Жаңа жылда сот саласында тарихи бетбұрыс орын алады

780

Жоғарғы сот істерді тек ерекше жағдайларда ғана қарайтын болады.

Жаңа жылда сот саласында тарихи бетбұрыс орын алады Фото: web.lifelines.name

Осы аптада, 2024 жылғы 21 қарашада Мемлекет басшысы Парламент қабылдаған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойды.

Құжаттың басты бір жаңалығы: төменгі инстанциялардағы соттардың шешімдеріне келтірілген шағымдарды қарау үшін жаңа инстанциялар – дербес кассациялық соттар пайда болады. Бұлар – Қылмыстық, Азаматтық және Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттар.

Аттары айтып тұрғандай, әрқайсысы өз саласындағы істер бойынша шағымдарды қарайды. Үш кассациялық сот та тек елордада орналасады.

Қазіргі тәжірибеден тағы айырмашылығы, жоғарыға, кассацияға бағытталған істер алдын ала қараусыз, тікелей алқа-коллегияға түсетін болады. Алқа 3 соттан құралады.  

Елді сергелдеңге салып, жылдар бойы өңір мен Астана арасында босқа сенделтпеу үшін "дедлайн" белгіленеді: кассациялық соттың істі қарауының мерзімі 6 айдан аспауға тиіс.

Сот процесі жазбаша хат алмасу түрінде емес, дәстүрлі түрде, ауызша, тараптарды шақыру арқылы жүргізіледі.

Сонда Жоғарғы сот немен айналысады? Атап айтқанда, Жоғарғы сот судьясының ұсынуымен немесе Бас прокурордың наразылығы бойынша, соның ішінде:

  • егер жергілікті соттар да, кассациялық сот та сот тәжірибесіне қайшы келетін шешім қабылдаса,
  • отандық құқықты дамыту мақсатында шығарылған актіні қайта қарау талап етілсе ғана сот актілері ерекше жағдайда ЖС-тің қарауына шығарылады.

Жоғарғы соттың түсіндіруінше, бұлар негізінен мемлекеттің қауіпсіздігіне, экономикалық қауіпсіздікке байланысты істер болмақ.

Сонымен қатар, Бас прокурордың орынбасарларына, Бас әскери прокурорға және Көлік прокурорына кассациялық инстанцияға наразылық енгізу құзыры берілді.

Заңның тағы бір "тарихи" жаңалығы келесі жылы өмірге жолдама алады. Оған сәйкес, бұдан былай Қазақстан Республикасының аумағында қандай да бір ұйымды "экстремистік немесе террористік ұйым" деп тану туралы азаматтық істерді қарау күрт жеделдетіледі: қарау мерзімі бір айдан 10 күнге дейін қысқартылды.

Айта кету керек, бұл заң бір топ Парламент депутаттарының бастамашы болуымен әзірленді. Сондықтан оған деген тарихи жауапкершілікті де солар бөліссе керек. Сенатор Нұрлан Бекназаров заң жобасының "Мемлекет басшысының сот жүйесін реформалау және сот ісін жүргізу заңнамасын жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында" жазылғанын жеткізді.

Сенат депутатының сендіруінше, заң қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша кассациялық сатының қызметін жетілдіреді. Азаматтардың ашық, әділ сот төрелігіне қолжетімділігін қамтамасыз етіп, сот арқылы қорғалу құқығын тиімдірек іске асыруға ықпал ететін көрінеді.

Заң жобасын талқылау барысында депутаттар бір "қайшылыққа" назар аудартқан болатын.

Атап айтқанда, қазіргі кезде қылмыстық теріс қылықтар да, онша ауыр емес қылмыстар да апелляция арқылы қайта қаралады. Енді бұл істер кассациялық сатыда Бас прокурордың наразылығы бойынша ғана қаралуы мүмкін.

Бұл ретте заңға сәйкес, кассациялық соттар 2025 жылғы 1 шілдеден бастап құрылады. Алайда заң бойынша олар мұндай істерді тек 2027 жылдың 1 шілдесінен бастап қана қарай алады.

Жоғарғы сот судьясы, ЖС Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов келесі жылдың 1 шілдесінен бастап үш кассациялық соттарды іске қосатындарын растады.

"2025 жылдың шілдесінен бастап кассациялық соттарды іске қосқанда, азаматтық істерге байланысты 5-6 мың өтініш бірден қарауға түседі. Соңғы үш жылғы статистикаға зерттеу жүргізгенде, қазіргі кезде сондай жағдай болып жатыр. Қылмыстық істерге қатысты 2,5-3 мың өтінішке дейін түсуі мүмкін. Сонда кассациялық соттардың жүктемесі бірден жоғарылайды. Азаматтық істер бойынша 10 есеге дейін артуы мүмкін деп отырмыз. Қылмыстық істер бойынша 3 есе артады. Сондықтан алдымен кассациялық соттарды іске қосып, 2027 жылдың 1 шілдесіне дейін, яғни екі жыл ішінде жұмыс істетіп көріп, сот тәжірибесін, жалпы соттың жұмысын жолға қойып алмақпыз. Сосын екі жылдан кейін шектеу-фильтрді алып тастауға көшсек деген ойымыз бар", – деді Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы.

Нұрсерік Шәріповтың мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын азаматтық істер бойынша орта есеппен жалпы саны 240-250 мың сот шешімі шығады. Оның 12-14%-ы бойынша тараптар апелляциялық тәртіппен шағымданады. Соның нәтижесінде, апелляцияға түсетін шешімдердің саны жыл сайын 30-35 мыңға дейін жетеді.

Кассациялық тәртіппен 2 пайызы қаралады. Бұл – жыл сайын қаралатын 5-6 мың өтініш. Осының бәрі жаңадан құрылатын соттарға жүктеме болып артылуы мүмкін.

Бұл жерде қайта қарау нәтижесінде бұзылатын, өзгеретін үкімдердің саны 1,8-2,5%-дай ғана екен. Қалғаны өзгеріссіз қалады.

Бетбұрыс дұрыс жолмен жүріп, тиімділік әкелуі үшін оны білікті мамандар іске асыруы қажет. Сарапшылар бұл тұрғыда сот саласында тапшылық барына назар аудартады. Мысалы, судьялардың 300 орны бос тұр.

Жоғары сот кеңесінің мүшесі Нұрия Сисенова жаңадан құрылатын кассациялық соттардың судьяларын дайындау бағытында Жоғарғы сотпен бірге алдын ала жұмыс жүргізіп жатқандарын жеткізді.

"Таяуда ел басшылығы кассациялық инстанцияның соттарының штаттық санын анықтайды. Шамамен 2 ай ішінде бос лауазымдарға конкурс жарияланады деп болжап отырмыз. Бұдан бөлек, қазірдің өзінде 300 судьяның орны бос тұр. Бұл бағытта да үлкен жұмыс жүргізілуде. Жаңа тәжірибе бойынша Жоғары сот кеңесінің мүшелері былтырдан бері жұмыс сапарымен барып, өңірлерді аралап жүр. Оның барысында адвокаттармен, прокуратура өкілдерімен кездесеміз. Олардың жоғары білікті кадрларын сот корпусын толықтыруға тартамыз", – деді Нұрия Сисенова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу