329 миллиард теңгенің еш тендерсіз үлестіріліп жіберілгені әшкереленді

10676

Сарапшылар "мемлекеттік тапсырмалар институтының" кінәраты көп деп отыр.

329 миллиард теңгенің еш тендерсіз үлестіріліп жіберілгені әшкереленді Фото: inbusiness.kz

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі "Жекелеген тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйі және монополистік қызметті шектеу жөнінде қолданылатын шаралар туралы" 2023 жылға арналған жылдық қорытынды есебін жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құжатта антимонополиялық органның сарапшылары көңілсіз байлам жасады: шенеуніктер мемлекеттік тапсырмалар (государственное задание) институтын квазимемлекеттік мекемелерді ел бюджетінен қаржыландыру үшін пайдаланып отыр.

"Бюджет заңнамасына сәйкес, мемлекеттің әлеуметтiк-экономикалық тұрақтылығын, әлеуметтік-мәдени дамуын қамтамасыз етуге бағытталған жекелеген қызметтерді көрсетуі үшін квазимемлекеттік сектор субъектілеріне берілетін тікелей тапсырыс – мемлекеттік тапсырма болып табылады. Бұл тетіктің болуы – аса шұғыл, маңызды және күрделі жобаларды іске асыру кезінде мемлекеттің қатысуының қажеттілігімен түсіндіріледі. Бұған мысалы, сейсмикалық мониторинг, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қаржыландыруды қамтамасыз ету, зымыран-ғарыш қызметінің әсеріне ұшыраған аумақтарды мониторингтеу және басқасы жатады", – деп түсіндірді агенттік сарапшылары.  

Олардың айтуынша, мемтапсырмаларды жүзеге асыру кезінде бизнестің мүдделері қозғалады, алайда бұл салада бәсекелестік жоқ, ол осы жүйеден толығымен алып тасталған. Яғни, мысалы, министрлік қандай университетке, институтқа, мекемеге, телеарнаға, яғни квазимемлекеттік сектор нысанына тапсырма мен тиісті миллиардтарды бергісі келсе, өз бетінше бере салады, ешқандай конкурс, тендер өткізбейді.

Мысалы, ел Үкіметінің 2023 жылғы 12 желтоқсандағы №1108 қаулысына 29-қосымшаға сәйкес, "2024 жылға арналған мемлекеттік тапсырмалардың тізбесі" бекітілді.

Биыл ең "майшелпек" мемтапсырмалар келесі ұйымдарға таратылған:

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясына біріншіден, автожолдар салуды, реконструкциялауды ұйымдастыру бойынша мемқызметтер көрсеткені үшін – 70 миллиард 864 миллион теңге;

Екіншіден, "ҚазАвтоЖолға" республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу мен күтіп-ұстауды ұйымдастыру бойынша қызмет көрсеткені үшін – 122 миллиард 692 миллион теңге;

"Бәйтерек" Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорынына орта сыныптағы жаңа буын зымырандарын ұшыру мақсатында қолданыстағы "Зенит-М" ғарыш зымыран кешенін жаңғыртуы үшін – 14 миллиард 700 миллион теңге;

Осы "Бәйтерек" бірлескен кәсіпорынына сақалды құрылысқа айналған "Бәйтерек" ғарыш айлағы аясында "Зенит-М" ҒЗК-ның Ресейден Қазақстанға табысталған объектілерін күзетуді ұйымдастыру, күтіп ұстау үшін – 1 миллиард 209,9 миллион теңге;

"Ghalam" ЖШС-іне ғарыштағы қазақстандық KazEOSat-2 спутниктерін алмастыру үшін құрамында үш жерсерігі бар KazEOSat-MR АҚО ЖҚЗ спутниктер топтамасын құрастыру ісін жалғастыруы үшін – 7 миллиард теңге;

"Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институтына" мемлекеттік жер кадастрын қалыптастыруы үшін – 6 миллиард 855,5 миллион теңге;

"Ұлттық геодезия және кеңістік ақпарат орталығына" аумақтардың аэроғарыштүсірілімі материалдарын өңдеу жұмыстарын жүргізуге, қалалар мен елді-мекендердің топографиялық жоспарларын жасау және жаңарту және басқасы үшін – 4 миллиард 912,9 миллион теңге;

Осы орталыққа мемлекеттік геодезиялық қамтамасыз ету жүйесін жаңғырту жұмыстары үшін – 4 миллиард 304,5 миллион теңге;

"Ауыл шаруашылық аэрофотогеодезиялық ізденістер мемлекеттік институтына" цифрлық ауыл шаруашылығы карталарын жасауы үшін – 4 миллиард 598,8 миллион теңге;

"Дарын" ғылыми-практикалық орталығына оқушыларды халықаралық олимпиадаларға қатысуға дайындау, семинар, конкурстар өткізу және басқасы үшін – 1 миллиард 645 миллион теңге;

Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығына әлемдегі діни ахуалдың жай-күйі мен даму серпінін мониторингтеуі және басқасы үшін – 764 миллион теңге;

Отандастар қорына қандастардың тұрақты тұратын мемлекеттеріндегі жағдайы туралы ақпарат құралдары материалдарына мониторинг жүргізу; веб-порталдың үш тілде жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін – 650,5 миллион теңге беріліпті.

Айта кету керек, антимонополиялық агенттік "іске асырылып жатқан кешенді шаралардың қорытындылары бойынша аралық нәтижелерге талдау жүргізді". Нәтиже көңіл көншітпейді екен. Мемтапсырмалар бойынша шенеуніктер сандық көрсеткіштерге қол жеткізген.

"Алайда бұл іс жүзінде мемтапсырмалар арқылы мемлекеттің экономикаға қатысуын қысқартуға әкеп соққан жоқ. Керісінше, бұл мемлекеттік тапсырмалар аясында қаржыландыру көлемінің ұлғаюына әкелді. Осылайша, "жалған", көзбояушы нәтижеге ғана қол жеткізілді. Атап айтқанда, талдау көрсеткендей, мемтапсырмалар саны жыл сайын төмендеген, ал, қаржыландыру көлемі қайта ұлғайған. Мысалы, мемтапсырмалар саны 2021 жылғы 157-ден 2022 жылы 119 бірлікке дейін қысқарды. Бірақ қаржыландыру көлемі бірден 45%-ға – 182 миллиардтан 329 миллиард теңгеге дейін ұлғайып шыға келді", – деді антимонополиялық орган сарапшылары.

Ведомствоның мәліметінше, меморгандар "мемлекеттік тапсырмалар институтын өзінің ведомстволық бағынысты ұйымдарын ұстап тұру үшін жиі пайдалана бастаған". Бұл практика жаппай таралуда.

"Бәсекелестік саясатты сапалы ету үшін нысаналы индикаторларды қайта қарау жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыс келесіге бағытталған: біріншіден, мемтапсырмалар сандық көрсеткіштерден ақшалай түрдегі жиынтық мәндерге көшіріледі. Екіншіден, конкурстық рәсімдер арқылы жекеменшік секторға, қосалқы мердігерлікке (субподряд) берілетін қаражат көлемі бойынша жыл сайынғы прогрессивті көрсеткіштер белгіленуге тиіс. 2023 жылы мемтапсырмаларға бөлінген қаражаттың 5%-ы, 2024 жылы – 7%-ы, 2025 жылы – 9%-ы, 2026 жылы – 10%-ы, 2027 жылы – 15%-ы жеке секторға берілуі керек", – деп мәлім етті Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.

Бұл саладағы қазіргі басты жаңалық та осы: мемтапсырмаларды енді тек квазимемсектор ханталапайға салмайды, оның бір бөлігі жеке кәсіпкерлікті дамытуға бағытталады.

Агенттік жүргізген жұмыстың арқасында, конкурстық рәсімдер өткізу арқылы қаражаттың белгілі бір көлемі жекеменшік секторға табысталды. Нәтижесінде, 369 миллиард теңгенің 21,9 миллиарды немесе 5,9%-ы бәсекелес ортаға берілді.

Бұдан бұрын Сенат депутаттары да мемтапсырмалар миллиардтарынан бизнеске ештеңе тимейтінін сынап келген болатын.

"Мемлекеттік тапсырмаларды орындау тендерсіз, конкурстық процедураларды сақтаусыз жүзеге асырылады. Бұл норма жеке сектор үшін дискриминациялық режим, кемсітушілік жағдайлар туғызады. Өйткені Бюджет кодексіне сәйкес, мемлекеттік тапсырма рәсіміне мемлекеттің үлесі жоқ, толығымен жекеменшік зерттеу ұйымдары қатыса алмайды. Басқаша айтқанда, бұл норманың болуы елдегі құқық пен заңның үстемдігінің негізгі қағидаттарын бұзады. Сондықтан мемтапсырмаларды орындауға жеке ұйымдарды да жіберуді сұраймыз", – делінген сенаторлардың Үкімет басшысының атына жолдаған хатында.

Бұл олқылық шамалы да болса, түзетіліп жатқанға ұқсайды.

Дегенмен, "Құқықтық медиа-орталық" қорының директоры Диана Окремованың айтуынша, БАҚ саласындағы мемлекеттік тапсырманы бөлу қоғам тарапынан қатты алаңдаушылық туғызады.

2024 жылы мемлекеттік тапсырма аясында "Хабар" агенттігі" АҚ-ына – 19 млрд 333 млн теңге, "Қазақстан" республикалық телерадиокорпорациясы" АҚ-ына – 29 млрд 380 млн теңге, "Мир" мемлекетаралық телерадиокомпаниясына – 818 миллион теңгеден астам бюджет қаржысы бөлінді. Жыл сайын ақпарат құралдарына мемлекеттік тапсырмаға 40-50 миллиардқа дейін қаражат бағытталады, оның көбін осылар алады.

"Мемтапсырманы жыл сайын белгілі бір ақпарат құралдары ғана қанжығалап кетеді. Олар оны ешқандай конкурссыз алады. Сонымен бірге олардың қызметінің үлкен нәтижесінде қоғам байқап отырған жоқ. Мысалы, "Еларнаның" Бауыржан Момышұлы портретінің бетін ойып, масқаралауымен аты шықты. Олар ашық дереккөздерде мемтапсырмаларды қалай орындағанының есебін де жарияламайды. Тиімділігі, қайтарымы қандай, біз білмейміз", – деді сарапшы.

Ендеше мемтапсырмалардың миллиардтары тиімділігін паш етіп отырған жекеменшік нысанындағы ақпарат құралдарын қолдауға жұмсалса, орынды болар еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу