"7-20-25" бағдарламасына өтінім қабылдау басталды ма?

6778

Елімізде баспана кезегінде 645,6 мың азамат тұр. 

"7-20-25" бағдарламасына өтінім қабылдау басталды ма? Фото: inbusiness.kz

2024 жылдың I тоқсанында "7-20-25" бағдарламасы бойынша қаржыландыру лимиті 25 млрд теңгені құрайтын болады. Ипотекалық бағдарлама осы жылдың 3 қаңтарынан бастап жұмыс істей бастады.

Бұл туралы inbusiness.kz сайтының тілшісіне Қазақстандық тұрақтылық қоры мәлім етті. Яғни, банктер "7-20-25" мемлекеттік бағдарламасының шарттарына сәйкес өтінімдерді қабылдап, ипотека бере алады деген сөз.

"Қаржыландыру берілген несиелерді сатып алу қағидаты бойынша жүргізіледі. Банктер өз қаражатына ипотекалық несие беріп, одан кейін "7-20-25" бағдарламасының операторы – "Қазақстандық тұрақтылық қоры" АҚ банктен кредитті сатып алады. Сәйкесінше, банктер бізден транш күтіп отырмайды", деп хабарлады қор.

ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті inbusiness.kz сайтына берген мәліметіне сәйкес, бүгінде баспана кезегінде 645,6 мың қазақстандық тұр.

Оның ішінде 254,8 мың адам халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері болса, 209 мыңы бюджет қызметкері, 115,7 мың көп балалы ана, 62,4 мың жетім бала, 47 ҰОС ардагері және тұрғын үйі апатты деп танылған 3,4 мыңға жуық азамат бар.

Krisha.kz дерегінше, "7-20-25" бағдарламасына республика бойынша 250 жаңа үй қатысып отыр. Мұнда орта есеппен 6-дан 10 пәтерге дейін ипотека бойынша өтеді. Қазақстанда орта есеппен 1500-ден 2 500 бірлікке дейін жылжымайтын мүліктің бастапқы нарығындағы пәтерлер (пайдалануға берілген және құрылысы жүріп жатқан тұрғын үй кешендері) бар.

2023 жылдың 25 желтоқсанында Ұлттық Банк басқармасы келесі қаулыны қабылдағанын атап өту керек:

- 2024 жылы бағдарламаны қаржыландырудың жылдық көлемін рұқсат етілген ең жоғары деңгейде 100 млрд теңге деп белгілеу, тоқсан сайын 25 млрд теңгеден бөлу;

- Бағдарлама арқылы 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап берілген ипотекалық қарыздар бойынша талап ету құқықтарын сенімгерлік басқарғаны үшін банктердің сыйақысын жылдық 3%-дан 2,5%-ға дейін азайту. Тиісті түзету бағдарлама операторы ("Қазақстандық тұрақтылық қоры" АҚ) мен бағдарламаға қатысушы банктер арасында белгіленетін құқықтық қатынастарға қатысты әрі азаматтарды несиелеу шарттарына әсер етпейді.

Айта кету керек, "7-20-25" бағдарламасы 2018 жылы іске қосылған болатын. Ұлттық Банктің хабарлауынша, 2023 жылғы 28 желтоқсандағы жағдай бойынша бағдарлама аясында 974,1 млрд теңгеге 71 699 жеңілдетілген ипотекалық қарыз берілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу