Әйелдер көп бала табуы үшін бір бөлмелі пәтерлерді салмау ұсынылды

3637

Идея авторларының пікірінше, бұл демографияны жақсартуға ықпал етеді.

Әйелдер көп бала табуы үшін бір бөлмелі пәтерлерді салмау ұсынылды Фото: canva.com

Бірден айта кетелік, мұндай жобаны Ресейдің депутаттары ілгерілетіп жатыр. Дегенмен, солтүстік көршідегі біраз идея Қазақстанда да жүзеге асырылғанын ескерсек, зерделеу артық болмайды, деп жазады inbusiness.kz сайтының тілшісі.

РФ Федерация Кеңесі (Сенат) бала тууды арттыру үшін бір бөлмелі пәтерлердің құрылысынан біртіндеп бас тартуды және мұндай шағын баспананың нарықтағы сатылымын шектеуді ұсынды. Сонда ресейлік депутаттардың пікірінше, көп бөлмелі пәтерлерде тұратын азаматтар отбасын үлкейтуге ұмтылады, немесе бірнеше отбасыға ұйлығысып тұруға тура келеді. Мұндай таңдау берілсе, тұрғындар біріншісін көбірек таңдауы мүмкін.

"Бала тууды арттыруға қатысты биліктің идеялары барған сайын төтенше, тосын, экстравагантты бола түсуде. Мысалы, бүгінде Ресейде чайлдфри "қозғалысына" тыйым салу қарастырылуда. Ол тыйым сонда қалай орындалады? Чайлдфри идеясын ұстанушылар қалай анықталады? Гинеколог өз қабылдауына кірген қыз-келіншектерден: "Балаңыз бар ма?" деп сұрар. "Жоқ" десе, "Кешіріңіз, онда мен сіз туралы құзырлы органдарға хабарлауға мәжбүрмін" дей ме? Пысықталып жатқан тағы бір идеяға сәйкес, жұмыс берушілер өз қызметкерлерінің бала тууын қадағалауға міндеттелмек. Бұған енді ресейліктер үлкен отбасымен өмір сүруі үшін бір бөлмелі пәтерлерді ("однушки") сатуды шектеу қосылады", – деп жазады "Москвич" журналының сарапшысы Николай Спиридонов.

Заң шығарушы органда талқыланып жатқан бұл бастаманың мән-жайын оның авторы, РФ Федерация кеңесінің Федеративтік құрылым, өңірлік саясат және жергілікті өзін-өзі басқару комитеті төрағасының орынбасары Анатолий Широков түсіндіріп берді.

Оның байламынша, бұл шара отбасылардың құрылуына және елдегі демографиялық жағдайдың жақсаруына көмектеседі. РФ парламенті тиісті заң жобасын қабылдаса, онда құрылыс компаниялары бір бөлмелі пәтерлерді мейлінше аз салуға не мүлдем салмауға міндеттеледі. Бірақ нақты нормативтер әзірге белгіленбепті.  

"Бір бөлмелі пәтер онда отбасының тұруын қарастырмайды. Мұндай баспана отбасының өмір сүруіне және бала тууға бейімделмеген. Тіпті некедегі немесе некесіз жұп онда сәбилі болғанымен, ары қарай өніп-өсуге ынталанбайды. Оларды көпбалалы болуға итермелеу, қажет болса, мәжбүрлеу үшін бір бөлмелі пәтерлер санын кеміту не мүлдем тыйым салу қажет. Бір бөлмелісі – тек мемлекеттік, муниципалдық тұрғын үй қоры ("маневренный фонд") болады, белгілі бір уақыттан соң жастарды одан қуып шыққан жөн. Бүкіл РФ бойынша жаңа баспананың құрылыс нормалары өзгертілуге тиіс деген сенімдеміз. Оның аясында жаңадан тұрғызылатын пәтерлердің ең төменгі ауданын белгілеу керек. Мәскеу қаласында бұл бастама енгізілді", – деді Анатолий Широков.

Шынында, таяуда РФ астанасы Мәскеуде кішкентай пәтерлерді қолданысқа беруге тыйым салынды. Қала басшысының тиісті қаулысы "КонсультантПлюс" платформасында жарияланды және 2024 жылғы 1 тамыздан бастап күшіне енді.

Ол бойынша енді бір бөлмелі пәтерлердің ауданы 28 шаршы метрден, ал, екі бөлмелісі – 44 шаршы метрден төмен бола алмайды. Бұған дейін 17 шаршы метрлік баспана да қолданысқа енгізіліп келген. Бұл ауданға балкон, лоджия, терраса, жылытылмайтын суық қойма-кладовка, пәтер жанындағы тамбурлар қосылмайды. Тыйым бұрын қолданысқа берілген, қайталама нарықтағы тұрғын үйге және қазіргі кезде салыну сатысындағы жобаларға таралмайды.

Алайда, сенаторлардың бастамасы қаталдығы жөнінен Мәскеу мэрі Сергей Собяниннің бұл тыйымынан да асып түспек.

"Біздің бастамамызға сәйкес, бір бөлмелі пәтер салу шектеледі. Сондай-ақ тұрғызылатын баспананың сапалық сипаттамалары да түзетуге ұшырайды. Мұның бәрі жергілікті емес, федералдық нормативтік актілерде міндетті түрде бекітілуге тиіс. Үш және одан көп бөлмелі пәтерлердің жалпы үлесі біртіндеп артуы шарт. Бұл талап тұрғын үй кешендерінің эксиздерін, жобаларын мемлекеттік сараптамадан өткізіп бекіткенде ескеріледі. Осылайша, тұрғын үйдің іргетасы қаланғанда-ақ көп балалы отбасылардың қолайлылығы үшін мүмкіндіктердің негізі қаланады", – деді сенатор Широков.  

Дегенмен, журналистерге пікір білдірген мәскеулік риэлторлар ел астанасында да, миллиондық мегаполистерде де бір бөлмелі пәтерлер мен студиялар ең көп сұранысқа ие екенін жеткізді. Бұған кейбір санаттарын қоспағанда, халықтың әл-ауқатының төмендеуі және баспана бағасының қымбаттауы түрткі болып отырған көрінеді. Үш бөлмелі және одан жоғарысы сауда түгіл, арендалық нарықта да көбіне бос тұрады. Өйткені үлкен пәтерлердің айлық жалдау ақысы ғана емес, коммуналдық төлемі (тұрғын үй-эксплуатациялық шығындары) тым жоғары болады.

Демография мәселелерін зерттеп жүрген әлеуметтанушы, дәрігер Асхат Досмұхамбетов мұндай бастамалардың пайдасынан зияны көптігін айтады.

"Пәтердің шағын болуы бала табуды кейінге қалдыруға себеп болып жатады. Бірақ бір бөлмелі пәтерлерге тыйым салып, отбасы институтын нығайтуға, немесе бала тууды өсіруге болмайды. Кез келген қалада бір бөлмелі баспана таба алмаса, жас мамандар тұрақтамай, кетіп қалуы мүмкін. Өйткені даңғарадай екі-үш бөлмелі пәтерді ұстап тұру шығыстарын жалғызбасты маман немесе отбасылық жас жұп көтере алмайды. Құрылыс компанияларын бір бөлмелі пәтер салуды шектеуге мәжбүрлегенше, керісінше, жас отбасылардың көп бөлмелі баспана алуын қолдап, бір-екі пайыздық арзан ипотека беріп ынталандыру қажет", – деді сарапшы.

Оның айтуынша, ресейлік сенатор айтып отырған идея жаңа емес. Ұқсас бастамалар кеңес заманында қолданылды. Онда 17 шаршы метрдей ғана болатын, құрқылтайдың ұясындай ғана бір бөлмелі пәтерлер тек жаңа отау құрғандарға, жас мамандарға уақытша негізде берілетін. Олар ары қарай отбасы мүшелерінің санын арттырып, көп бөлмелі тұрғын үйге көшуге тиіс болатын.

"Сөйтпесе, баласыз не шағын отбасылы мамандар бірінші кезекте қияндағы мекендерге, солтүстік аймақтарға ауыстырылатын. Көпбалалы отбасыларды солай қоныс аудартуға бейресми шектеу болды. КСРО-да бойдақ салығы да енгізілді. Мұндай бастамалар орасан зор нәтиже берді деу қиын. Мысалы, Екінші Дүниежүзілік соғыста Кеңес одағы ең көп тұрғыны және жауынгері мерт болған мемлекетке айналды: ресми мәлімет бойынша 26,6 миллион, кейбір деректерде 44 миллион тұрғыны және әскериі өлген. Соғыстан кейінгі, 1959 жылғы тұңғыш халық санағының қорытындысында КСРО-да 208,8 миллион адам ғана қалғаны белгілі болды. Ал, 1989 жылғы соңғы халық санағы бұл одақ тұрғындарының саны 286,7 миллионға жеткенін ғана паш етті", – деді А.Досмұхамбетов.

"Росстаттың" (РФ статорганы) хабарлауынша, Ресейде бала туу көрсеткіші тіпті 90-шы жылдардан да төмен құлады. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 599,6 мың бала өмірге келген. Бұл былтырғыдан 16,6 мың балаға аз.

Салыстырсақ, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Өзбекстанда 421 880 бала туылған. Яғни, бұлай құлдырай берсе, 140 миллиондай халқы ғана қалған Ресейге қарағанда 37,3 миллиондай халқы бар Өзбекстанда көбірек бала туылатын болады.

Ресейде 2023 жыл – ел тарихында бала туудың 1999 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіші тіркелген жыл ретінде қалды. Алайда 2024 жылы өткен жылдың антирекорды бұзылды: көрсеткіш 90-шы жылдардағыдан төмен құлдырады. Енді солтүстік көршіде ай сайын 100 мыңнан аз бала дүние есігін ашады.

Әлеуметтанушылар РФ-та бала туу көрсеткіші бұрын ешқашан 100 мыңнан кем болмағанын айтады. 2024 жылдың тамызында көрсеткіш тағы 6% кеміді: Ресейде 98,6 мың бала туылды.

Бұдан бөлек, 2024 жылдың алғашқы алты айында Ресейде өлім-жітім өскен: 321,5 ресейлік жан тапсырды. Бұл былтырғы ұқсас кезеңдегіден 49 мың адамға көп. Оның үстіне Кремль және РФ Қорғаныс министрлігі Украинаға қарсы соғыста қанша адам өлгенін жасырады, олардың дерегі құпияландырылған. Тиісінше, статистикашылар есепке ала алмайды. Егер болашақта Қырым мен Донбасс (Луганск, Донецк облыстары) тұрғындарымен бірге Украинаға қайтып жатса, РФ халқының саны тағы күрт кемімек.

Ресейдің азайған тұрғылықты халқының орнын мигранттар толтыруда: олардың саны жыл басынан 20,1% артқан екен.

Ресми ашық статистиканың өзі үрейлі болғандықтан, МемДуманың отбасыны қорғау комитетінің басшысы Нина Останина "арнайы демографиялық операция" (специальная демографическая операция) бастауды ұсынды. Оның шаралары мен тетіктері елде бала тууды ынталандыруға жұмылдырылуға тиіс көрінеді.

Ресейде бала туу деңгейі 2015 жылдан бері тоқтаусыз құлдырап келеді. Кремль президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың аузымен "бала туу деңгейінің төмендеуін" апат деп атады және демографиялық көрсеткішті қалпына келтіру "Ресейдің басты басымдықтарының бірі болатынын" мәлімдеді.

Солтүстік көрші демографиясын жақсарту үшін түрлі айла-шарғыға баруда. Мысалы, кейбір субъектілерінде бірінші баласын университетте оқып жүріп туған қыздарға 1 миллион рубль төленеді.

Сондай-ақ, кезінде, 2018 жылы Ульяновск қаласының әкімшілігі бастамашы болған жоба өзге өңірлеріне тарады және "Ресей күніне патриотты ту!" деп аталады. Оған сәйкес, "12 маусым – Ресей күні" мерекесінде сәбилі болғандарға теледидар, кіржуғыш, тоңазытқыш сияқты түрлі сыйлық, тіпті көлік сыйға тартылуы мүмкін. Мәлімделгендей, 12 маусымда тууы үшін аналар шамамен 12 қыркүйекте бала көтеруі керек. Сол себепті, бұл күн ел арасында әзіл ретінде "Ұрықтандыру күні – день зачатия" деп аталады. Бірақ баланың дәл сол күні, немесе ерте-кеш туатыны Жаратқанға белгілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу