Агроөнеркәсіп: Шаруа тірлігі шатқаяқтап тұр

603

Кез келген мемлекетте азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілу үшін агроөнеркәсіп ілгері басқаны жөн.

Агроөнеркәсіп: Шаруа тірлігі шатқаяқтап тұр Фото: canva.com

Дегенмен бұл саланың еліміздегі ахуалы айтарлықтай жақсы емес. Субсидия, несие беруден бастап, өнімді экспорттауға дейінгі сатыларда кедергілер бар. Нәтижесінде, диқандар мен шаруалардың жолы бөгеліп, ел экономикасына жарытымды үлес қоса алмауда.

Несиеде кем-кетік бар

Осыған дейін Үкімет агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын қабылдағаны есте. Соның арқасында агроөнеркәсіп өнімінің экспорты 2 есеге артып, ауыл халқының тұрмысы жақсарады деп күтілген. Міне, жоба аяқталуға жақын, бірақ сала аса оңала қоймады. Мемлекет қолдауына қарап отыр десек жасырын емес. Себебі саладағы қаржының 70 пайызын мемлекет бөлген.

Мысалы, 2021 жылы 471,9 млрд теңге бөлінсе, 2022 жылы 414,1 млрд теңге, 2023 жылы 485,6 млрд теңге қарастырылған екен. Ал 2024-2025 жылдарды қоса алғанда жұмсалатын қаражат 1,33 трлн теңгеден аспақ.

Жалпы, жобаны ұлттық деңгейде жүзеге асыру мақсатында ел қазынасынан бес жыл бойы 2,7 трлн-нан астам теңге қарастырылған.

Бұдан кейін "мемлекет қаржысына тәуелді саланы қолдаудың қандай қажеттілігі бар?" деген сауал туады.

Дегенмен Қазақстан фермерлері қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Әкпар Мәуленов үкімет қолдауынсыз саланың кез келген елде алға жылжуы қиын екенін әңгімелеп берді.

– Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде қалыптасқан бір жағдай – ауыл шаруашылығын жай шаруа мен диқанның есебінен дамыту мүмкін емес. Сондықтан бұл сала кез келген елде биліктің қолдауымен аяққа тұрады. Бөлінген қаржы көбінде уақытында аударылмай, жеткілікті мөлшерде келмей жатады. Мәселен, биыл агроөнеркәсіпті қаржыландыруға 580 млрд теңге бөлінді. Бірақ тиісті ақша шаруаларға тым кешігіп жетті, 140 млрд теңгесі жыл басында түсті де, қалғаны жазға қалды. Диқандар ертерек қамдануы керек, көктемде егін салып, үздіксіз баптауға тиіс. Ал қаржы жазда түсіп тұрса өнімге не пайда? Негізі елдегі шаруаларды қамту үшін 580 млрд теңге жеткіліксіз, кемі 1 трлн теңге деңгейіне жеткізу қажет.

Ал ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға қосымша 100 млрд теңге бөлінді. Шарты жақсы, жылдық мөлшерлемесі – 6 пайыз, алғашқы жарна төлемейді. Несиені 1 жыл үзілістен кейін ғана өтеп бастайды. Алайда осы қаржы да жаздың ортасында аударылды. Сонда техникаға мұқтаж болып, несие рәсімдеп қойған шаруаның ісі жаз ортасына дейін тұралады.

Дегенмен билік келер жылы агроөнеркәсіпке бөлінетін қаржы мөлшерін 750 млрд теңгеге жеткізгелі отыр екен. Жауаптылар қаражат биыл желтоқсанда аударылатынын айтқан. Ал субсидия көлемі жеткіліксіз болып жатқаны онсыз да белгілі. Әр өңірде дау шығып, соңы ұзаққа созылады. Мұнда жемқорлық мәселесі бары анық көрінуде. Сондықтан мәселені салаға жауаптылар толықтай қайта қарастыру қажет.

Finprom дерегінше, биыл қаңтардан шілдеге дейін Қазақстанда ауыл, орман және балық шаруашылығына тартылған инвестициялар 407 млрд теңгені құрапты. Бірақ бұл ауыл шаруашылығы секторына салынған нақты капиталдық салымдардың 19,4%-ға қысқарғанын көрсеткен. Яғни, агроөнеркәсіп кешеніне тартылатын инвестицияның азайып жатыр. Тартылған инвестицияның басым бөлігі осы саланың айналасында жүргендер есебінен, яғни, сыртқы көздерден мүлде қызығушылық жоқ.

– Негізі бізде ауыл шаруашылығына инвестиция тарту – тәуекелге, қаржылық тұрғыда қауіпке толы іс. Бір ғана ауа райының қолайсыздығын айтсақ жеткілікті. Аяқ асты құрғақшылық болса, немесе жауын-шашын артық түсіп, кері әсер етсе, еккен егін, төккен тердің ақталарына ешкім кепілдік бермейді. Менің ойымша, инвестициялардың басым бөлігін қайта өңдеу саласы жағына қарай бұрған жөн. Мысалы, бидайдан крахмал, спирт тәрізді бірнеше өнім шығады. Малдың терісін, жүнін өңдеп, пайданы еселеуге болады. Көрдіңіз бе, инвестицияны қайта өңдеу саласына қажетті технологияларды сатып алуға, инновацияларды жетілдіруге жұмсаған жөн, – деп топшылады Мәуленов.

Экспортқа тыйым салмаған абзал

Биыл еліміз астыққа кенелді десек жаңылыспаймыз. Диқандар 26,5 млн тонна астық жинап, ел тарихындағы жақсы көрсеткіштердің бірін тіркеді. Дегенмен Қазақстан артық астықты экспортқа шығару ісінде қиыншылықтарға тап болып жатқанын бұған дейін айтқан едік. Соның салдарынан артылған астық бекерге шіріп жатыр.

Қош делік, дегенмен еліміздің кей кезде диқандарға басқа да өнімдерін экспортқа шығаруына тыйым салып тастайтын сәттері бар. Ал ішкі нарыққа арзан бағамен кеткен өнім еңбекті ақтамайды. Бұның жөнді саясат емес екенін Әкпар Мәуленов те растап отыр.

– Үкімет шаруалар мен диқандардың саудасына араласпау керек. Кей жылдары елімізде қырыққабаттың, пияздың экспортына шектеу қойған уақыттар болды. Нәтижесінде сол өнімдердің біразын бекерге шірітіп алдық, еңбек далаға кетті. Шетелдік зауыттар жақсы баға беріп тұр ма, шектеусіз алып барсын. Немесе елдегі зауыттар жақсы баға ұсына ма, әкеліп берсін. Қиындататын ештеңесі жоқ, тек саудасының жолын мүлде жаппасын. Әйтпесе экспорттық шектеулер шаруаларға тек қана кері әсерін тигізіп жатыр, – дейді маман.

Елдегі ауыл шаруашылығы техникаларының 80 пайыздан астамы тозып үлгергенін бұған дейін талай жаздық. Яғни, әрбір 10 техниканың 8-іне 15 жылдан асып кеткен. Абырой болғанда қазір елдегі шаруашылық өкілдері лизинг арқылы техниканың 3 пайызын жаңартуға мүмкіндік алды. Дегенмен сарапшылар мұның кем дегенде 10 пайыз шегінде болғаны жөн деп санайды.

Шаруалар шетелдік жақсы техникаларға қол жеткізе алмайды, бағасы тым қымбат, сатып алған күннің өзінде алғашқы тіркеу мен утильалымға тағы шығындалады.

Ал мақтауын асырған отандық компанияларда шыққан техникалардың өзі қысқа аралықта 1,5-2 еседей қымбаттап үлгерді. Шаруаларға субсидия берілген сайын отандық өндірушілер де бағаны көтеріп, еш кедергісіз ойына келген құнды белгілеуде. Сондықтан отандық өндірушілерге құзырлы органдар тарапынан бақылау керек болып тұр.

Қалай алғанда да сала заңнамалық, тәжірибе тұрғысынан қайта зерделеуді қажет етеді. Шамасы, мемлекет берген қолдау шын шаруаларға толығымен жетпеуде. Жемқорлықтың бір салқыны агроөнеркәсіп қаржысынан соғатындай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу