Халық қос қолын көтеріп қолдайтын заң биылдан қалмай қабылданатын сияқты

Халықаралық Kaspersky Lab компаниясының былтыр жүргізген сауалнамасындағы сұмдық статистикалық деректер дабыл қағуға толық жетерлік болып отыр.

Халық қос қолын көтеріп қолдайтын заң биылдан қалмай қабылданатын сияқты Фото: Мәжіліс

Балалар үшін әлеуметтік желіне шектеу бәрі қолдайтын, бірақ барлығы бірдей жүзеге асыра алмайтын шешім секілді көрінеді, деп жазады inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Бүгінгі тақырыбымыз жасөспірімдер мен жастарды әлеуметтік желіден шектеу, телефонға телмірген балаларға бақылау жасау мәселесіне бағытталмақ.

Бұған дейін халық қалаулысы Жарқынбек Амантайұлы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға және Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа жолдаған депсауалында бірқатар адам сенгісіз ақпаратпен бөліскен еді.

Оның сөзінше, әрбір бесінші ата-ана өз баласының әлеуметтік желілердегі парақшасында қандай ақпарат жариялағанынан бейхабар. Сондықтан да, олардың 62 пайызы перзенттерінің уақытын бақылау үшін ешқандай шектеу қоймайды. Бұл дегеніңіз – нағыз ойлантарлық жағдай.

– Әлеуметтік желінің рухани-мәдени зиян-залалын қазірдің өзінде сезініп отырмыз. Халықаралық Kaspersky Lab компаниясы өткен жылы жүргізген сауалнамаға назар аударсақ, санаға салмақ түсіріп, көңiлге мұң әкеледi. Оның деректеріне сүйенсек, Қазақстандағы балалардың 88%-ында жеке смартфон бар. Ал оның 28%-ы барлық бос уақытын гаджетте өткізетіні белгілі болды. Жасөспірімдердің 74 пайызы – TikTok-ты, 59 пайызы – YouTube-ты, 57 пайызы Instagram-ды белсенді пайдаланады. 4-6 жас аралығындағы балалардың 17 пайызы интернет арқылы сатып алулар жасайды. Бұл ата-аналарға қаржылық шығын келтіріп ғана қоймай, бала үшін де қауіп төндіретіні айтпасақ та түсінікті, – дейді Ж.Амантайұлы.

Шыны керек, телефонның зардабы, әлеуметтік желінің зияны барынша айтылып-ақ, жазылып-ақ жатыр. Смартфонның бала денсаулығына кері әсерін тізбектейтіндер де өз баласына тосқауыл қоя алмай отырған сыңайлы. "Олай емес" дейін десең, статистикалық деректер көп нәрсені айғақтап тұр.

Әлеуметтік желілерден пайдалы контентті де табуға болады. Оған дау жоқ. Бұл жерде басты мәселе – кішкентай балалардың телефон ұстаса тыныштала қалуы, жасөспірімдердің "ауру ошағынан" бір елі ажырамауы.

Бұл жайт ақын Жанарбек Әшімжанды да бейжай қалдырмайды. Ол "Адамзат баласын отырғызып-тұрғызған осы құбылыстардың әсері – әсірелесек, атом бомбасынан кем болмай тұр" деп пікірін ашық айтып отыр.

– Әлеуметтік желілер өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Пайдалы жағы да жоқ емес. Алайда, ұлттық тәрбие мен дәстүр-салтымыздың уықтарын талқандап, ақыл тоқтатпаған, жақсы мен жаманды әлі толық ажыратып үлгірмеген балалар мен жасөспірімдерді меңдуана жегендей меңіреу әлемге бастап бара жатқан жағдайдың алдын алмасақ опық жейміз. Бұл ретте, балалар мен жасөспірімдер арасында TikTok кеңінен танымал. Соңғы 2 жылда 14,1 миллион қазақстандық тіркеліпті. Бұл желінің негізгі тұтынушылары да – сол бесіктен белі шықпаған балалар мен жастар. Онда пайдалы контенттен гөрі, жастарға теріс әсер ететін зиянды ақпараттар өріп жүр. Құмар ойындарын жарнамалау, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, боқауыз сөздер, порнография, суицидке шақыру, діни уағыздардың оңды-солды таралуы, буллинг, тыйым салынған заттардың жарнамасы секілді теріс әрекеттерге шақыратын лас ақпараттар осы ТикТок арқылы таралуда. Жасөспірімдердің ТикТок-тан көргенін қайталап, жағымсыз қылық пен әдепсіз іске үйір болып бара жатқаны да жасырын емес. Мәселен, "Мысық серуені" деп аталатын челленджді мыңдаған жас қайталаса, оған қатысушылар подиум моделіндей көшеде өтіп бара жатқан адамдардың алдында жүруі тиіс. Мән-мағынасы жоқ челлендждің қаралымы 500 миллионнан асқан, – деп күйінішін білдіреді ол.

Бұған дейін сенатор Нұртөре Жүсіптің "бұрын балалаларды "тәк-тәкпен" тәрбиелейтін едік, қазір TikTok-пен тәрбиелеп жатырмыз" деген сөзі сәтті шығып, қоғамда кеңінен тараған еді.

Негізінен, XXI ғасыр "пандемиясының" емі соншалықты қиын емес. Ол үшін міндетті түрде балаға бақылау, белгілі-бір мөлшерде шектеу керек.

Қазіргі уақытта Оңтүстік Корея, Канада секілді елдер ондаған сауықтыру орталығын ашып, заманауи гаджеттерге тәуелділерді емдеуді бастап кетті. Оның арасында балалардың көптігі алаңдатады.

Әлеуметтік желіге Қытай, АҚШ, Оңтүстік Корея, Франция, Австралия, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия және тағы басқа елдер тыйым салып, елдің болашағы үшін барынша шаралар қабылдап, іс-әрекет етіп жатыр.

Мысалы, Қытайда 2023 жылы кәмелетке толмағандардың мобильді құрылғыларды қолдануын реттейтін заң жобасы ұсынылған. Яғни, балалар кешкі 22:00-ден таңғы 6:00-ге дейін смартфондарды пайдалана алмайды. Франция үкіметі 15 жасқа дейінгі оқушылар үшін мектептерде телефон ұстауға тыйым салып, заңнамалық деңгейде реттеуге тырысты.

Алысқа бармай-ақ көрші елдердің практикасына бір тоқталсақ. Әлемжелінің ең танымалы саналатын TikTok-қа шектеу қою немесе ондағы контентке бақылауды күшейтуді Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстан да қолға алды. Қазір бұл кеселден келетін зардапты "құрықтау" оңайға соқпайтынын бәрі біледі. Сондықтан, халық қос қолын көтеріп қолдайтын заң биылдан қалмай қабылданатын да сияқты.

Әрине, қалтафонның құлы болған ұрпақтың нендей қауіпке душар болғанын санап тауыса алмаймыз. Осы орайда, бір ғана деректі мысалға алып көрейік. Қазір жер-жаһанда көзі көрмейтін ұрпақ күрт көбейген. Офтальмолог дәрігерлер мұны растайды. Бұл – әлгі смартфоннан келген зиян-зардаптың адам баласының бетіне шығып, анық көрініп тұрғаны ғана. Әйтпесе, сананы улап, сан-саққа жүгірткен "цифрлық аутизм" атты термин нағыз аждаһаға айналып, рухани апатқа әкеліп соғуда.

Бұған дейін де inbusiness.kz тілшісі Qazbilim group компаниясы басқарма төрағасы, ұстаз Аятжан Ахметжанұлын әңгімеге тартып, оқушыларды телефоннан тию турасындағы пікірін білген еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу