Сіз арқылы біреуге ақша аударуды сұрайтын таныстарыңыздан аулақ болыңыз!

5134

Қазақстанда құқық қорғау органдарының алаяқтармен күрестегі басты кемшіліктері аталды. 

Сіз арқылы біреуге ақша аударуды сұрайтын таныстарыңыздан аулақ болыңыз! Фото: Depositphotos.com

Бұған дейін Inbusiness.kz алаяқтардың үстінен қозғалған істердің артынша тоқтатылып жатқанын жазған болатын.

Мысалы, Алматыда аурухана мейірбикесі Күнсұлу алаяқтардың тұзағына аңдамай түсіп қалып, екі банкте 6 миллион теңгеден астам кредит рәсімдеген.

Бүгінде оның ісі бойынша ішкі істер органдары тергеу іс-қимылдарын доғарған. Қылмыскерлерді іздеп, құрықтау жүргізіліп жатпаған көрінеді. Банктер зардап шегушіні қарызын толық көлемде төлеттіру жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді.

ІІМ дерегінше, 2022 жылы алаяқтардың алдап-арбауымен банктерде несие рәсімдеп қойған қазақстандықтардан 5 814 шағым түскен. Олардың үстінен алаяқтар 6,6 миллиард теңге несие алған. Микроқаржы ұйымдарында 342 млн теңгеге тағы 619 кредит рәсімделген. Былтырғы 2023 жылы тек тіркелген шағымдардың саны – 6 246-ға, банктік несие сомасы – 7,5 миллиард теңгеге жетті. МҚҰ-ларда 255 миллион теңгеге 451 алаяқтық несие рәсімделіпті. Шағымданбай, үнсіз көніп, төлеп жүргені қаншама?

Бас прокурор Берік Асылов Мәжіліс депутаттарына жазбаша жауабында істердің тоқтатылуының себебін түсіндірді. Ол алдымен алаяқтықпен күрес үздіксіз жүргізіліп жатқанына сендірді.

"Бүгінгі күні 49 миллионнан астам қоңырау, оның ішінде ауыстырылатын нөмірлерден шалынған қоңыраулар бұғатталды. Ұлттық банк базасында жақын арада Антифрод-орталық іске қосылады деп күтілуде. Бұған қоса Қазақстан Еуропа Кеңесінен компьютерлік қылмыстар туралы Будапешт конвенциясына қосылуға шақыру алды. Сонымен қатар халықтың қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, сериалдар мен бейнероликтер түсірілуде", – деді Бас прокурор.

Интернет-алаяқтық фактілері бойынша 2024 жыл басталғалы, барлығы 8 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелді. Оның 50%-ы кредит рəсімдеумен байланысты.

Берік Асыловтың айтуынша, осындай барлық дерлік істерде сенгіш азаматтар кибералаяқтардың ықпалымен онлайн қарыздарды өздері рəсімдеген болып шығады. Немесе, олар жіберген сілтемелермен өтіп, есепшотқа қашықтан қол жеткізудің əртүрлі бағдарламаларын жүктеп алады. Сөйтіп, алаяқтықтың жасалуына өздері септеседі. Алаяқтардың әлдекімнің ұялы телефонын ұрлап алып, соның үстінен, сыртынан онлайн несие рәсімдеу фактілері кездеседі.

Бас прокурордың мәліметінше, негізінен, алдыңғы екі санаттағы істер бойынша қылмыс жасаған адамдар анықталмағандықтан, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жиі тоқтатылады.

Берік Асылов кредит рәсімдеуге қатысты қылмыстарды ашудың төмен болуының негізгі себептерін атады. Біріншіден, интернет-алаяқтық трансшекаралық сипатқа ие: аферистер көрші мемлекеттерде отырып, сол жақтан əрекет етеді, Қазақстан аумағына келмесе ұстау қиын.

Екіншіден, алаяқтарға қарау ниеттерін жүзеге асыруға жергілікті тұлғалар – "дропперлер" көмектеседі. Бас прокурор ұзақ жылдар бойы ұлттық заңнамада дропперлер үшін жауапкершілік болмағанын еске салды. Жағдай енді ғана өзгеруде. Азаматтық кодекстің 953-бабына сəйкес, алаяқтардан зардап шегушілерге ақшаны "дропперлерден" азаматтық тəртіппен, яғни, азаматтық іс аясындағы сот үкімімен өндіріп алудың оң практикасы қолданылды. Жоғарғы сот бұл əрекеттерді заңды деп таныды.

Бас прокурор алаяқтардың дропперлердің банк карталарын, интернет-банкингтерін пайдаланатынын жəне дропперлерді мекенжайларға бағыттайтынын айтты. Яғни, оларды ақша таситын курьер ретінде де қолданады.

Үшіншіден, Берік Асыловтың байламынша, мұндай қылмыстардың ашылуының төмендігіне алаяқтық схемалар мен əдістердің үнемі жетілдіріліп отыруы да ықпал етеді. Мысалы, қаскөйлер бұл схемаларға жасанды интеллектіні пайдалана бастады. Жасанды зерде белгілі бір адамның дауысын дәл беріп, соның атынан сөйлесе алады.

Төртіншіден, кері ықпал ететін үлкен бір фактор – заңнамалық кемшіліктер.

"Бұдан өзге, алаяқтар интернет арқылы, бақыланбайтын SIP-телефония мен СИМ-бокс құрылғыларын пайдаланады. Қазақстандық абоненттік нөмірлерді – СИМ-карталарды жəне азаматтардың жеке деректерін кедергісіз сатып алады. Бұл елдегі цифрлық қауіпсіздік жүйесінің әлсіздігін көрсетеді", – деді Бас прокурор.

Бас прокуратура жағдайды талдай келе, көптеген заң бұзушылықтарды да әшкереледі. Атап айтқанда, құқық қорғау органдары тергеудің толықтығы мен жан-жақтылығын қамтамасыз етпей, 40 істі заңсыз тоқтатқан, 185 істі заңсыз үзген. Бұл шешімдердің күші жойылды. 229 іс бойынша саралауды төмендету анықталды.

Нəтижесінде, барлық бұзушылықтар бойынша 159 полиция қызметкері, оның ішінде 83 басшы, 18 прокуратура қызметкері тəртіптік жауапкершілікке тартылды.

Дроппер деген кім?

Бас прокуратура қазақстандықтарға бұдан былай "дропперлерді" қылмыстық және материалдық жаза күтетінін ескертті.

"Соңғы кездері көбінесе, жастар мен зейнеткерлер оңай табыс табамын деп, қасақана, мақсатты түрде немесе келеңсіз салдары болатынын толық түсінбей, алаяқтық схемаларға тартылуда. Олар алаяқтар ұрлаған қаражатты ары қарай шетелге шығарып әкету немесе транзиттеу үшін өз аттарынан банк карталары мен шот-фактураларды ашып береді. Аталған схемаға қатысатын және ұрланған ақшаны манипуляциялау тізбегінде делдалдық қызмет көрсететін адамды "дроппер" деп атайды. Мұндай адамдардың жауапкершілігі күмәнсіз және ондай әрекеттер қылмыстық, материалдық жазаға әкеп соғады. Алаяқтыққа қасақана қатысқаны үшін жауапкершілік Қылмыстық кодекстің 28, 190-баптарына сәйкес туындайды және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді", – деп қаперге салды Бас прокуратура.

Материалдық жазаға келетін болсақ, қазірдің өзінде Азаматтық кодекстің 953-бабы бойынша қолма-қол ақшаның толық сомасын дропперлерден өндіріп алу фактілері тіркелуде.

Бір мысал: Т. деген азамат сотқа жүгініп, алаяқтар алып кеткен 20 миллион теңгеден астам соманы соларға банктік есепшоты арқылы көмектескен қазақстандықтардан – дропперлерден өндіруді талап етті. Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен Т-ның талап-арызы қанағаттандырылған.

Сот анықтағандай, алаяқтар Т.-ны алдап, жаңылыстыра отырып, 20 миллионды төрт қазақстандықтың есепшоттары мен карталарына аударттырған. Соңғылары, өз кезегінде, шоттарына түскен ақшаны бұрын қол жеткізілген келісім бойынша ары қарай белгісіз тұлғаларға аудара қойған. Дроппер рөлін атқарған қазақстандықтар сотта оның қылмыстық жолмен табылған қаражат екенін толық түсінбегенін, білмегенін айтып, ақталды. Бірақ бұл оларды жазадан құтқармады.

Сот дропперге айналған азаматтардың "ақшаны алу негіздерін анықтау шараларын қолданбағанын және оны басқа тұлғаларға аударғанын" ескере отырып, бұл әрекеттерді өзгенің мүлкіне өз қалауы бойынша билік ету деп таныды. Сондықтан оларды алған негізсіз сыйақыны зардап шегушіге қайтаруға міндеттеді. Қаражат олардан мәжбүрлі түрде өндіріп алынады.

Осыған орай, Бас прокуратура азаматтардың назарын "алаяқтыққа қатысуға жол берілмейтіндігіне және алаяқтықтың кез келген түрлеріне қатысқаны үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығына" аударды.

Өз кезегінде, сарапшылар қазақстандықтарға банктік есепшотына бөтеннен қомақты қаражат келіп түссе, сақтық танытуға шақырады. Артынша әлдебір адам хабарласып, "ақшаны оған шатасып аударып қойғанын" айтып, кері қайтаруды, басқа есепшотқа аудара қоюды сұрауы мүмкін. Мұндай схеманы әдетте алаяқтар қолданады. Аңқаулық танытып, түскен соманы ұсынылған шотқа аударған адамдар дропперге айналғанын аңдамай қалады. Сондықтан белгісіз қайнар-көзден қаражат түссе, бөгде біреу оны қайтаруды сұраса, айтқанын орындамауға асықпай, банкке хабарласқан жөн.

Ішкі істер органдары мамандарының айтуынша, бүгінде алаяқтар бұл қылмыстық бизнеске студенттерді белсенді тартып жатыр.

"Қарау әрекеттерін іске асыру үшін ғаламторды пайдаланып, хабарландыру беріп, жергілікті дропперлерді іздейді. Дропперлер алданған адамдардан түскен ақшалар легін басқа елде отырған алаяққа аударады. Жастардың кейбірі алаяқтық схемаларға қатысқандар да жазаланатынын біле бермейді. Сондықтан СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері білім ошақтарының студенттерімен кездесіп, бейтаныс адамдар үшін банктік карта ашудың қауіпті екенін, күмәнді операцияларға есепшоттарын ұсынбау керектігін түсіндірді. Бұдан былай, азаматтық заңнамаға сәйкес, алаяқтардың барлық келтірген шығыны дропперден өндіріліп алынады", – деді СҚО ПД КПБ бастығы Иван Терзиди.

Ол тағы бір дропперлік схеманы атады. Қылмыстық жолмен табылған ақша есепшотқа түспейді. Алаяқтармен келіскен адам ол қаржыны қолма-қол күйде айтылған жерден алып кетеді. Ары қарай банкке барып, оны өз атынан шетелге аударады. Осылайша, интернет алаяқтар оңай жолмен ақша тапқысы келген жастарды, басқаны курьер ретінде пайдаланады. Бұл үшін де қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу