Ақтөбеде ең ірі жел электр станциясының құрылысы басталды

8515

Қуаты 115 МВт болатын жел-электр станциясының капсуласын қалау рәсіміне ERG Директорлары кеңесінің төрағасы мен мүшелері Александр Машкевич, Патох Шодиев пен Шухрат Ибрагимов және облыс әкімі Оңдасын Оразалиндер қатысты.

Ақтөбеде ең ірі жел электр станциясының құрылысы басталды

ERG компаниясы Ақтөбе облысындағы ең қуатты жел электр станциясының құрылысын бастады. 

Жаңа нысан Ақтөбе облысының Хромтау ауданында бой көтереді. Таңдаудың Хромтауға түсуі де тектен-тек емес. Өйткені 40 мыңнан астам тұрғыны бар ауданның көбісі Дөң тау-кен байыту комбинатында жұмыс істейді.

Жел-электр станциясына келсек, жоспар бойынша 2024 жылы толық іске қосылады. Ол үшін 150 Га аумақ жерде жел генераторының паркі бой көтереді. Станцияның әлеуеті мол. Біріншіден, ауаға таралатын көмірқышқыл газы мөлшері азаяды. Ал қуатты турбиналар жергілікті ауа райына бейімделген. Желден үздіксіз қуат алады. Толық қуатына жеткенде, комбинаттың энергия тұтыну мөлшері де 80 МВт-қа дейін артуы мүмкін деген есеп бар. Өндіріс артқан сайын ол энергия жүйесіне салмақ болатыны – сөзсіз. Ал жаңа станцияның іске қосылуымен ол Дөң тау-кен байыту комбинатының ғана емес, Ақтөбе облысындағы іргелес өндірістік кәсіпорындарды да қуатпен қамти алатын күйге жетеді. Бұл бір жағынан аймақтың қуат тапшылығы мәселесін толық  шешіп бергелі тұр. Сайып келгенде, бұл Батыс Қазақстанның шұғыл континенталды жағдайында қажетті көлемде қуат өндірілетініне кепіл бола алады.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылы Қазақстан көміртегі нейтралитетіне қол жеткізуі керек деді. Біз бұл бастаманы толық қолдаймыз.  Мен Дөң тау-кен байыту комбинатын жел электр қуатына көшіре отырып, біз ұтымды бастамаға нық қадам жасап отырғанымызға шын жүрегіммен сенемін. Кейін бұл сәтті кейсті ERG-дің өзге де кәсіпорындарында тыңғылықты қайталай аламыз деген үміт бар. Біздің жел электр станциясын салу тәжірибеміз Қазақстанның өзге де ірі кәсіпорындарына үлгі болса, түпкі ұмтылыс – көміртегіне бейтарап мемлекет болу мақсатына барынша жақындаймыз,  деді  ERG Директорлары кеңесінің төрағасы Александр Машкевич.

Жасыл экономикаға көшу – ERG үшін маңызды. Сондықтан жаңа жел-электр станциясы жобасын қолға алғанда экологиялық жағына да аса ден қойылған. Жаңа нысан көмірден қуат алуды азайтуға мүмкіндік береді. Яғни көмірқышқыл газының атмосфераға шығарындылары жылына 520 мың тоннаға дейін қысқарады. ERG экологиялық стратегияны негізге алып, СО2 шығарындыларын 2 млн тоннаға дейін азайтуды жоспарлап отыр. 2030 жылға қарай қатты шығарындылар көлемін  56%-ға, төкпелер көлемін – 30%-ға, су тұтыну мөлшерін  33%-ға төмендетпекші.

Қаржыландыруға келсек, ERG алғашқы жел электр станциясы жобасына шамамен 110 млрд теңге көлемінде инвестиция құйып жатыр. Құрылыс кезінде 300 адамға жаңа жұмыс орны ашылса, кейін іске қосылған соң, 30 адам тұрақты жұмыс істейтін болады.      

Тағы бір маңызды тұсы, Дөң тау-кен байыту комбинатында "Қазақстан Тәуелсіздігінің онжылдығы" шахтасының екінші кезеңі салынып жатыр. Ол хром кенінің өндіріс көлемін жылына 7,5 миллион тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Мұнда дәстүрлі өнімділігі төмен игеру тәсілдерін жаңасына алмастыру көзделген. "Қазақстан Тәуелсіздігінің онжылдығы" атындағы шахтаның 2-ші кезеңін іске қосу нәтижесінде 1 000 жұмыс орны ашылады. Инвестиция көлемі 877,6 млрд теңге.

Анықтама

Eurasian Resources Group (ERG) – табиғи ресурстарды өндіру мен өңдеу, энергетика, логистика және маркетинг салаларында толық біріктірілген, әлемдегі ең ірі әртараптандырылған компаниялардың бірі. Төрт құрлықта орналасқан 15 елде ERG-дің кәсіпорындары өз саласы бойынша ең ірі жұмыс берушілердің бірі саналады.

Бүгінде ERG жоғарыкөміртекті феррохром құрамындағы хром үлесі бойынша Еуразия кеңістігіндегі көшбасшы әрі темір кенін жеткізуші ірі компанияға айналды. Қазақстандағы жоғары маркалы алюминий өндіретін жалғыз кәсіпорын Топ құрамында. Сондай-ақ мыс пен кобальт жеткізуші ірі компаниялар қатарында.

ERG – Қазақстанның тау-кен, металлургия саласының үштен бірін құрайды. Сонымен қатар ERG – Орталық Азиядағы электр қуатын негізгі жеткізушілердің бірі және ірі темір жол операторы. Қазақстанда Еуразиялық Топ пен еліміз үшін аса маңызды кәсіпорындар орналасқан. Олар: Қазхром ТҰК, Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі (ССКӨБ), Қазақстан Алюминийі, Қазақстан электролиз зауыты (ҚЭЗ), Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы (ЕЭК), "Шұбаркөл көмір", "3-Энергоорталық" АҚ және "ТрансКом" Көлік тобы мен ERG Service.

Зада Зейін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу