Аи-92-нің бағасы нешеге барып тоқтайды?

8252

Бұған дейін айтылған болжамдар расталып, жанармай құю стансаларындағы Аи-92 бензинінің бағасы күн сайын біртіндеп өсіп барады. Тіпті кейбір жекелеген стансаларда литріне 159-161 теңге сұрап отыр. 

Аи-92-нің бағасы нешеге барып тоқтайды? Фото: inbusiness.kz

Әзірге Атырау, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласындағы жанармай стансаларында бензин бағасы өзге өңірлерге қарағанда арзандау. Мұны аталмыш өңірлерге бензин жеткізудің шығындары аз болуымен түсіндіруге болады.

Қашанғы бұлай жалғаспақ? Көлік тізгіндеген көпшіліктің көкейінде қазір осындай сұрақ жүр. Бұған дейін де айтқан болатынбыз. Бензин бағасы әлі де қымбаттауы мүмкін. Олай деуімізге негіз жеткілікті. Тіпті біздің есебіміз бойынша, бір литрі 175-180 теңгеге дейін баруы ғажап емес. Әрине, әр өңірдің ерекшелігіне байланысты сәл құбылу байқалуы мүмкін. Бірақ өзге өңірлердегі өсім басқаларына да әсер етпей қоймайды.

Баға өсіп жатыр деген сөз жалпы бензиннің біздің елдегі құны қымбат дегенді білдірмесе керек. Бұған дейін көрші елдердегі бағамен салыстырып, талдау да жасаған болатынбыз. Сол салыстырулардың қорытындысы бойынша, Аи-92- нің бағасы литріне 175 теңге болғанның өзінде аймақтағы ең арзан бензин Қазақстанда болады деген тоқтамға келгенбіз. Бұл әлем бойынша ең арзан бензииннің бірі біздің елде сатылады деген сөз. Бірақ ішкі нарық әркез әлемдік статистикамен өмір сүрмейді ғой. Оның өз шындығы, өз ережелері бар. Бұл мысалдан бензиннің әділетті бағасы қанша болуы мүмкін екенін көруге болады.

Соңғы кезде Ресейде бензин тапшылығы болуы мүмкін деген әңгіме жиі айтылып жүр. Яғни, Ресей бензин экспортын шектеуі ықтимал. Бұл әзірге Ресейдің өзі ішіндегі бағаның артуына түрткі болуда. Наруыздың басынан бері Ресей Үкіметі ішкі нарықтағы бензин бағасын тұрақтандыру мәселесін мұнай кәсіпорындарымен бірге талқылап жатыр. Бұл жерде мынаны ескеру керек. Ресей нарығында бағаны ұстаудың тетігі біршама әділетті принциппен жұмыс істейді деуге болады. Яғни, мұнай өңдеушіге ішкі нарық, экспорт бағасы мен өндеу шығынының айырмашылығы бюджет өтеп береді. Егер экспорт бағасы ішкі нарықтағы бағадан төмен болса, өндіруші бюджетке айырмашылығын төлейді. Ал экспорт бағасы ішкі бағадан жоғары болса, бюджет өндірушіге айырмашылығын төлейді.

Қазақстанда мұндай тетік жоқ. Сондықтан отандық өндірушілер нарық шартына қарай икемделуге мәжбүр. Қазір Ресейде бір литр бензин бағасы біздің валютамен 245-250 теңге болып тұр. Яғни, қазақстандық бензин ресейліктер үшін арзан. Қазақстан нарығындағы бензиннің бәрі Ресейге кетпеу үшін біздегі баға 200-205 теңгенің төңірегінде болуы керек. Бұл қазақстандық бензиннің Ресейге "ағатын" жолдарын жабар еді. Қазақстанның қолында өз бензинімізді өз нарығымызда ұстап тұрудың тағы бір жолы бар. Ол -  әкімшілік шара. Нақты айтсақ, бензинді көлік багынан басқа ыдыспен алып шығуға тыйым салу тетігі. 2019 жылы мемлекет осындай шараны қолданған. Бұл әрине нарық ережесіне қайшы. Бірақ әсері пәрменді.

Жанармай қымбаттаса, тіршілікке қажет тауар мен бұйымдардың бәрі қымбаттайды деген уәж де жиі айтылып жүр. Оның қаншалықты негізді екенін түсіну үшін 2018 жылға шегініс жасап көрейік. Бұл жылы бензин бағасы 163 теңге болып тұрды. Содан бастап бүгінге дейін баға тек арзандап отырды. Арада үш жылдай уақыт өтті. Бензин бағасы өзге тауарлардың бағасына тікелей әсер ететіні шындық болса, дүкен сөрлеріндегі бағаның бәрі осы 3 жылда арзандай бреуі керек еді ғой. Өкінішке қарай, ондай оң тенденцияны көрген жоқпыз. Керіснше, бензин арзандаған сайын, өзге тауардың бәрі қымбаттай берді. Осыдан-ақ бензин бағасының өзге тауар бағаларына тікелей әсер ететіні туралы болжам мен байбаламның дұрыс емес екенін көруге болады.

Қорытып айтсақ, елдегі өндірушілер үшін бензиннің бір литрі 200-205 теңге болғаны әділетті. Бірақ бағаның әлеуметтік мәні деген бар. Аи-92 бензині құбылған сайын тұтынушылардың көңіл күйі де құбылатынын бұған дейінгі өзгерістер көрсетті. Яғни, өндірушіге қолайлы баға тұтынушыға жақпайды, тұтынушыға қолайлы баға өндірушіге жақпайды. Осы екі шектің ортасынан ұстағаннан басқа жөнді амал жоқ әзірше.

Ерлан Жаукин

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу