейін қалды. Бұл 150 мыңнан астам адамдарға қатысты және есепті кезеңде 473 млрд теңгеге жуық қаражатты қажет етеді", - деп атап өтті Қаржы вице-министрі.

Бұдан бөлек халықтың табысын арттыру бағдарламасын іске асыру үшін 2024 жылы 3,5 трлн теңге көзделген. Оның ішінде 1,5 млн-нан астам жұмыскердің жалақысын көтеруге бюджеттен – 2,5 трлн теңге, өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында – 724 млрд теңге, "Ауыл Аманаты" жобасы шеңберінде – 100 млрд теңге, мемлекеттік және әлеуметтік қолдау көрсету бойынша жүйелі шараларды іске асыруға – 378 млрд теңге.

"Білім беру саласын дамытуға шығыстар 2023 жылға қарағанда 291 млрд теңгеге өсіп, 1 трлн теңгеден аса соманы құрады. Оның ішінде балабақша педагогтерінің еңбекақысын 30%-ға көтеруге 96 млрд теңге,  жатақханалардағы орындар санын 6 800 төсек-орынға, сондай-ақ колледж студенттеріне стипендия мөлшерін ұлғайтуға 52,2 млрд теңге бағытталатын болады. Мектептерде оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында "Жайлы мектеп" ұлттық жобасына 647 млрд теңге қарастырылды. Жалпы елімізде шетелдік жоғары білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарында оқуға жыл сайын 1 700 студенттерді қабылдау көзделген. Сәйкесінше қаражаттар да қарастырылған", - деді спикер.

Атап айтқанда, жалпы кадрларды даярлау бойынша биылға қарағанда 2024 жылы 5 мыңға артық грант беру жоспарланған, 180 мың студент жоғарылатылған стипендия алады. 15 мыңға жуық студентті жатақханада орынмен қамтамасыз етуге 2024 жылға 6 млрд теңге, 4 мың жетім бала мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға жатақханаларда тұрғаны үшін өтемақы төлеу қарастырылған. Бұған 2024-2026 жылдарға 1,2 млрд теңге сомасында шығыстар көзделуде.

Вице-министр ғылымды қаржыландыру көлемі осы жылдың деңгейінен 50%-ға артып, 242 млрд теңгені құрайтынын атап өтті. Бұл 616 жетекші ғалымның еңбекақысын ұлғайтуға, 11 ғылыми зерттеу институтын қаржыландырумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, деді ол. Тағы 720 жас ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтетін болады.

"Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасына сәйкес, 2023-2025 жылдары 655 денсаулық сақтау нысаны салу, 32 ауданаралық аурухананы жаңғырту жоспарланып отыр. Оны іске асыруға 2024 жылға арналған бюджет жобасында құжаттаманың әзірлігін ескере отырып 35,1 млрд теңге көзделген, - деді вице-министр.

Абзал Бейсенбекұлы бұл 4 млн-нан астам ауыл тұрғынын медициналық көмекпен қамтуға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу