Алаяқтар рәсімдеген онлайн кредиттерді кешіру қарастырылуда

5035

Жаңа қаулы қабылданса, алаяқтық жолмен несие рәсімдеу күрделенеді. 

Алаяқтар рәсімдеген онлайн кредиттерді кешіру қарастырылуда Фото: inbusiness.kz

Соңғы жылдары банк қызметкерлерінің атын жамылатын телефон алаяқтары құтырып кетті. Бұл ретте алаяқтар өз "афераларында" нөмірді алмастыру сервистерін қолданады. Яғни, азаматтарға шын мәнінде нақты бір банкке нақты бекітілген қысқа нөмірден қоңырау шалады. Салдарынан, қарапайым адамдар оған сеніп қалады.

Мысалы, Қазақстанда 2022 жыл қорытындысында құзырлы органдар алаяқтардың жалпы саны 34 миллион қоңырауын клиентке жеткізбей, жолай бұғаттап үлгерді. Соның ішінде биылғы жылдың басынан бері алаяқтардың 15 миллион қоңырауы әшкереленіп, бұғатталды.  

Осы мақсатта Ішкі істер министрлігі Цифрлық даму министрлігімен бірігіп, ұялы байланыс операторларының антифрод-жүйелерінің деректер базасын интеграциялады. Қабылданған техникалық шаралар халықаралық трафик арқылы қазақстандық абоненттік нөмірлерге өтетін фрод-қоңырауларды танып, бұғаттауға мүмкіндік береді.

Бірақ олар бұл тосқауылды да бұзып өтетін көрінеді. Соның кесірінен полицияға сол қылмыскерлердің құрығына түсіп қалған 3 600-ден астам адам шағыммен жүгінген.  

Ендеше бұл күрес кешенді жүргізілсе ғана тиімді болмақ. Яғни, банктер де, микроқаржы ұйымдары да алаяқтардың өз жүйелерін еркін пайдалануына жол беріп, қарап отырмауы, тегеурінді қарсы тұруы шарт. Өз кезегінде азаматтар да сауат ашып, алаяқтарға жем болмаудың жолын іздегені жөн. Мысалы, оларға смартфонына келіп түскен кодтарды бөгдеге хабарламауы шарт. "Банктен" телефон соқса, "ия", "жарайды", "келісемін" және басқа растаушы сөздерді қолданбағаны абзал. 

Антон Федорович бейғамдық танытып, алаяқтардың тұзағына түсіп қалғанын айтады. 

"Салдарынан алаяқтар менің атыма бір емес, бірден үш банкте бірнеше кредит рәсімдеп алыпты. Оның жалпы сомасы 10 миллион теңгеге жетті. Құқық қорғау органдарына өтініш жаздым. Бірақ полицияның ол қаражатты қайтара алмайтынын және ол несиелерді енді маған төлеуге тура келетінін ұғындым. Жалақым ай сайынғы төлемдерді төлеуге де жетпейді. Зайыбым болса, бүгінде жұмыссыз. Былтырғы 2022 жылы алаяқтар жетпістен асқан әкем Федордың атына да бір банкте 3 кредит рәсімдеп алған болатын. Оның мойнына 3 миллион теңге қарыз ілінді. Сонда отбасымыз қаражат жинап, берешекті толық өтей алған едік. Қазіргі кезде ондай мүмкіндік жоқ. Не істейтінімді білмеймін", – дейді Антон Федорович.

Кейде алаяқтар қарызды рәсімдеу процедураларын толығымен құрбанының өзіне орындатқызады. Мысалы, Шымкент қаласының полиция департаментінің тергеу басқармасы алаяқтың фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

"Маған 9999 нөмірінен банктің қызметкері хабарласты. Ол әлдебір алаяқтардың менің атыма 670 мың теңге сомаға кредит рәсімдеп алуға тырысып жатқанын мәлімдеді. Бұған жол бермеу және олардың алдын орап кету үшін өзіме онлайн өтініш беріп, дәл сол 670 мың теңге сомаға кредит рәсімдеуге, содан соң банкке барып, одан бас тартуға кеңес берді. Маған банктің ресми Call-орталығынан қоңырау шалып тұрған соң сендім, ұсынысын қабылдадым. 670 мың теңге несие түскен соң оны әлгі әйел жіберген телефон нөмірлеріне аудардым. Ол нөмірлердің бәрін полицияға шағымымда көрсеттім", – деді зардап шегуші ер адам Бақыт Ү.

Осындай оқиғалар көп. Осы орайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алаяқтармен күреске бағытталған жаңа шаралар қабылдауға кірісті. Бірақ онысы микронесиелерді қамтиды.

Осы мақсатта "Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру қағидаларын бекіту туралы" Ұлттық банк Басқармасының 2019 жылғы 28 қарашадағы №217 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" агенттіктің жаңа қаулысының жобасы әзірленді.

Құжаттың жаңалығы жетерлік. Біріншіден, оған сәйкес, онлайн кредиттерді алу үшін клиент аутентификациялаудың-бірдейлендірудің кемінде екі әдісінен өтуге, соның ішінде биометриялық сәйкестендіруден өтуге міндетті болады.

"Микрокредитті алаяқтық жолмен ресімдеу мүмкіндігін төмендету мақсатында клиенттің аутентификация әдістерін кеңейту қажет. Сондай-ақ, электрондық құжаттың дұрыстығы мен қарыз алушыға тиесілігін растау және тиісінше алаяқтық жолмен ресімделген микрокредит сомасын бөгде тұлғалардың шоттарына аудару мүмкіндігін болдырмау үшін қосымша қорғау шарасын енгізу қажет", – деп түсіндірді Қаржы нарығын реттеу агенттігі.

Екіншіден, жаңа қаулы жобасына сәйкес, "Микрокредит беру құпиясын құрайтын ақпаратқа рұқсатсыз қол жеткізу, оны рұқсатсыз өзгерту, үшінші тұлғалар тарапынан рұқсатсыз әрекеттерді не микрокредиттермен өзге де заңсыз, алаяқтық әрекеттерді жүзеге асыру анықталған жағдайда, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым 2 жұмыс күні ішінде осындай әрекеттердің себептері мен салдарын жою үшін шаралар қабылдайды".

Сондай-ақ осы туралы клиентке және уәкілетті органға 1 жұмыс күні ішінде хабарлайды.

Егер алаяқ өз құрбанына кредит рәсімдеп қойса ше?

Мұндай жағдайда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын қызметкер микроқаржы ұйымына зардап шеккен адамға қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою бойынша шаралар қабылдау туралы ұсыным енгізеді. Немесе МҚҰ-ның қарыз алушысын Қылмыстық-процестік кодексінің 71-бабына сәйкес "зардап шегуші" деп тану туралы қаулы енгізуі керек.

Сонда микроқаржы ұйымы ұсынымды не қаулыны алған күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей, келесі шараларды қабылдауға тиіс:

  • мұндай микрокредит бойынша сыйақы есептеуді тоқтата тұрады;
  • микрокредит бойынша берешекті өндіріп алуды доғарады, сотқа талап-арыз беру жұмысын тоқтатады;
  • клиенттің микрокредит бойынша берешегі бар деген ақпаратты кредиттік бюроларға жіберуді тоқтата тұрады;
  • микрокредитке сыйақы есептеуді, берешекті өндіріп алуды және клиент үстінен талап-арыз беру жұмысын тоқтата тұру туралы жазбаша хабарлама жібереді

Мұның бәрі уақытша шаралар. Алданған адамға маңыздысы – алаяқтық жолмен алынған кредиттің толық жойылғаны. Сондықтан кредитті кешіру тетігі болады. Бірақ клиент ол несиені шын мәнінде өзі алмағанын, алаяқтарға жем болғанын сотта растауға міндетті.

Егер клиенттің микрокредит алмағаны туралы фактісін растайтын сот шешімі заңды күшіне енсе, онда соның негізінде микроқаржы ұйымы 15 жұмыс күні ішінде:

  • клиенттің осы микрокредит бойынша берешегін есептен шығару туралы шешім қабылдайды;
  • осы микрокредит бойынша енді ешқандай берешектің жоқтығы туралы ақпаратты жіберу арқылы клиенттің кредиттік бюролардағы кредиттік тарихына түзетулер енгізеді, тазалайды;
  • МҚҰ клиенттен осы микрокредит бойынша бұрын өндіріп алған немесе оның өзі дербес, ерікті түрде өтеген берешек сомаларын клиентке қайтарады.

Қаржы нарығын реттеу агенттігінің түсіндіруінше, бүгінде микрокредиттерді алаяқтық жолмен рәсімдеу көкейкесті мәселеге айналды. Агенттікке тасқындап түсіп жатқан шағымдарды талдау оның ішінде адал азаматтардың атына рәсімделген жалған берешектің көптігін, оны реттеу – маңызды проблема екенін көрсетті.

"Айта кету керек, кінәлі адамдарды әшкерелеу және тұлғасын анықтау қосымша, ұзақ уақытты қажет етеді. Салдарынан осы уақытта мерзімі өткен берешек ұлғаяды. Сондай-ақ осы кезеңде қарыз алушыдан мерзімі өткен берешекті өндіріп алу, сол үшін төлем талаптарын қою, коллекторлық агенттіктерді тарту және басқа жағымсыз салдарлар басталады. Мұның бәрі азаматтардың наразылығын тудырады", – деп мәлім етті қаржылық реттеуші.

Оның түсіндіруінше, микроқаржы ұйымдары микрокредиттер беру кезінде берешекті қайтармау тәуекелдерін өз мойнына қабылдайды. Демек, ол тәуекел артпауы үшін алаяқтарға тоспа құру шараларын солардың өзі де қабылдап, соған жол бермеуге тиісті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу