2030 жылға дейін Ұлттық қорда 100 млрд доллар жинала ма?

1235

Мемлекет басшысы Үкіметке Ұлттық қордағы қаржыны 2030 жылға қарай 100 млрд долларға жеткізуді тапсырды.

2030 жылға дейін Ұлттық қорда 100 млрд доллар жинала ма? Фото: inbusiness.kz

Қазіргі жағдайда бұл межеге жету қаншалықты мүмкін? Ұлттық қордан трансферттерді біртіндеп қысқарту туралы айтылғанына біраз болды. Алайда іс жүзінде оның орындалмай жатқанын көреміз. Ұлттық қор қаржысына қол сұға беру нені аңғартады? Ұлттық қордың о баста құрылғандағы мақсаты өзгеріп жатыр деуге негіз бар ма? Осы тақырып төңірегінде inbusiness.kz сайтының тілшісі сарапшының пікірін білді.

"Ең бірінші кезекте Президент Ұлттық қорды 2030 жылға дейін 100 млрд долларға жеткізуге тапсырма беріп отыр. Неге ондай меже қойылып отыр деген сұраққа келсек, Ұлттық қордың қаражаты соңғы жылдарда қатты алына бастады. Қордан аударымдар үкіметтің тарапынан жыл өткен сайын ұлғайып кетті. Егер де статистикаға қарайтын болсақ, 2020 жылдарда пандемияның кесірінен дағдарыс орын алды, соның өзінде 4,6 трлн теңге қаржы аударылған еді. Өткен жылы экономикамызда ешқандай дағдарыс болған жоқ, қайта 5 пайыздан астам өсім болды. Сол  өсімнің өзінде Ұлттық қордан 5 трлн теңгеден астам қаражат аудардық. Бұл нонсенс жағдай. Сондықтан егер дәл осылай Ұлттық қор жұмсала беретін болса, онда оның түбі көрініп қалуы әбден мүмкін. Сондықтан да Ұлттық қордан аударымдарды қысқарту деген нақты тапсырма берілген. Парламентте үш жылдық бюджет талқыланған кезде әр жыл сайын Ұлттық қордан қанша қаражат алынатындығы бекітілген. Сонда шамамен Ұлттық қордан міндетті аударымдар 2 трлн теңгенің маңайында қаражат аударылады деп жоспарланады", – деді экономист Мақсат Халық.

Одан бөлек мақсатты аударымдар деп Үкімет жыл соңына дейін Ұлттық қордан ақшаны аудара береді, деп жалғастырды спикер.

"Нәтижесінде Ұлттық қорымыз ұлғаймақ түгілі, таусылып жатыр деп айтуға негіз бар. Дәл осындай қарқында болса, онда 100 млрд-қа жеткізе алмаймыз. Сондықтан бұл мәселеге өте жүйелі түрде келу керек. Мемлекеттік бюджетті жүргізу, бюджет-салық саясатын ұйымдастыруда контрциклдық саясат деген бар. Соған негізделе отырып бюджетті жүргізу керек, яғни елде қиын жағдай, қаржылық дағдарыстар орын алған кезде ғана Ұлттық қордың ақшасын пайдалануға болады. Ал өзге жағдайларда Ұлттық қордың ақшасын тек қана ұлғайту керек. Ол "келешек ұрпақ қоры" деген өзінің міндетін атқаруы тиіс", – деді ол.

Сарапшының сөзінше, Ұлттық қордың о баста құрылғандағы негізгі мақсаты – "келешек ұрпақ қоры" деген функцияны атқару, сондай-ақ дағдарыс кезінде ғана пайдалану.
 

"Кризис болған кезде тұрақтандыру функциясын атқарады және келешек ұрпаққа арналған қор ретінде жұмыс істеуі керек. Қазіргі кезде іс жүзінде кризис болмаса да, Ұлттық қордан аударымдар жүргізілетінін көреміз. Елде экономикалық өсім болып жатқан кезде Ұлттық қор ұлғайып отыруы керек", – деп атап өтті Мақсат Халық.


Ұлттық қор қаражатын қалай арттыруға болады?

"Әрине, Ұлттық қордың ақшасын ұлғайтуға болады. Оған әлемдік тәжірибедегі қорларды мысал ретінде айтсақ болады. Біз жиі айтатынымыз – Норвегияның ұлттық қоры. Онда 1 трлн 300 млрд-тан астам қаражат жинақталған. Жыл сайын оның көлемі өсіп келе жатыр. Норвегияда 6 млн халық тұрады. Бірақ олар Ұлттық қордың негізгі бөлігіне қол сұқпайды. Тек қана пайыздық инвестициялық кірістілігінде түскен қаражатқа ғана белгілі бір дәрежеде көңіл аударып отыр деп айтуға негіз бар. 1 трлн 300 млрд-тың инвестициялық кірістілігі 10 пайыз болды дегеннің өзінде онда жылына 130 млрд доллар Норвегияға инвестициялық табыс ретінде кіріп отыр. Әрине, біз ондай дәрежеде емеспіз, біздегі Ұлттық қор 60 млрд доллар көлемінде ғана. Оның инвестициялық кірістілігінің 50 пайызын "келешек ұрпақ қоры" функциясын орындау үшін балаларға аударып отырмыз. Өткен жылы 100 доллардан аударылды. Биыл және келер жылдары қалай болады деген сұрақ өте маңызды", – деді экономист Мақсат Халық.

Сарапшы халқымыздың азаматтық позициясы мықты болуы керек деген пікірде.

"Бұдан бөлек Ұлттық қорды ұлғайтудың тағы бір жолы ретінде шетелге кеткен активтерді бірден қордың шотына аудару туралы ұсыныс айтылған. Бұл ұсыныс өте орынды. Ұлттық қорға бірден аударатын болсақ, қордың 100 млрд долларға ұлғаюына септігін тигізе аламыз. Өйткені шетелге кеткен активтің көлемі шамамен 200 млрд доллар шамасында бағаланады", – деп атап өтті ол.

Жақында сенатор Сергей Карплюк қазіргі бюджет саясаты Ұлттық қор қаржысын ұлғайтуға ықпал етпейтінін айтқан болатын. Бұдан басқа Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлттық қорда жинақталған қаражаттың өте аз екенін баса айтты.
 
Айта кету керек, бүгінде Ұлттық қорда 60 млрд доллар көлемінде қаражат бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу