Ақеспедегі ыстық бұлақ туристік аймаққа айналады

15297

Туристік аймаққа айналса бұл жер экотуризм мен экомедицинасы дамыған, әлеуметтің саулығын нығайтатын орын болмақ.   

Ақеспедегі ыстық бұлақ туристік аймаққа айналады

Арал теңізінің төскейіндегі Ақеспе деген ауылда жер астынан ыстық су атқылап жатыр. 1986 жылдан бері шығып жатқан бұлақты жергілікті билік енді туристік аймаққа айналдырмақ.

Кейбір ел тақыр даланың өзіне турист тартып отыр. Айталық, арабтың суылдаған құмына шетелдің әр қиырынан адам баруға құмар. Соның арқасында қазынаға қаржы құйылып жатыр. Алтай мен Атырау арасында атырапта саяхатшы барар орын көп. Тек инфраструктурасын жасап берсеніз болғаны.

Ақеспе ауылының маңынан мың метрден астам тереңдіктен шығып жатқан судың ыстықтығы 60 градустан кем емес. Басындағы жадынамасында тері, буын, жүйке ауруларына, салқын тигенде пайдалы деп көрсетілген.

Қазірдің өзінде жолдың жайсыздығына қарамастан жаздың күндері 1500-ге жуық азамат келетін көрінеді. Туристік аймаққа айналса бұл жер экотуризм мен экомедицинасы дамыған, әлеуметтің саулығын нығайтатын орын болмақ. 

Ел сөзіне сенсек судың емдік қасиеті бар. Атап айтқанда аяқ, қолы сырқыраған талай жан ыстық судан айығыпты. Биыл облысқа 45 мыңдай турист тарту жоспарланғандықтан бұлақтың айналасына инфрақұрылым тарту мәселесі пысықталып жатыр.

"Бұл жерге ең бірінші туризм тарту мақсатында инфраструктура әкелуіміз керек және келетін қонақтарға қолайлы жағдай жасау. Осыған орай облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан тарапынан 6 шақырымды құрайтын жолдың құжаттарын жасап жатырмыз. Одан бөлек біз қазір жарық және ауыз суды тарту мақсатында жұмыстар жасап жатырмыз", – деді аудан әкімі Мұхтар Оразбаев.

Тұрғындардың айтуынша, бұлақтың айналасындағы батпақтың емдік қасиеті бар.

"Одан бөлек жел-құзды алып түсер жал-жал құмының да қасиеті бар деп жатыр халық. Бұл жерді туризмді дамыту шараларын мемлекет атқарса, бюджетке мол табыс түседі, кәсіпкер айналысса, пайданың астына қалады", – дейді аудан тұрғыны Ерлан Молдабаев.   

Аудан әкімі қырбеткейге жасаған сапарында осы елді-мекендегі Қосаман бас су тоғанының №1 су көтеру насос станциясының жұмысымен танысты. Былтыр насосты станция күрделі жөндеуден өткен.

"Осы жер асты суын Арал, Қазалы ауданының 134 мыңға жуық тұрғыны пайдаланады. Қосаман ұңғылары мен насос станциясына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бес скважина қайтадан бұрғыланып іске қосылды. Сонымен бірге 15 скважина қайта жөндеуден өтіп іске қосылды. Осы жерден 2013 жылы қос ауданды үздіксіз сумен қамтамасыз ету мақсатында су құбыры жүргізілген. Бірақ алғашқы құбырдан қаржы мәселесіне байланысты диаметрі кішірейілді. Соған байланысты қазіргі уақытта жаз айларында аяқ су мәселесі екі ауданда да толық шешілмегендіктен тұрғындарды жаз айларында ауыз сумен қамтамасыз ету қиынға соғып отыр. Сондықтан бізге қазіргі уақытта 2-ші линия су құбыры магистралды су құбырын жүргізу керек", – дейді "Арал-Сарбұлақ топтық су құбыры" өндірістік бөлімшесінің басшысы Ислам Қаппаров.

Былтыр ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Сексеуіл кентінде 300 орындық мектептің іргетасы қаланды. Өйткені теміржолдың үстімен күнделікті 360-тан аса бала 13 рельсті кесіп өтіп мектепке қатынап жүрген еді. Көп тілегімен аталған нысанның құрылысы бүгінде толықтай аяқталып, жақында ел игілігіне берілмек.

Сексеуілде салынып жатқан әлеуметтік нысанның тағы бірі 40 төсектік аурухана. Құрылысы бірнеше жылға өтпелі болған ғимарат биыл іске қосылады деген жоспар бар. Ал Қарақұм ауылдық округі аудандағы ең іргелі елді-мекеннің бірі саналады. Халық саны 2000-нан асады. Былтыр ауыл халқы үшін талай жыл арман болған асфальттың құрылысы басталып кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Қарақұм ауылының үстімен Сексеуіл, Жезқазған теміржолы салынды. Алайда жерілікті жұрт оған мініп түсудің машақат екенін айтады.

 "Бізде мынау шағын ғана вокзал бар, енді осының жолаушылар мінетін жерінде ешқандай мүмкіндік жоқ. Тырмысып, бір адамды бір адам көтеріп жүргеніміз. Осындай қиыншылықтарымыз бар енді", - дейді  ауыл тұрғыны Иманбай Әйтімов.

Өз кезегінде аудан әкімі тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің барлығы назардан тыс қалмайтынын айтып, тиісті жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу