Әлеуметтік желілер саяси құралға айнала бастады

1801

Биыл маусымның басында Британиядағы сайлауалды науқанда үміткерлер қытайлық TikTok желісін белсенді пайдаланған болатын. Осылайша аталған елде 9 млн қолданушысы бар желінің әсері бары білінді. 

Әлеуметтік желілер саяси құралға айнала бастады Фото: marketer.ua

Үгіт-нәсихаттың жаңаша сипат алып, әлеуметтік желінің ықпалы дәстүрлі медианы ысырып бара жатқаны онсыз да белгілі жайт еді. Кейінгі он жылдықта белең алған бұл үрдіс алдағы кезеңде әлеуметтік желілер одан әрі саясилана түсетінін аңғартқандай.    

"Интернет-демократияның" жаңалығы

Жалпы, құбылыс бүгін басталған жоқ. Қазақ қоғамы әлеуметтік желілердің сырына қана қоймаған 2010 жылдардан-ақ әлемдегі саясаткерлер біраз дүниенің астарлы мәнін ерте ұғынған. Миллиардтаған қолданушысы бар кеңістіктер саясилана бастады. Мәселен, 2013 жылы саясаткерге айналған италиялық артист Беппе Гриллоның партиясы сайлауда ең көп дауыс алған жалғыз партия атанды. Ол сайлау кампаниясы үшін дәстүрлі медианы қолданбай, Facebook әлеуметтік желісін пайдаланған еді.

Сарапшылар саясаткер мен оның жақтастарын киберкеңістіктегі қауымдастыққа теңеп жүргенде "Бес жұлдыз қозғалысы" партиясы 25 пайыз дауыс жинап, қайран қалдырды. Дәстүрлі медианы қолданбай-ақ, Facebook пен Twitter-ге арқа сүйеудің пайдасы барын көпшілікке дәлелдеді.

Бұдан кейін Еуропадағы заң шығарушы органдар да әлеуметтік желілерде белсенді бола бастаған. Өз кезегінде азшылық топтар да мүдделерін қорғау мақсатында нәсихат жүргізіп, соның арқасында біршама жеңілдіктерге жетті де. Дәл осы кездерде әлеуметтік желілер "интернет-демократия" деген екінші атауын иеленді.

Әлеуметтік желілерді саяси науқандарға Араб елдері де белсенді пайдаланды. Осылайша үйреншікті саясат тәртібі бұзылды. Айтпақшы, 2013 жылдары авторитарлық елдердің саясаткерлері әлеуметтік желіде жаппай парақшаларын ашып, жеке өмірі жайлы жазып, жұртшылыққа жағымды көріне бастаған еді. Есесіне интернет-кеңістікке жақын бола түсу арқылы халықтың саяси көңіл-күйін бақылап, оппозиция өкілдерін тежеудің жолын тапты. Қарсы тараптар да үнін елге оңай жеткізуге мүмкіндік алды. Бір сөзбен айтқанда, желілер саяси тартыстың ортасына ұқсады.

Алпауыт АҚШ президенттері жаңа тәсілден қалыс болмаған. Бұрынғы басшысы Барак Обама Facebook-ті, кейінгінің алдындағы Дональд Трамп Twitter-ді (қазіргі X) белсенді қолданды. Көбіне көзқарастарын осы әлеуметтік желілер арқылы жеткізіп, жақтастарынан құралған үлкен аудиториясын қалыптастыра білді. Мысалы, 2021 жылы сайлаудан жеңілген Трамптың жақтастары Капитолийді басып алып, ойран салғаны бар. Бұл митингіні Дональд Трамп өзінің Twitter-дегі парақшасы арқылы басқарып отырды. Сол үшін аккаунты бұғатталды.

Халықтың саяси белсенділігі артуда

Кейінгі 5 жылдың шамасында Қазақстан саясаткерлері де әлеуметтік желіде жиі көзге шалынатынын байқау қиын емес. Қала, облыс әкімдерінен бастап, депутаттар, министрлердің көбі ашық диалогқа жақын екендерін аңғартқысы келгендей әсер қалдырады.

Елімізде интернет-кеңістіктің ықпалы мен қолданушысы аз емес.  Finprom.kz дерегінше, 2023 жылы қазақстандықтар Facebook, Instagram, Twitter желісін белсенді қолданған, ал жастар жағы TikTok-қа тереңдеген. Алғашқысының елде 4 млн-ға жуық тұрақты қолданушысы бар екен. Facebook әлемде де алдыңғы орында – 2,99 млрд адам тіркелген.

Қазір Қазақстан қоғамында резонанс тудырған оқиғалардың әлеуметтік желілерде талқылануы қалыпты жағдайға айналды. Әрідегі "Қаңтар оқиғасы", одан бергі жаңа заңдар, өзгерістер, биліктегі ауыс-түйіс назардан тыс қалмайды. Кез келген қолданушы пікір жазып, "интернет-демократияны" танытады. Кейде саяси мансапқа үмітті адамдар, қоғам белсенділері аудитория қалыптастыру мақсатында қоғамның қызығушылығын тудыруға талпынып жүргенін көреміз. Әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлы болса, аталған процестердің бәрін қалыпты жағдайға балайды, соның арқасында халықтың саяси белсенділігі оянуда.

– Биліктегі персона ауысқан сайын оның жаңа саясаты, жаңа ұрандары болады. Осының бәрі әлеуметтік белсенділікке, ар жағында саяси белсенділікке әкелетіні сөзсіз. Ал техника, технология даму нәтижесінде сол белсенділік виртуалды әлем жағына ауды. Ал ол жерде белсенді болу, пікір айту, біреудің пікіріне қарсы шығу, өз уәжіңді айту – норма. Қоғамда ешқашан біркелкі пікір болмайды. Әлеуметтік топтардың, саяси партиялардың, жеке тұлғалардың мүдделері әртүрлі болғаннан кейін поляризация үдейді. Әлеуметтік желілер бұрыннан бар поляризацияны одан әрмен айқындай бастады, текетірестерді, бір-біріне қарсылас позицияларды көбейтті, – дейді маман.

Сонымен, әлемде қарқын алған үрдістің бізде де қалыспай тұрғанын байқадық. Кейде "әлеуметтік желілер халық үшін демократияның алаңы болуда" деген пікірлерді естіп жатамыз. Бәлкім, шындығы бар. Ең бастысы саясаткерлер міндетін ұмытып, блогерлер секілді көпшілікке сөзі өтімді, қоғамдық пікірге ықпалы бар инфлюенсерге айналып кетпесе болғаны.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу