50 млн теңгеге дейін табыс табудың тиімді тәсілі анықталды

5418

Ұлттық банк бағалы металдардан жасалған жәдігерлерді кері сатып алу тәртібін түсіндірді.

50 млн теңгеге дейін табыс табудың тиімді тәсілі анықталды Фото: canva.com

Қазақстанда қаражатының бір бөлігін коллекциялық монеталарға инвестициялаумен айналысатын көптеген адам бар. Олар клубтарға біріккен, дембіл-дембіл бас қосады, пікір мен жәдігер алмасады, төл коллекциясын толықтырады. Форумдарында, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі топтарында ақылдасып, кеңес береді.

Осындай азаматтардың бірі Ерболат Сұлтанғазин қалауын тапса, бұдан салмақты табыс табуға болатынын айтады.

"2010 жылы Парламент ғимаратында Ұлттық банктің көшпелі көрмесі өтті. Сонда өзгелері сыртында, бұдан біраз ғана, 2009 жылдың соңында айналымға шыққан жаңа "Алтын барыс" монеталары қойылып, сол жерде сатылды. Депутаттар үймелеп жатты. Содан қызығып, мен де тамашаладым. Бұл коллекциялық шақа 10, 20, 50, 100, 200 және 500 теңге номиналмен дайындалған екен. Құрамы – Au 999,9. Қазіргі уақыттағы осы бағалы металдың ең жоғарғы тазалық көрсеткішіне ие. Одан тазасы жоқ! Жанарды жаулаған бұл сыйқырлы сандар 1 келі алтынның құрамында 999,9 грамм тап-таза аурум, яғни алтын бар деген сөз. Қазақ атам қиын-қыстау заманда алтын жиған ғой. Содан банкоматтан ақша шешіп алып, 500 мың теңгеге бірнешеуін сатып алдым", – дейді Ерболат.

Содан бері олар сейфінде жатып қалыпты.

"Биылғы жазда сейфімді қопарып отырып, соларды тауып алдым. Бағасын білейін деп, форумдардан сұрастырсам, тек 1 данасының өзі 7,1 миллион теңгеден асады екен. Яғни, "Алтын барыстарымды" тегіс сатсам, бүгінде шамамен 50 миллионнан астам табыс табады екенмін. Он төрт жылдай бұрын салымымды тегіс соларға салмағаныма өкіндім. Бірақ біреуін 6 миллионнан астам теңгеге сатып жібердім", – дейді Сұлтанғазин.

Қазіргі кезде қазақстандық коллекциялық монеталар шетелдік нумизматтар арасында кең сұранысқа ие. Бұл ретте ресейлік коллекционерлерге қазақстандық бағалы монеталарды сатып алу қиындап кетіпті.  

"Біз Kazcoins.nationalbank.kz коллекциялық монеталар сатылатын ресми платформада тіркеліп, қалаған шақаны сатып ала беретінбіз. Қазақстанның Ұлттық банкінің интернет дүкені бертінге дейін біз үшін өте ыңғайлы және қолжетімді болды. 2024 жылғы 9 шілдеде ҚР Ұлттық банкі геолог Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған коллекциялық монеталарды айналысқа шығарған болатын. Ол монеталардың сатылымы тек тамызда басталды. Осымен бір мезгілде, сол тамыздан бастап монеталар саудасына қатысуымыз тосыннан қиындап кетті", – дейді РФ Самара қаласының нумизматтар алқасының өкілі Максим Дебёло.

Ресейлік коллекционерлер мұны алғашында Батыстың санкцияларының ықпалы деп түсініпті.

"Содан біз Қазақстандағы туысқандарымыздың, таныстарымыздың атынан шот ашып, сауда-саттыққа жергілікті тұрғындар есебінде қатысуға тырыстық. Дегенмен, жаңа монеталарға дер кезінде қол жеткізе алмай жатырмыз. Интернет дүкен жұмысының алғашқы минуттарында барлық монета бастапқы бағасымен лезде сатылып кетеді. Артынша олар түрлі чаттарда адам сенбес, ақылға қонбас үстемеақымен, еселеп қымбаттаған күйде қайта саудаға шығарылады. Сондықтан Ұлттық банктен жаңа шығарылымның бүкіл тиражын бірінші күні толығымен саудаға шығаруды сұрар едік. Сонда оның сатылымы екінші күнге дейін ұзар ма еді. Осылайша, оны сатып алуға біздің де мүмкіндігіміз болады", – деді ресейлік Максим Дебёло.

Жалпы, нумизматтар бұл салада Ұлттық банктің қызметкерлері делдалдардың шағын тобымен ымыраласуы мүмкін деген болжам жасайды. Оның шын-өтірігі белгісіз. Мұндай қауесеттер болмауы үшін сарапшылар Ұлттық банкке коллекциялық монеталардың бір қолға сатылатын көлемін шектеуді ұсынды. Олай болмаса, әлдебір пысық адамдар айналысқа шығарылған коллекциялық монеталарды түп көтеріп сатып алады. Салдарынан, Ұлттық банк айталық, 70 мың теңгеден өткізген монеталар нарықта, ғаламторда 800 мың теңгеден қымбатқа ұсынылып жүр.

Түсіндіре кететін жайт, Қазақстанның ұлттық банкі қандай да бір сериядағы коллекциялық монеталардың (КМ) айналысқа шығарылғанын ақпарат құралдары арқылы жариялайды. Алайда ол монеталардың сатуға қашан шығарылатыны туралы ақпарат біраз кейін ҚР ҰБ ресми сайтында қосымша орналастырылады. Соны уақытында байқап қалғандар ұтады. Сонымен бірге Ұлттық банктегі әлдебір таныстарынан инсайд ақпараттар ала алатын нумизматтар болса, солардың жолы болып, бағы жанатыны түсінікті.

Өз кезегінде Ұлттық банк саудаға шығарылатын КМ көзді ашып-жұмғанша таусылып қалатынын растады.

"Жалғыз коллекционерлердің ғана емес, халықтың арасында да коллекциялық монеталарға деген жоғары сұраныс байқалады. Сол себепті жаңа монеталар күн сайын қысқа ғана уақыт ішінде өтіп кетеді. Монеталарды сатып алушылар арасында әділ бөлу және алыпсатар-спекулянттардың жайлап алуын болдырмау үшін Ұлттық банк бір қолға сатылатын монеталар санына шектеу орната бастады", – деп хабарлады Ұлттық банк.

Оның түсіндіруінше, интернет дүкенге тіркелген әрбір пайдаланушы міндетті түрде Пайдаланушылық келісімге қол қояды. Оның 6.14-бөліміне сәйкес, интернет дүкенде монеталар келесідей шектеулермен сатылады:

  • Бағалы металдардан, соның ішінде алтын, күмістен жасалған монеталар – бір қолға 2 данаға дейін;
  • Мельхиордан дайындалған, пруфлайк сапалы монеталар – 5 данадан аспайды.
  • Мельхиордан жасалған, блистерлік қаптамадағы монеталар – бір қолға 10 данадан артық сатылмайды.

Мұндай шектеулер сатылым басталғаннан 5 күн бойы қолданылады. Осы бес күн ішінде тегіс өтпесе, шектеу алып тасталады, клиенттер қаншасын алғысы келсе де еркі.

Сондай-ақ, Ұлттық банк қажет деп тапса, тапсырыстар бойынша өткізілетін монеталардың да санын шектеуге немесе керісінше, арттыруға құзырлы.

Айтқандай, ҚР ҰБ соңғы коллекциялық монеталарға мынадай қатаң шектеулер енгізгені белгілі:

  • "QANYSH SÁTBAEV. 125 JYL" (бағасы емес, номиналы – 2000 теңге), металы: 925 сынамадағы күміс, тантал – тіркелген әрбір пайдаланушыға, бір қолға тек біреуден сатылған.
  • "QANYSH SÁTBAEV. 125 JYL" (200 теңге), блистерлік қаптамада: мельхиор – бір қолға максимум бесеуден сатылды.
  • "WORLD PAINTING" (2000 теңге), металы: 925 сынамадағы күміс – бір қолға біреуден ғана.
  • "WORLD PAINTING" (200 теңге), блистерлік қаптамада, мельхиор – бір қолға бесеуден.
  • "RAQYMJAN QOSHQARBAEV. 100 JYL" (200 теңге), блистерлік қаптамада, мельхиор – бесеуден.
  • "KEMEL AQYSHEV. 100 JYL" (200 тенге), блистерлік қаптамада, мельхиор – бір қолға бесеуден.

Ұлттық банк бүкіл тиражды бірден саудаға шығарудан бас тартты.

"Бүкіл тиражды бірінші күні саудаға шығару туралы ұсыныстарға келсек, шектен тыс, қауырт жұмыс істемеуі үшін біз интернет дүкеннің жұмыскерлеріне түсетін жүктемені бірқалыпты бөлуге тиіспіз. Осы мақсатта саудаға арналған монеталар белгілі бір күн санына қарай бөлінеді. Бұл сондай-ақ күн сайын түсетін тапсырыстарды уақытында өңдеу үшін қажет", – деді Ұлттық банк.

Сонымен қатар коллекциялық монеталарды сақтап отырған азаматтарды әлдеқалай бүлініп қалған, сынған жағдайда, оларды Ұлттық банктің кері қабылдайтын-қабылдамайтыны қызықтырады. Өйткені мысалы, алтын құймаларының сыртқы қабы бүлінсе, оны ешбір банк, валюта айырбастау пункті, тіпті Ұлттық банк те кері қабылдамайтыны белгілі. КМ-ді қабылдайды екен, бірақ оны қазіргі нарықтағы қымбат бағасымен емес, кезіндегі сату бағасымен, тіпті онда белгіленген құнымен ғана алуы мүмкін.

Ұлттық банкі басқармасының 2018 жылғы 27 сәуірдегі №70 қаулысымен бекітілген "ҚР ҰБ Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының банкноттары мен монеталарын сату және сатып алу қағидаларының" 16-шы бөліміне сәйкес, сатып алу үшін қабылданған бағалы металдан жасалған инвестициялық және коллекциялық монеталарға арнайы жабдықта сараптама жүргізіледі. Оның барысында монетаның жасалған металы, металдың сынамасы және монетадағы бағалы металдың таза химиялық салмағы анықталады.

"Егер сараптама нәтижелері бойынша бағалы металдардан жасалған бір коллекциялық монетаны сатып алудың есептелген сомасы Қағидалардың 8-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес белгіленген сату бағасынан асып кетсе, онда сатып алу сомасы оны сату бағасына тең болады. Егер сараптама нәтижелері бойынша бағалы металдардан жасалған бір инвестициялық немесе коллекциялық монетаны сатып алудың есептелген сомасы оның белгіленген құнынан аз болса, онда сатып алу сомасы бағалы металдан жасалған инвестициялық немесе коллекциялық монетаның белгіленген құнына (нарицательная стоимость) тең болады", – деп хабарлады Ұлттық банк.

Қалай болғанда, мамандар қолындағы мүжілген, балқыған не басқа себеппен тауарлық күйін жоғалтқан монетасының қанша тұратынын білу үшін қазақстандықтарға Ұлттық банктің жергілікті аумақтық филиалына жүгінуге кеңес берді. Олардың мекенжайы мен телефондарын мына жерден табуға болады.

Өз кезегінде біз бұл сараптаманың коллекциялық монеталарға инвестиция салуға кеңес-рекомендация еместігін, тек ақпараттандыру мақсатын көздейтіндігін еске саламыз. Жинағын қайда салатыны туралы шешімді мамандармен ақылдасып, әр адам өзі қабылдауы қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу