Бұл кездесу адамзат тарихындағы ең маңызды оқиғалардың бірі саналуы ғажап емес. Өйткені АҚШ Иранның ядролық келісімге келгенін қалап отыр. Егер Тегеран бұған келіспесе, қарсы тарап "үлкен қауіп төндіретінін" айтып, бір бүлікті бастауға беттеуде. Кезекті жауласудың соңы қалай аяқталуы мүмкін?
Иран келіссөз өткізуге амалсыз келісті
7 сәуірде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Ақ үйдегі жиыннан соң журналистерге "Иранмен келіссөз басталды" деп мәлімдеген еді. Көп өтпей Ақ үй басшысы Трамп та 12 сәуірде "өте маңызды тікелей, іс жүзіндегі жоғары кездесу" өтеді деп жоспарланғанын айтты.
Жалпы, Трамп Иранды қорқытудан шаршамай отыр, "үлкен қауіп төнеді" деп тағы қайталады. Келіссөзге келуге әскери күш арқылы жол салмақ. Барлығы Иранның ядролық қаруға қатысты көзқарасына байланысты болып отыр. АҚШ Израильмен бірге бұл елде қуатты қару болғанын қаламайды.
Осы ақпараттардан кейін Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Тегеран мен Вашингтон арасында жоспарланған келіссөз туралы растап, кездесу Оманда өтетінін хабарлады. Ол бұл датаны "әрі мүмкіндік, әрі сынақ" деп атаған. Және доп "Американың алаңында" дегенді қосыпты.
Бұған дейін Иран басшылығы АҚШ әкімшілігімен тікелей келіссөзден бас тартып, тек жанама диалогқа дайын екенін көрсетіп келген. Иран президенті Масуд Пезешкианның айтуынша, Тегеран Трамптың хатына Оман арқылы жауап берген. Бұл ретте Құрама Штаттар тарапынан шабуылдан қауіптенген Иранның рухани жетекшісі аятолла Әли Хаменеи елдің қарулы күштерін жоғары дайындыққа шақырып үлгерді.
Жалпы, Трамп Иранды келіссөзге қайта-қайта түйреп, иектеп отырып келтірді десек артық емес. Кейінгі 1 айда ол Иранның ядролық бағдарламасы бойынша бірнеше мәлімдеме жасады. Барлығы да қорқыту сарынында.
7 наурызда Трамп Иранның көсемі аятолла Хаменеиге хат жазғанын айтты. Батыстық БАҚ хаттың мәтінін жариялап, онда Трамптың Иранға ядролық бағдарлама бойынша ұсыныс айтқанын және келісімге шақырғанын жазды. Өз кезегінде Иран Трамптың хатына жауап бергенін мәлімдеп, тікелей келіссөзден бас тарта отырып, үшінші елдер арқылы келісім өткізуге дайынбыз деген. Сонымен бірге АҚШ-ты "сес көрсету саясатынан бас тартуға шақырды".
Ал 30 наурызда Трамп Иран билігіне тағы үндеу тастап, "егер олар келісім жасаспаса, бомбалау болады. Ондай бомбалауды Иран бұрын-соңды көрмеген!" деді. Бірақ Иран билігі АҚШ-тың болуы ықтимал шабуылын тойтаруға дайын екенін айтты. Тегеран "аймақтағы АҚШ-тың әскери базаларын және Израильді жүздеген зымыранмен атқылауға мәжбүр боламыз" деп қарсылық көрсеткен.
Дегенмен көп ұзамай Иран жібігендей сыңай көрсетті, мәселенің келісіммен шешілуін қалайтынын аңғартты. Мысалы Тегеран Оман арқылы Трампқа жауап хат жіберіп, Оман аумағында келіссөзге әзір болатынын жеткізген.
Алпауыт ел армиясын қамдап отыр
Жалпы, сарапшылар 2024 жыл Иран үшін өте сәтсіз болғанын айтуда. Біріншіден, Сирияда Иранның басты одақтасы болған Башар Асад режимі құлады. Екіншіден, Ливанда Иранның негізгі проксиі саналатын "Хезболла" Израильмен тікелей қақтығысқа түсіп, ауыр соққы алды. Кейін Ливанда президент сайлауы өтіп, генерал Жозеф Аун 2025 жылдың 9 қаңтарында ел тізгінін өз қолына алды.
Ол Иранмен тығыз әріптестікті қолдамайды, "Хезболланың" еркінсінуіне қарсы және Батыспен, антитегерандық көзқарастағы араб елдерімен тығыз байланыс орнатуды қалайтын тұлға. Үшіншіден, Иран мен Израиль 2024 жылы бір-біріне екі мәрте тікелей соққы жасап, зымыран және дронмен соққы алмасты. Соңғы шабуылда Иранның әуе қорғаныс жүйелері біршама істен шықты.
Саяси тақырыптар жөнінде жаңалық тарататын Paranoia.kz Telegram арнасының авторы Асхат Қасенғалидың айтуынша, Трамп билікке келе сала бірден антиирандық көзқарасын ашық көрсеткен.
Иранға салынған санкцияларды күшейту қажеттілігін айтып, "Байден әкімшілігі Иранға салынған санкцияларды айналып өтуге жол берді" деп айыптаған. 4 ақпанда Трамп Иранның мұнай саласына салынған санкцияларды күшейтіп, Иранның қаржылық секторына жаңа шектеулер қойды.
– АҚШ аймақтағы Иранның тағы бір проксиі саналатын Йемендегі Ансар-Аллаға (хуситтер) соққы жасауды бастады. 16 наурызда басталған операция әлі жалғасуда. АҚШ ұшақтары күніне орта есеппен Йемен аумағына 40 соққы жасауда. Негізгі нысана ретінде хуситтердің әскери қоймалары, жанармай қоймалары, порттар, әскери штаб соққы астында қалуда. АҚШ Таяу Шығыстағы әскери әлеуетін күшейтуде. Таяу Шығыста АҚШ-тың USS Harry Truman ұшақтасушысы тұр. Оған жақын күндері Carl Vinson ұшақ тасушысы қосылды. Бұл – үлкен күш. АҚШ аймаққа A-10 Thunderbolt II шабуылдаушы ұшақтарының тобын жеткізді. Үнді мұхитындағы Диего-Гарсия аралына АҚШ-тың B-2A Spirit стратегиялық стелс бомбалаушы ұшақтары келіп қонды. Бұл Йемендегі операциядан бөлек, Иранға жасалған қысым екені анық, – дейді сарапшы Асхат Қасенғали.
Осы тұста саясаттанушы "келісім жасалмай, дипломатияның есігі тарс жабылса не болмақ?" деген сұрақтың жауабын қарастырған. Ондай сәтте Вашингтон Израильмен бірлесе отырып Иранның ядролық нысандарына шабуыл жасауы мүмкін. Израиль ұшақтары 1981 жылы 7 маусымда Ирактың ядролық нысандарын толық жойды. Ол тарихта "Опера" операциясы аталды.
Бұдан соң 2007 жылы 6 қыркүйекте Израильдің F-16 және F-15 ұшақтары Сирияның Дейр-эз-Зор аумағына кіріп, салынып жатқан ядролық реакторға соққы жасады. Ол тарихқа "Жемісті бақша" операциясы деп енді.
Ендігі кезек Израиль билігі Иранның ядролық нысандарына соққы жасауды ұзақ жылдар бойы ойластыруда. Алайда АҚШ билігі ол шешімге қарсылық көрсетумен келген. Дегенмен екінші мәрте президенттік тізгінді өз қолына ұстаған Трамп осы жолы Израильдің шешімін қолдауға ниетті секілді. Ал Иран үшін шешім қабылдау уақыты тарылып келеді.
Егер 12 сәуірде тараптар бір келісімге келе алмаса, алдағы екі-үш айдың ішінде Таяу Шығыста үлкен қақтығыс болуы мүмкін. АҚШ-тың қазіргі әзірлігі мен Трамптың батыл үндеулеріне қарасақ осыған сайып келеді.