Адамдардың ұшақта бір-біріне мінгесіп отыруына тура келмек

5410

Пайданы ойлаған әуе тасымалдаушылары жайлылық жайын адыра қалдыра бастады.

Адамдардың ұшақта бір-біріне мінгесіп отыруына тура келмек Фото: ixbt.com

Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) болжамынша, 2025 жылы әлемдегі авиакомпаниялардың жиынтықты кірісі 1,007 триллион долларға жетеді. Осылайша, дүниежүзі тарихында саланың кірісі тұңғыш рет триллиондық межені еңсереді.

Алайда бұл 2024 жылғыдан 4,4% ғана көп. IATA сарапшылары қарулы қақтығыс ошақтарының көбеюі кесірінен ол аумақтарды айналып өту, авиакеросиннің, запастық бөлшектердің, басқасының қымбаттауы, еңбекақы қоры жүктемесінің қарқынды артуы, қажетті жабдықтарды жеткізу тізбектерінің ұзаруы сияқты шығыстарының ұлғаюы аясында азаматтық авиацияның бұл табысы мардымсыз екенін қаперге салды.

Болжам бойынша биылғы жылы әлемдік әуе тасымалдаушыларының барлық шығысын алып тастағандағы таза табысы 36,6 миллиард долларды құрайды (2024 жылы 31,5 миллиард доллар болған). Бұл ретте авиабизнестің рентабельділігі небәрі – 3,6%.

1 жолаушыға шаққандағы таза табыс бар-жоғы 7 доллардан келеді. 2023 жылы әр жолаушыдан 7,9 доллардан таза табыс түскен еді.

Табыстылықтың төмендеуі аясында әуе көліктерін жасаушылар мен оны пайдаланушылар әрбір жолаушыдан келетін шығынды барынша азайтуға, табысты мейлінше арттыруға тырысып, жарысқа түсуде.

Мысалы, The Sun жазуынша, Ryanair авиакомпаниясы Boeing авиақұрастырушы концернімен келіссөздер жүргізуде. Соның нәтижесінде, лоукостерлерде тұрып ұшатын жолаушыларға арналған бөлік пайда болады. Аяғы талып, не турбуленттілікте жаппай құламауы үшін адамдар арнайы тік қалқанға белбеулермен бекітіледі.

Идея қарапайым, осы арқылы қатарлар арасындағы алшақтық қысқартылады, біраз креслодан арылған көліктің конструкциясы жеңілдейді. Демек, жолаушылар сиымдылығы күрт артады.

Тағы бір "инновацияны" осы аптада Airbus жариялады. Оның ұшақтарында қос деңгейлі орындықтар пайда болуы мүмкін. Мұндай жағдайда артқы жолаушылар алдыңғы жолаушылардан биік, төбесінде отырады. Алдындағы жолаушылардың креслосы болса, олардың аяғының астына кіріктіріледі.

Америкалық ақпарат құралдары бұл схемада әсіресе, төменгі "ярустағы" адамдарға қиын болатынын, оларға артқы қатардағылардың аяғынан және алдыңғы қатардағылардың артынан шығатын иіс-қоңыспен тыныстауға тура келетінін жазады. Жалғыз артықшылығы бар, төменгі деңгейдегілер алдыңғы қатардың астындағы бос кеңістікке аяғын еркін созып ұйықтай алады.

Жобаның прототипін сынақтан өткізген CNN журналистері төменгі деңгейдегі креслоға жайғасқанда өздерін жабық кеңістікке қамалғандай жайсыз сезінгенін айтты, әйтсе де, аяқтарға арналған кеңістіктің ұлғайтылуы бұл жағымсыз сезімді біршама жұмсартыпты.

Қосдеңгейлі креслолар концепциясы коммерциялық ұшақтарға, соның ішінде бірінші кезекте лоукостерлерге арналған. Мұндай жағдайда креслолардың жоғарғы жағындағы жүк сөрелерін азайтуға не оны мүлдем алып тастауға тура келеді.

Airbus корпорациясы енді өз авиалайнерлерін осылай жабдықтау мүмкіндігін пысықтауға кірісті. Бірнеше жыл бұрын жолаушыларды салонда бірдей емес, әртүрлі деңгейде – жоғары-төмен орналастыру концептін Chaise Longue авиациялық стартапы ұсынған екен. Оның идеяларына Airbus инженерлері енді ден қойып жатыр.

Chaise Longue бас директоры және дизайнері Алехандро Нуньеса Висентенің айтуынша, жолаушыларды ұшақ ішінде "шахматты" тәртіппен орналастыру арқасында төменгі деңгейдегі жолаушылар аяғын созып, еркін отыра алады.

Жоғарғы деңгейдегілер аяғын алға қозғай алмайды, кеңістігі шектелген. Есесіне олар креслосының арқалығын қалағанынша кері шалқайта алады. Төменгі деңгейдегілердің креслолары шалқаймайды, арт жақтағы экран орнатылатын қабырғалықпен "қатырылған".

Бірақ америкалық әлеуметтік желі пайдаланушылар жаңа концептті қатаң сынады және әуе тасымалдаушыларының салонға барынша көп жолаушыны сығылыстыра сиғызуды бірінші орынға қойғанын атап өтті.

Мұны жоққа шығармаған Chaise Longue басшысы Алехандро Висенте бірнеше концепция дайындалғанын, олардың әрқайсысы ұшақ ішіндегі кеңістікті оңтайландыруға бағытталғанын мәлімдеді.

Пайдакүнем авиакомпаниялар әрбір жолаушыдан өндіріп алатын табысты арттыру үшін өзге де қулыққа баруда. Мысалы, олар дөңгелегі бар кішкентай чемодандарды қолжүгі ретінде қабылдамай, қосымша ақы төлеуге мәжбүрлей бастады.

Бірінші болып, мұндай тәжірибені 2024 жылдың соңында америкалық United Airlines енгізді. Ол "тролли" аталатын, яғни, дөңгелегі бар кішкене чемодан атаулыны, соның ішінде балалардыкін де борт ішіне алып өту үшін эконом-кластың арнайы билетін сатып алуды талап етеді. Яғни, сондай қолжүгі бары авиабилетінде жазылады. Тиісінше, билет құны қымбатырақ болады.

Бұған қоса, басқа сөмкелерді, мысалы, үлкен рюкзакты немесе ноутбукты алып кіру үшін 35 доллар қосымша ақы төлеуге тура келеді.

Бұл практиканы ізінше, 2025 жылдың қаңтарында Air Canada және басқа әуе компаниялары іліп әкетті.

Кесірлі тәжірибе АҚШ, Канада, Мексика, Орталық Америка, Кариб елдеріне сапарлайтын әуе көліктеріне қолданыла бастады. Оларда тек медициналық қобдишалар, балалар арбасы төлемнен босатылды. Қампайған жолдорба үшін 25-36 доллар төлем талап етіледі.

Өз кезегінде Испания 5 бюджеттік авиакомпанияға – Ryanair, EasyJet, Vueling, Volotea, Norwegian Air-ге тұтынушылар құқығын бұзғаны үшін 179 миллион еуро айыппұл салды. Бұған лоукостерлердің әрбір ұсақ-түйек үшін, соның ішінде әуежайда билет сатып алғанда қолма-қол ақшамен төлегенде майда бергені, жолаушының қолжүгін ішке алып өткені, балалары бар отбасылардың ыңғайлырақ орынды таңдағаны, тіпті отырғызу талонын әуежайда басып шығарғаны және басқасы үшін клиенттерден қосымша ақы талап етуі себеп болды.

Ең үлкен айыппұлды – 107,8 миллион еуроны ирландиялық Ryanair арқалады. Бұған жауап ретінде Ryanair басшысы бұдан былай Испанияда билеттерге төмен баға белгілей алмайтынын мәлімдеп, доқ көрсетті. Ол Еуропадағы ең ірі лоукостер және жолаушылар тасымалы көлемі бойынша әлемде екінші орында тұр. Қолжүгі үшін қосымша ақы талап ету тәжірибесін бірінші болып қолдана бастаған авиакомпанияның қатарында.

Жол берген бұзушылығының салмақтылығына қарай Vueling – 39,3 млн, EasyJet – 29,1 млн, Norwegian Air – 1,6 млн, Volotea – 1,2 млн еуро айыппұл төлейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу